Жоқ іздеген жан

Өзіміз сөз етпек болып отыр­ған кейіп­керімізбен осыдан 13 жыл бұрын танысқан едік. Онда ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары-тын. Ақпан айы­ның басында Қызылжардан көңілсіз хабар келген. «Егемен Қазақстан­ның» сол өңір­дегі меншікті тілшісі, абзал азамат Мәлік Мұқанов қайтыс болыпты.

Егемен Қазақстан
09.01.2018 401

Астана­дан облыс орталығына күпті көңілмен түнделете жеткеніміз есімізде. Өзін: «Қуат Есімханов», деп таныс­тырған жігіт ағасы аз-кем әңгімеден соң жерлеу рәсі­міне байланысты жұмысқа еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін, бәрі де ұйымдастырылып қой­ғанын қолмен қойғандай етіп, нақпа-нақ айтып берді. Расында да ертесіндегі іс-шаралар оның баяндағанындай болды да шықты. Сөз арасында тоқтала кетер бір жайт, марқұм Мәкең, Мәлік Мұқанов егемендіктің елең-алаңында Қызылжар өңі­рін­дегі ел мен жер тағдыры үшін арыстандай арпалысқан азамат­тар­дың сойынан-тын. Осындай ерен еңбегі бар жанмен қоштасу оның аты мен затына лайық деп айтарлық жерде – бұрынғы облыстық партия комитеті саяси оқу үйінің үлкен ғимаратында өтті. Білетіндердің баяндауынша бұл бұрын-соңды болмаған жайт. Облыс әкімінің орынбасары мұны осылай шешумен шектеліп қоймай, тілшімізді жерлеу, оған ас беріп, басына белгі орнату сияқты жұмыстарға да үлкен көмек көрсетті. Сөйтіп қаралы отбасына салмақ түсірткізбеді. Осыны өз көздерімен көрген елдің сонда алымды да шалымды жігіт ағасына алғыс айт­пағандары кемде-кем еді.

Сол жүздесуден соң Қуат Есім­­хан­ұлымен әр кездері әртүр­лі жағдайда кездесіп қалып жүр­дік. Тіпті бір-екі рет сапарлас та болдық. Сонда оның бойы­нан елге үлгі-өнеге болатын көптеген қасиеттерге көз жет­кізген жайымыз бар. Әрине, олар­дың бәрі өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкерімізге бір күн­де немесе бір жылда келе қой­мағаны, барлығы өз бетімен бола сал­мағаны анық. Байыптап қара­ған жанға оның әрбір адами іс-әрекеті мен кісілік келбетінің ар жағында уақыт тезінен өткен тағылымды өмір жолдары жатыр дер едік. Қане, енді соларға үңіліп көрелікші...

Өзінің айтуынша ол әкеден ерте көз жазған. Ес білгеннен бас­тап көргені тек әжесі мен ана­сы болыпты. Әжесі Кәмеш аңыз бен ерте­гіні көп білетін, тұлымшағы жел­бі­реген жасөспірім кезінде атақ­ты Иманжүсіптің әнін естіп,  бертін келе Естай ақынды көрген кісі екен. Немерем болашақта сондай ел ардақтылары болса ғой, шіркін, деген тілеумен оған 6 жасында домбыра, 11-ге толғанда гармонь сатып әперіпті. Ал анасы Жәкенге келсек, еңбек жолын ұжымшарда бастап, кейін бұл құрылым ірілендірілгенде май зауытына басшылық етіпті. Ол кісінің соғыс уақытында көрген бейнетін ешкімнің басына бермесін деңіз. Бірде алыстағы ауылдардан сүт жинап, орталыққа кештетіп келе жатқанда, қасқырлар қамамай ма? Жыртқыштардың ұлыған даусынан үріккен ат арбаны ала қашқанда бөшкелер төңкеріліп, келіншектің бір аяғын майып етеді. Не деген көнтерілік, сірі­жан­­дылық десеңізші. Ауру­хана­да ұзақ жатып емделіп шыққан соң қайтадан жұмысқа жегіледі. Сөйтіп содан кейінгі 53 жыл бойы протезбен қатардан қалмай еңбек етеді.

