Қазақстан • 09 Қаңтар, 2018

Емделу жолын тек дәрігер көрсетуі тиіс

722 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде елімізде жаппай ЖРВИ тұмауы мен суық тию бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі қоғам­дық денсаулық сақтау комите­ті­нің төрағасы Жандарбек Бекшин өт­кен жылмен салыстырғанда сырқат­тану­шылық 14 пайызға төмен екенін айтты.

Емделу жолын тек дәрігер көрсетуі тиіс

«Қазіргі таңда біздің елімізде эпидемиоло­гиялық жағдай тұрақты болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы сырқаттанушылық 14 пайызға төмен. Әр жылда жіті респираторлы вирустық инфекция мен тұмау аурулары осы желтоқсан айының ортасынан басталады. Одан кейін қаңтар айында екінші мәрте көтерілуі мүмкін. Қазіргі таңда лабораторияларда анық­талған тұмаудың тек 30 жағдайы тірке­ліп отыр. Оның ішінде 58 пайызы «Б» типі және 42 пайызы «А» типі. Биылғы жылдың ерекшелігі – 2009-2011 жылдары бүкіл әлемді шулатқан Н1 тұмауы биыл тіркелмеді. Екіншіден, биылғы жылы біз жіті респираторлы вирусты инфекция­ларды алсақ, олардың 10-нан астам түрі бар. Бұл тұмауға ұқсас жіті респираторлы инфекциялардың типтері. Оның негізгі қоздырғыштары – рина, мета, адена вирустары. Бүгінгі таңда көбісін рина вирустар құрап отыр. Олар 38 пайыз, адена вирустар 20 па­йыз. Биыл елімізде тұмауға ұқсас аса қауіпті вирустардың бірі – карона вирусы. Ол бір кездері Сауд Арабиясы мен Оңтүстік Корея елдерінде тіркеліп, соңы өліммен аяқталған жағдайлар да бар. Елімізде тіркелген бұл вирус әзірше 4 пайызды құрап отыр. Осыларды ескере отырып, біз алдын алу шараларын атқарып жатырмыз. Біріншіден, аурулардың санын азайту және асқынуларды болдырмау үшін күш жұмсаймыз», деді спикер.

Оның айтуынша, бірінші кезекте дене­нің иммундық күштерін көтеру керек. «Бала­ларға ашық ауада жиі жүру, тыныш ұйқы ұсынылады. Балалардың қоғамдық шараларға қатысуын шектеу керек. Егер бала ауырса, онда ол мектепке немесе балабақшаға жіберілмеуі керек», деді ол.

Ж.Бекшиннің мәліметінше, Қазақстанда оннан астам антивирустық және антибактериалды препараттар тіркелген. Бірақ олар дәрігер тағайындағаннан кейін ғана қолданылуы қажет. «Негізгі қате – өзін өзі емдеу. Тек дәрігер ғана ауру түрін анық­тап, оның емдеу жолын көрсетеді. Мысалы, антибиотиктермен вирустық аурулар ем­делмейді, бұл туралы барлық адам білмейді. Жедел респираторлы аурулардың немесе ЖРВИ белгілері болған жағдайда сіз дереу маманға хабарласуыңыз керек», деді Ж.Бекшин.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»