Қазақстан • 09 Қаңтар, 2018

Зейнетақы қорындағы қаржы қандай күйде?

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арагідік табан ақы, маң­дай теріңізбен тапқан табысы­ңыз­дан  ұсталатын міндетті төлем­дер­дің жағдайы туралы ақпарат алып тұру артықтық етпейді. Әсіресе еңбекақыңыздың он пай­ызын үз­бей құйып отырған жи­нақ­таушы зейнетақы жүйе­сі жайлы кез келген ақ­па­ратқа құлақ түріп жүрі­ңіз. 

Зейнетақы қорындағы қаржы қандай күйде?

Жақында Алматыда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ашық есік күнін өткізіп, зей­нет­ақы жарналарының жай-күйі­мен таныстырған еді. Ал біз осы ақ­паратқа өз тарапымыздан елі­міздегі зейнетақы төлеу жүйе­сін­де­гі кейбір ерекшеліктерді де қоса кет­кіміз келеді. Жалпы, еліміздегі жа­ңа сипаттағы зейнетақы жүйе­сі­нің дүниеге келген күні деп ­1998 жылдың 1 қаңтарын атауға әбден болады екен. Дәл осы кү­ні зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заң күшіне енген-тұ­ғын. Ел экономикасына тікелей әсе­рі бар зейнетақы саласының 3 тармағы қалыптасты: базалық жүйе, жинақтаушы жүйе және ынты­мақты жүйе. Бұл жер­дегі базалық зейнетақы жүйе­сі мем­лекеттік кепілді қамсыз­дан­ды­рудың негізгі көзі болып табы­лады. Сәл айшықтай кетсек, зей­нетақының бұл түрі 1998 жыл­дың 1 қаңтарына дейін зейнет­ақы алып келген барлық зейнет жасындағы адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалып, қайта есептеу арқылы еңбек өтілі мен әлеуметтік жәрдемақылардың қосы­луы негізінде үстемеленіп отырады және «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңның тоғызыншы бабына сәйкес зейнет жасына жеткен тұлғаларға, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шығарылған әскери қызметшілер мен құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлеріне де тағайындалады. Бүгінгі базалық зей­нетақы мөлшері 14466 теңге ша­масында. Ал зейнетақы төлеудің ын­тымақты жүйесі республикалық бюджеттен төленеді. Бұл санатқа 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап есеп­тегенде ерлер үшін 25 жыл, әйел­дер үшін 20 жыл міндетті жұ­мыс өтілі бар адамдар кіреді. Айт­пақшы, 2017 – әйел адамдардың 58 жаста зейнетке шығуының соңғы жылы. 2014 жылы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде тұжырымдама қабылданған болатын. Ол бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жасы кезең-кезеңмен артады. Яғ­ни зейнет жасын 63 жасқа дейін жет­кізу сатылап, он жыл ішінде жүр­гізіледі. Мысалы, әйелдердің зей­нет­керлікке шығуы 2018 жылдан 2028 жылға дейін жарты жылдан кө­те­ріліп отырады.

Ал жинақтаушы зейнетақы жүйе­сінің қалыптасуы ел тәуел­сіз­ді­гінің жемісті жылдарымен бір­ге қадам басып келеді. Бұл жүйе­нің дамуында бірнеше сындарлы кезеңдер болды. Бастапқыда же­ке жинақтаушы зейнетақы қор­лары құрылып, азаматтардың ең­бек жарнасын жинақтаумен ай­на­лысқаны белгілі. Соңғы 5 жыл­дың көлемінде Қазақстан жеке жи­нақ­таудан бас тартып, жауыннан кей­інгі саңырауқұлақтай қаптаған же­ке­меншік қорлардағы қаражатты Ұлт­тық банктің бақылауына беру ту­ралы шешімге тоқтады. Қазір атал­ған қаржы құрылымының қа­натының астында жұмыс істеп жат­қан «Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қоры» АҚ біздің бақытты қарт­тығымыздың кепілі болып са­налады.

Қазір осы қордың қоржынында біз бен сіздің табысымыздан ұста­ла­тын міндетті жарна жинақ­та­лып, қомақты қаражатты құрап жатыр. Зейнетақы қорының мәліметінше, былтырғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,58 трлн теңгені құ­рап, 2017 жылдың басынан бері 897 млрд тең­геге ұлғайған.  Яғни жыл басынан бергі өсім 13,4 пайызды құрады. Оның ішінде салымшылардың жеке зей­нетақы шоттарының саны 10,1 млн бірлікке жеткен. Ал 2017 жылдың басынан бері жаңа салымшылар үшін 345,5 шот ашылып, оларға он ай ішін­де 54,8 млн теңге зейнетақы жар­­налары аударылған екен. Демек, осы­н­ша адам жаңадан жұмысқа тұ­рып, тұрақты табыс табуға қол жет­кізді деген сөз.

Сонымен қатар есепті кезеңде зейнетақы шарттарының барлық түрі бойынша жарналардың жалпы сомасы  616,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жар­­налары есебінен 586,8 млрд тең­ге, міндетті кәсіптік зейнетақы жар­налары есебінен 29,3 млрд тең­ге және ерікті зейнетақы жарна­лары есе­бінен 365 млн теңге жинақ­тал­ған. Оқырманға қызық болуы тиіс, біз төлейтін зейнетақы жарналары тү­сімдерінің орташа айлық кө­лемі 61,65 млрд теңге екен. Ал жар­на­лар­дың орташа айлық саны  5,5 млн жарна төлеушіге жеткен. Бұл  зей­нет­ақы шоттарына күніне шамамен 274 мың адамның атынан жарна түседі деген сөз.

Енді осы жарналардың қалай жұ­мыс істеп, қайда жұмсалып жат­қа­ны жайлы бірер сөз. 2017 жылдың ба­сын­ан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 457,7 млрд теңгеден асыпты. Біз сенім артқан осы қордағы зейнетақы активтерінің табыс табу мүмкіндігі 6,62 пайыз шамасында болып отыр. Бұл осы кезең ішіндегі инфляцияны қоса алғандағы табыс, ал инфляция көлемі 5,4 пайызды құраған екен. Демек қордың бағалы қағаздар нарығы мен басқа да сауда-саттыққа салған қаражаты туралы күмән жоқ. Бұл Ұлттық банк тарапынан зей­нетақы жүйесіне бағытталған ре­форманың жемісі екені даусыз. Болмаса, азаматтардың жарнасы есебінен күмәнді активтерді сатып алу оқиғасын ұмыта қойған жоқпыз. Осы «Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қоры» АҚ-тың қаржысына Әзербайжанның ха­лық­аралық банкінің 70 млрд тең­геден астам сомадағы облигацияларын негізсіз сатып алу фактісі анықталған еді...

Айтпақшы, жинақтаушы жүйе бойынша жаппай зейнетақы төлеу үдерісі 2026 жылы басталатын бола­ды. Демек сол кезеңнен бастап тә­уелсіз Қазақстанның дамуына ең­бек сіңіріп, айлық табысынан мін­­детті жарна төлеп отырған қыз­мет­керлердің алғашқы легі зейнетке шыға бастамақ.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»