Қаршадайынан осындай жағдайды көріп, біліп өскен жеткіншектің бойында қандай сезім қалыптасып, ойында нен­дей мақсат-мұрат бүр жар­ған еді деп ойлайсыздар?.. Әри­не, табан­дылық, адалдық, қайы­рым­­ды­лық, ең бастысы өмірге деген құштарлық дер едік. Осы қасиет­терді жанына жалау еткен ол алғырлығы мен шамдағай қимылға толы іс-әрекеті арқылы ерте есейді. Мұны жалпылама, құрғақ сөзбен емес, нақты ста­тис­тикалық факт тілімен айтар болсақ былай. Мектеп, жоғары оқу орнын өз ретіне қарай бітіріп, өндіріс, шаруашылық жұмыс­тарында тез тәжірибе жинақтап үлгерген ол небәрі 27 жасында Павлодар облысындағы Май аудан­дық атқару комитеті төр­аға­сы­ның орынбасары, 29-ға енді иек артқанда кеңшар директоры, ал 32-інде аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымдарын иеленді. Елге қайта құру мен жариялылық келіп, жұрт демократиялық үдерістер­ге бет алғанда 36 жастағы Қуат Есім­ханұлы он сан орыс орта­сындағы Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы еді.

Бұл өзі қиын да қызықты ке­зең болатын. Олай дейтініміз, нақ сол кезде қоғамдағы пікірлер сан алуандылығына кең жол ашылып, ел өз ойын еш бүкпесіз еркін айтуға көшкен уақыт-тын. Түрлі тілек, ұсыныс тасқыны толассыз түсіп жат­қан сол шақта ұлт, тіл жөнінде қор­даланып қалған шетін мәселелерді шиін шығарып алмай шеберлікпен шешу керек болды. Соның бірі мәселен қаладағы қазақ бала­бақ­шасын ашу мен Ермактың ескерткішін алу жөніндегі жұртшылық өтініші еді. Қуат Есімханұлы ойланып көрсе, 1989 жылға дейін мұнда жергілікті ұлт тілінде бірде бір мектеп немесе мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер орталығы болмаған екен. «Естір құлаққа ұят қой мынау. Қолға алу керек. Мұндай іске атсалыспасақ, несіне басшы болып жүрміз?» – деді ол іштей ширығып. Сөйт­ті де банкротқа ұшыраған бір зауыт­тың қала ортасында бос қал­ған кеңсесін алып, бала­бақ­шаға бейімдеуге пәрмен берді. Ол дайын бола бергенде «ұлыорыстық» кеудемсоқ пиғылдағы қарсы насихат басталмасы бар ма? Бұған енді қазақ балабақшасы үшін өз ана тілін жетік білетін кадрларды іздеу, табу проблемасы қосылды. Расында да сол кездері 80 па­йызы өзге ұлт өкілдері тұра­тын қалада бұл өте қиын шаруа еді. Намысқа тырысқан Қуат Есім­хан­ұлы ол кедергіні де еңсерді. Қалай дейсіздер ғой. Тәуе­кел деп меңгерушіні ірге­дегі Прио­зерный кентінен, ал тәр­бие­шілер­ді қырдағы қазақ ауыл­дарынан алдыртты. Алдыртып қана қоймай, олардың бәрін баспанамен қамтамасыз етті. Сөйтіп шовинистік пиғылдағы топтың шулағанына қарамай, жұртшылық өкілдеріне уәде еткен мерзімде қазақ балабақшасын ашуға қол жеткізді.

