Қазақстан • 09 Қаңтар, 2018

Мадиян көтерген тас жайында не білеміз?

781 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңында Абыралы өңірінің Ақбұлақ ауылына жол түскен. Қырық жыл полигон зардабын тартқан аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында жазылмақ мақалаға дерек жинамақ ниетпен осы елді мекенге арнайы ат басын бұрған едік. Келгеніміз мұндай жақсы болар ма? «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегендей, ауыл ақсақалдарымен әңгімелесе келе, негізгі тақырыбымыздан бөлек бірнеше тың тақырып тауып, елді мекеннің тарихымен етене таныстық. 

Мадиян көтерген тас жайында не білеміз?

Фото: Азамат ҚАСЫМ, ​​​​​​​«Егемен Қазақстан»

Біз түскен үйдің иесі Төлеуғазы Мадиянов ақсақалдың атасы алып күш иесі болған екен. Шар­шы топтың алдына шығып, балуан­дыққа түспесе де, заманында қайратымен төңірегін түгел мойындатқан секілді. Бұған бір дәлел – ол кісінің таудан көтеріп әкелген тасының әлі күнге дейін сақталғандығы. Тас жайында сәл кейінірек. Әуелі тәңір ерекше қуат берген қара күш иесінің өмірбаянына аз-кем тоқталсақ. Немересі Төлеуғазы Мадияновтың айтуынша, ақсақал Қызылқайың фермасында (қазіргі Ақбұлақ ауылы) дүниеге келіпті. Көктем туып, жер аяғы кеңіген шақта өгізді жетектеп алып, жерді өзі жыртып, бір колхоздың бидайын жалғыз өзі егіп, өзі орады екен.

«Атамыз туралы қатарластары небір қызық әңгімелер айтатын еді. Бірде былай болыпты. Қыстыгүні Ақшоқы қыстауы маңында қарда жалаңаяқ жүрген кісінің ізі жатыр дейді. «Құдай-ау, қақаған қыста жалаңаяқ жүрген бұл кім болды екен?» деп ізді қуалап барса, атам қара терге түсіп, бусанып, кең көйлегінің алдын айқара ашып тас­тап, ағаш шауып жатыр дейді. Атам туралы тағы бір қызықты дерек. Есімі ел көлеміне белгілі шежіреші ақсақал Бекен Исабаев бір әңгімесінде бабамыздың әйгілі әнші Әміре Қашаубаевқа күйеу жолдас бол­ғанын айтқан еді. Әншінің Ақбұлақ өңірінің тумасы екенін ескерсек, бұл жайтқа таңғалуға бол­майтын секілді. Атамыз 70-жыл­дардың орта тұсына дейін осында тұрды. Өмірінің соңына дейін қолынан кетпен-күрегі түс­кен жоқ, жатпай-тұрмай еңбек етті», дейді қара күш иесінің неме­ресі.

Мадиян Түсіпұлының келіні Бибігүл Кенжебайқызы ақса­қал­дың бойы аласа болса да, аяқ киі­мінің өлшемі 46 размер бол­­­ға­нын айтып, тағы бір қы­зық­ты де­ректі алдымызға тартты. Кейіп­керіміз бозбала кезінде келін­ше­гін қыстыгүні шапанының шал­ғайына орап, Аршатыдан Ақшо­қыға дейін (бұл аралық шамамен 60 шақырымдай жер) жаяу алып қашып, арқалап әкеліпті. Тас көтерген қарияны көзімен көрген Ақбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеуғали Мұңлықбаев балалық балғын шағына көз жүгіртіп: «Мадиян ақсақал күшті, қуатты кісі болды. Баламыз ғой, біз кейде амандаспай қашып бара жатқанда биялайын лақтырып кеп қалғанда етпетімізден түсетінбіз. Ол кісінің есімін, көтерген тасын осы өңірдің тұрғындарының бәрі біледі. Алдағы уақытта көтерген тасын мектеп алдына әкеп қойса, тасқа Мадиян атаның атын жазса деген ойымыз бар», деді.

Төлеуғазы Мадияновтың өмір­­­лік серігі Бибігүл Кенже­бай­қы­зымен бірге арнайы барып, таудан көтеріп әкелінген тасты көрдік. Құн­ды жәдігер Ақбұлақ ауылынан 30 шақырымдай қашықтағы бұрынғы қыстау, бүгінгі жайлау Ақшоқы деген жерде жатыр екен. Тастың салмағы 100 келі шамасында секілді көрінді (одан да ауыр болуы ғажап емес). Әйтеуір екі кісі әзер дегенде орнынан аздап қозғалтқандай болдық. Өлшеп көргенімізде тастың қалыңдығы 30, ұзындығы 70-80 сантиметр шамасында екенін аңғардық. Алып күш иесінің осы жерде ұста дүкені де болыпты. Бажайлап қара­саңыз, дүкен орнының үйінділері көзге түседі. Бибігүл Кен­жебайқызы бізге ақсақалдың 1975 жылы Бо­родулиха ауданында ұрпақ­та­ры қолында өмірден озғанын айтты. Ал Ақбұлақ ауылының әкімі Нұр­тай Теміржанов көненің көзін­дей болған жәдігер назардан тыс қал­майтынын, биыл ауылға әкелініп, музейге қойылатынын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Семей қаласы,

Ақбұлақ ауылы

Суреттерде: Мадиян Тү­сіп­­ұлы. Сурет Ақбұлақ ауы­лын­дағы музейден алынды; Мадиян Тү­­сіп­ұлы көтерген тас жа­­нын­­да отырған келіні Бибі­гүл Кен­­­же­байқызы.