Ал Ермактың ескерткішіне келсек, шынында да оның 60-жыл­дардың басында бой көтеріп, ширек ғасырдан астам уақыт қазақ даласында мен­мен­сіген кейіппен тұруы халқы­мыз­дың қай ұрпағының да көзіне күйік еді. Олай дейтініміз, 1983 жылы біздің де ол тас мүсінді көріп, қатты қорланғанымыз бар. Ондай күйге түсуімізге біріншіден, шо­йын дулығасын түксиген қаба­ғына түсіре киген қабасақал атаманның ұзын қылышын қос қолымен көлденең ұстаған дүлей бет әлпеті болса, екіншіден, ескерткіштің етек жағындағы: «Ермакқа. Риза­шылық білдірген тың игеру­ші ұрпақтарынан» деген жазу­дың тұрғандығы болатын. Егемен­дігіміздің елең-ала­ңында осыған байланысты халық наразылығы басталды дейсіз. Қала әкімі мұндай жағ­дайда не істеуі керек? Әрі-бері ой­ланған Қуат Есімханұлы Алма­ты­ға, сондағы Ғылым академия­сы Тарих және этноло­гия инс­ти­туты­ның директоры Манаш Қозы­баев­қа барып жолығуды жөн деп тапты. Академиктен бар жай­ға қаныққан ол қайтып кел­ген соң ғалым ағаның айт­қан ақы­лымен жұмыс істеуге кірісті. Алдымен атаман, оған арнал­ған ескерткіштің не себепті тұрғы­зылуы туралы анықтама, құжат жинақталды. Содан кейін бас­тамашыл топтың уәждері ой елегінен өткізіліп, пысықталды. Ғылыми конференция өткізілді. Осы іс-шаралардың негізінде Сәбетқазы Ақатаев, Жасарал Қуанышәлин, Амантай қажы жетекшілік ететін қоғамдық қозға­лыстардың атынан үндеу жария­ланды да сол күннің түнін­де кешен құлатылды. Ер­те­сінде етпетінен түсіп жат­қан ес­керткішті көрген шовинис­тер аттан салып әкімдікке келгенде, Қуат Есімханұлы былай деді: «Алдымен айтарым, Ермак ешқандай да езілуші тап ерлері ретіндегі Степан Разин немесе Емельян Пугачев емес. Тарих оқулықтарында ол бас­бұзарлық әрекетіне бай­ла­ныс­ты жазаланып, Сібірге жер аударылған адам де­лін­ген. Екінші, сіздер шулап, дабырайта көрсетіп жүрген бұл адамның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Мұнда тумаған, тірлік етпеген, сүйегі де бұл жерде емес. Ресейдегі Омбы облы­сы­ның Тарск аңғарында қаза тап­қан. Үшінші, ескерткіш болған соң оған қойылар талап­тардың да бар екенін естен шы­ғар­­маған жөн. Өкінішке қарай, 60-жылдардағы ұраншыл бел­сенділер оны сақтамаған. Патшалық Ресей жерінде мәсе­лен, осындай кешендердің Мәс­кеудегі Ю.Долгорукий, Санкт-Петербургтегі І Петр, ал Кеңес Одағы кезінде одақтас рес­пуб­ликалар астаналарындағы В.И.Ленин ескерткіштерінен биік болмауы керектігіне ерекше мән берілген. Ермактың мына бейнесі жоғарыдағы тәр­тіп­ке сәйкес емес, олардан 0,2-0,3 метр­ге дейін артық. Сондықтан...».

Осылай деген қала әкімі: «Сөзімді тағы жалғастырайын ба, жоқ әлде мына уәж сіздерге жеткілікті ме?» дегендей алдын­дағы адамдарға үнсіз барлай қарады. Өйткені ойында жұптап қойған тағы бір мықты дәлелі бар еді. Жоқ, олар оны айтқызбады. Қатарлары сетінеп, үнсіз тарай бастады.

...Осы жолдарды жазып отырға­нымызда, кейіпкеріміздің бойындағы бас­ты бір ерекшелік ойымызға әлсін-әлсін орала берді. Ол оның ел, халық үшін қолға алып бітірген істерін ешуа­қытта жар салып жарнамаламай, ұлттық мүдде жолын­дағы жаңа жұмыстарды еңсеруге бірден жанын сала кірісетіндігі дер едік. Мысал керек пе? Айтайық.

2000 жылы Қуат Есімхан­ұлының Солтүстік Қазақстан облысына әкімнің орынбасары қызметіне келгенін мақала­мыздың басында айтып өттік-ау деймін. Міне, сондағы өңір активімен болған бір басқосуда журналист Жақсыбай Самрат Қызылжардың ескі бөлігіндегі Абылайдың ақ үйі туралы мәселе көтереді. Сол оқиғаға куәгер, қазіргі Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның айтуынша, төбесі ортасына түсіп, төрт қабырғасы ғана қалған оған біреулер күліп, басқалары мүмкін емес, бұл аңыз деп жоққа шығарады. Бұған іштей намыстанса да сыр бер­меуге тырысқан біздің кейіпкері­міз жұртты сабырлылыққа шақырып, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізу үшін осы тақырыпты көтерген журналист пен облыстық мұрағат директорын Мәскеу немесе Санкт-Петербургке іссапарға жіберуге шешім қабылдағанын айтады. Олар Қызылжардан аттанып, о жақтағы жұмыстарының қиын жүріп жатқанынан хабардар еткен соң өзі де барып қайтуға бел байлайды. Тәжірибесі бар басшы емес пе, көрші елге жол жүрерінің алдында бір кездері Қазақстанның орталық, солтүстік өңірлерінде өмірге келіп, еңбек еткен, кейін Ресейге қоныс аударып, сонда үлкен ведомстволарға жетекшілік етіп отырған екі-үш жерлесінен қол ұшын беруді сұрайды. Солардың көмегімен Сыртқы істер министрлігінің мұрағатына рұқсат алады. Міне, сондағы XVII-XVIIІ ғасыр­лардағы көне құжаттарды сүзгі­ден өткізгенде, олардың арасынан ІІ Екатерина патшайымның Абылай ханға қысқы резиденция салып беру жөніндегі 1765-1766 жылдарғы жарлықтары, ғимараттың сызбасы, құрылысқа жұмсалатын қаржы­ның жалпы көлемі туралы құжаттар шыға­ды. Жаңалық елге тез жетіп, бұдан билік басындағы азаматтар да хабардар болады. Соның нәтижесінде Қызылжардағы хан ставкасының 260 жыл бұрынғы бас жоспары негізінде ғимарат қалпына келтіріліп, Елбасының қатысуымен бүгінгі ұрпаққа есігін айқара ашты. Осылайша бір кездері бұл жерде ештеңе болмаған деп ауыздарын қу шөппен сүрткен жергілікті өлке­танушылар өздерінің көп жылдардан бері жазып келе жатқан «еңбектеріне» өзгерту енгізуге мәжбүр болды.

Қуат Есімханұлы мұндағы ел тірлігі, халық мүддесі үшін сол кездегі облыс әкімі Қажы­мұрат Нағымановпен бірге тыным таппай 4 жыл жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оның өңір­­дегі ағымдық, науқандық шаруа­­лардан басқа ұлт мұраты жолындағы еңбегі ересен екенін Қызылжардың қарты мен жасы саусағын бүгіп тұрып санап айтып береді. Солардың бәрін емес, кейбіреуін ғана еске алсақ, олардың өзі біраз сөйлемге жүк болары анық. Десек те Прези­дент тапсырмасымен кейіп­керіміздің ғалым Шоқан Уәли­ханов оқыған Омбы кадет корпусы іргесіндегі бір көшеге жер­ле­сіміздің есімін әперу және ескерт­кішін қойғызуға күш салу, көрші елдің осы қаласындағы ақын Мағжан Жұмабаев білім алған педагогикалық училищеге мемориалды тақта орнатуды жүзеге асыру сияқты істерге ұйытқы болғанын айтпай кетпеу­ге болмайды. Бұған 2002-2004 жылдары Қызылжардың бар­лық мекемелерінде апта сайын бір күн – қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні түрлі деңгей­дегі басшы, қосшының бәрі мем­лекеттік тілде сөйлеуге тырысатын дәстүрге баста­машылық етуін қосыңыз. Олардың бәрі осы күнге дейін ондағы ел-жұрт есінде. Сол үшін де қандас­тары­мыз оған рахметін айтады.

Кейіпкеріміз 2006 жылдан бастап Астанаға келіп, «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық ком­па­ниясындағы белді бір ак­цио­нерлік қоғамға жетекшілік етті. «Темір жол жылу» деп ата­латын бұл мекемедегі оның қызметі салалық құрылымдар­ды отын энергиясымен қамта­масыз ету сияқты өндірістік, шаруа­шылық жұмыстар бол­ғаны­мен, бос уақытында ол халқымыздың тарихи түптамыры мен рухани ұс­тындары деп айтарлық адам­гершілік-имандылық шара­ларына белсене араласты. Ескертіп айтарымыз, оның бұл ісі осы күні модаға айналып кеткен жаттанды, жалт-жұлт еткен жарнамалық, әсіреқызыл әрекеттерден мүлде бөлек нәрсе. Ол «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» аясындағы салмақты да салиқалы істер. Мұны оқыр­ман­дарға түсіндіру үшін респуб­лика Үкіметінің осыдан 15 жыл шамасы бұрын бастап, содан бері жүйелі жүргізіп келе жатқан Күлтегіннің Моңғолиядағы сына жазу ескерткіші көшірмесін елор­даға әкелу, әл-Фараби ғұлама­ның Дамаскідегі зираты мен сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мешітін қамқорлыққа алып, күтім жасау сияқты шараларын еске ал­ған жөн. Қуат Есімханұлының соң­ғы кездері қолға алған ізгі ісі мем­лекеттік деңгейдегі сондай иман­ды­лық көрінісінің кіші­рей­­тіл­ген көрінісі. Яғни рес­пуб­­­­ли­ка­мыздағы ашар­шы­лық, қуғын-сүргін, соғыс секіл­ді зұл­­мат­тарда атаусыз кет­кен ардақ­­тылары­мыздың басына белгі қойып, ұрпақ жадында қал­дыру, көрнекті тұлға­лардың ізі қал­ған орындарды да қастерлеп, құр­мет­теу секілді жеке адамның адам­гер­шіл қаре­кеті. Бұларды оның бү­гінге дейін осы бағыт­та қол­ға алып, жүзеге асырған нақ­ты іс­тер­імен баяндасақ, мәселе былай.

Бірде ол іссапармен Көк­ше­тауға ат басын тірейді. Жұ­мысын бітірген соң, сондағы мұсылман зиратындағы аруақ­тарға құран оқуға барады. Кіреберіс­тегі жол бастаушы қарт мұнда өңір­дегі көптеген аяулы жандардың мәңгі­лікке дамылдап жатқанын хабардар ете келіп, олардың арасында Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аянның да бар екенін айтады. Қуат Есімханұлы бұл жайды ақынның жары Гүлбаһрамның жазып қалдырған естелік хатынан білетін. Онда апай Сәкен ұсталып, еш хабар болмаған соң Қызылжардағы туыстарына барып, одан Көкшетауға келе жатқанын баяндайды. Қолында әл үстіндегі ұлы Аян бар екен. Сәби жол үстінде шетінейді. Жолсерікке айтса, кезекті стансадан түсіріп тас­тауы мүмкін. Сондықтан жансыз баласын емізгендей болып отырып, Көкшетауға жетеді. Таныс татар кемпірдің үйін тауып, сол әни екеуі перзентін зиратқа түнделетіп жерлейді. Хатта бар жағдай осылай деп айтылған. Сол есіне түскен кейіпкеріміз көп кешікпей мұнда қайта оралып, жөн білетін үлкендердің қатысуымен асылдың сынығы, қыранның қиығы, ғайып құсы Аянға құран бағыштайды. Ас беріп, басына белгітас қояды. Оған ақын Несіпбек Айтұлы шығарған: «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұң­қардың қанатынан», деген сөз­дерді қашап жаздыртады.

Бұл жағдай осылай болса, хал­қымыздың бұлбұлы Күләш Байсейітоваға қатысты мына бір дерек тіпті жан тебі­рентерлік. Атақты композитор Ерке­ғали Рахмадиевтің өмірінің соңғы жылдарында Астанада тұрғанын ел жақсы біледі. Шағын бір басқосуда ол кісі мынадай естелік айтады. 80-жылдардың басында Талдықорған жақтағы ауылына барайын деп жатқан Ерекеңе халық әртісі Қанабек Байсейітов телефон соғады. Айтқан шаруа­сы: «Туған жеріме мені де ала кетсең», деген өтініш екен. «Жарайды», дейді бұл кісі. Сөйтеді де қарияны көлігіне мінгізіп алып, Арқарлы асуына таянғанда Қанекең машинаны тоқтаттырып, биік төбеге көтеріледі. «30-жылдардың басында, – депті ақсақал, – Күләш екеуміз отау құрып, Алматыға бет алғанда апаларың осы жерге дастарқан жайып еді. Бұл оның Жетісуға келін болып түскендегі жолымның басы деген ырымы ма екен деп ойлаймын қазір. Осы жер есіңде болсын, қарағым».  «О баста байқамаппын, – дейді сөзінің соңында композитор Еркеғали Рахмадиев. – Соңғы кездері Арқарлыдағы Қанабек ақсақалдың көрсеткен төбесі ойыма жиі оралады. Шіркін-ай, сол жерге бір белгі қойылса ғой...».

Мына сөзді естіген Қуат Есімханұлы кейін әңгіме иесімен қайтадан кездесіп, мән-жайға толық қанығады. Компо­зиторды ертіп алып, Қанабек Байсейітов аманаттап кеткен төбені көреді. Көп кешік­пей ол жерге этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыздың толғаны­сы­мен қағаз­ға түскен: «Қазақтың әйгілі ән­шісі Күләштің Жетісу еліне келін ретін­де алғаш келген сапарында Қанабек Бай­сейіт­ұлы екеуінің ат шалдырып, дас­тарқан жайған жері», деген сөз жа­зылған белгітасты орнатады.

Ал қазақтың хас сұлуы, аты халқы­мыздың махаббат та­қы­рыбындағы әндері­нің лейт­мотивіне айналған Қо­р­лан ше? Ескерте кететін нәрсе, бұл жерде біз оған көп тоқ­тал­маймыз. Себебі оны «Егемен Қазақстанның» былтырғы жылғы 31 наурызда жарияланған «Құсни-Қорлан» атты мақаламызда егжей-тег­жейлі жаз­ған­быз. Оқыр­мандар­дың есіне салып, айтайық дегені­міз, бұл ғазиз жанның бейіті бізде емес, Ресейдің Славгород өңіріндегі Қаранай ауы­лын­дағы қорымда. Қазір сол жер­де Қуат Есімханұлы мен Ерлан Арын­ның еңбегімен орна­тыл­ған 4,5 тонналық қызыл гранит – белгітас тұр. Онда ақын Несіп­бек Айтұлының өлеңінен алын­ған: «Дариға өлмейтұғын әнге ай­нал­ған, Дүниеге қайтып келмес қайран Қорлан», деген жолдар бар.

...Сөз соңында бұл мақаланы не үшін жазғанымызды айтайық. Өйткені газетке жеке адам туралы осындай дүниелер шыға қалса, көп жұрт оны мерейтой, дата­лық шаралар қарсаңындағы наси­хат деп түсінеді. Олай емес. Мұн­­да ешқандай да астар жоқ. Мақ­саты­мыз – елге біз де аз да болса осындай адамдардың бар екенін айту. Жақсы іске жанын салатын азаматты жұрт­қа таныстыру. Көпшілікке үлгі етіп көрсету. Осы арқылы оқыр­мандарға ой салу. Басқа ештеңе де емес.

Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА

Суреттерде: Қ.Есімхан­ұлы; Жетісудың Арқарлы асуын­дағы әнші Күләш пен Қанабек Байсейітов ат шалдырған төбе; Көк­шетаудың көне зиратын­дағы С.Сейфуллиннің ұлы Аянға арналған белгі; Ресей­дің Слав­город маңындағы Қорланға қо­йыл­­­ған құлпытас.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.02.2018

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Асқар Мамин Түрікменстан Президентімен кездесті

24.02.2018

Заң бұзған мыңға жуық шетелдік елден шығарылды

24.02.2018

Олимпиада - 2018: Шаңғышы Денис Волотка жарыс жолынан шығып қалды

24.02.2018

Былтыр Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдары халыққа 1 253 841 қызмет көрсеткен

24.02.2018

Францияның Ұлттық Ассамблеясында қазақстан-француз стратегиялық серіктестігінің болашағы талқыланды

24.02.2018

Минскіде Қазақстан мен Беларусь СІМ арасындағы саяси консультациялар өтті

23.02.2018

Сенатор Д.Назарбаева Сингапурда болды

23.02.2018

ШҚО әкімі тұрғындар алдында есеп берді

23.02.2018

Қазақстандық парламентшілер ЕҚЫҰ ПА қысқы сессиясына қатысты

23.02.2018

Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті 

23.02.2018

Оралхан Бөкейдің ағылшын тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесері өтті

23.02.2018

СҚО-да Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының күндері өтуде

23.02.2018

Банктер мен Қаржыгерлер қауымдастығы қазақстандықтарға үндеу жариялады

23.02.2018

Гүлшара Әбдіқалықова елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

23.02.2018

Жылда 500-ден астам жол апаты автобус жүргізушілерінің кінәсінен болады - ІІМ

23.02.2018

Мати Алавер: Полторанин медаль медаль алмаса жалақымның бір тиынын қалдырмай қайтарып беремін

23.02.2018

Алматыда Әлемдік экономика және саясат институты алаңында сарапшылар кездесуі өтті

23.02.2018

Элизабет Тұрсынбаева Кореядағы Олимпиадада 12-орын алды

23.02.2018

Сарайшық ескерткіштерін ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынады - Арыстанбек Мұхамедиұлы

23.02.2018

Дәулетжан Махмұт. Портрет

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Мәселе заманда емес, адамда...

Адамның азаматтығы, жауап­кер­шілігі туралы қай кезде де кеңі­нен сөз болады емес пе? Сондай әңгіме барысында кейбіреулер әңгі­ме арқауына айналған жандарға ая­ныш білдіріп, «олар сатқындық жа­с­айын деді дейсің бе, амалдың жоқтығынан жасады ғой, бәріне заман кінәлі» дегені бар-тын. Сонда Ұшыға апам былай деген еді: «Күн де орнында, сол баяғыша шығады, сол қалпында батады. Ай да орнында сол бұрынғыша туады. Өзгерсе адамның пейілі, ниеті өзгерген. Заманға жауапкершілік жүктеудің жөні жоқ...».

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Эфирде бейбастақтыққа неге жол беріледі? 

Әуе толқынынан хабар тыңдап отырмын. Әңгіме бойтұмар жайында өрбуде. Радио хабарын жүргізуші әлемге танымал адамдардың бой­тұмар ретінде нені ұстайтынын айта келе Кэмерон Диазды мысалға алды.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Даму үшін әділдік ауадай қажет

Әділдік қашанда адамзаттың арманы болып келеді. Жасыратыны жоқ, кейде бір ұжым түгілі, бір отбасының өзінде әділдік кемшін қалып жатады. Осындай жағдайда оның тұтас мемлекетте орнауы орындалмас армандай көрінетіні рас.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Конфессияаралық диалогтың қазақстандық алаңы

Атақты америкалық саясаттанушы Самуэль Хантингтон 1996 жылы өзінің әлемдік ғылыми қоғамдас­тық арасында кең талқылауға түс­кен «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіптің трансформациясы» атты кітабын жарыққа шығарды. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қайтқан малда қайыр бар

Осының алдында газет бетінде жарияланған «Бай бол­­саң, халқыңмен бол!» атты мақа­ламызда («Егемен Қазақстан», 09.02. 2018 жыл) меншік иелері­нің елімізден астыртын жолдар арқылы шығарып әкетіп жатқан капиталының түбі оларға қайыр бермейтіндігін, қазіргі күні Батыс әлемінде жүріп жатқан саяси-эко­номикалық үдерістердің екпі­німен бұл қаржылар сол жақ­тың өзінде ерте ме, кеш пе, қақпан­ға түсірілетіндігін, ал оның идеологиясы қазірдің өзінде әзір екендігін жазған едік. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу