Қазақстан • 10 Қаңтар, 2018

Тілектес Есполов: Серпінді дамудың жаңа мүмкіндігі

387 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауын үлкен әсермен қабылдады.

Тілектес Есполов: Серпінді дамудың жаңа мүмкіндігі

Жолдаудағы 10 басымдықтың үшінші бағытында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп айрықша атап көрсетілген.

Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуды қамтамасыз етуді дамытуды тапсырған Елбасы бұл мәселені шешуге еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды екенін айрықша атап өтті. Аталған міндеттерді іске асыру үшін отандық аграрлық ғылымды жандандыру мәселесі басты назарда болуға тиіс екеніне ерекше мән берілді. Бұл шешім республикамыздың агроөнеркәсіптік кешеніндегі өңделген өнім өндірісін өркендетуге жаңа серпін берері сөзсіз.

Қазіргі таңда, іс жүзінде, тауар өндірушілер әлеуетті нарыққа қол жеткізе алмай отыр. Оған өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұрақсыз қатынастар, нарықтар мен қаржылық ресурстар туралы сенімді ақпараттың болмауы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде аз көлемдегі өндірістер сынды бірнеше себеп бар. Сондықтан бағасының 70-75% иеленетін делдалдарға қарсы тұру жөніндегі жұмысты күшейтіп, дамыған елдердегідей 25-30% ғана иеленетіндей ету қажет. Делдалсыз өнімдерді сату қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 1,3 есеге арттырады. Ал сату құны делдалдық буынның қысқаруына байланысты 15-20% төмендейді.

Өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыру үшін өндірістен тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекті қайта қарау қажет. Ғылымға басты рөл берілген ауыл шаруашылығының қазіргі заманғы инновациялық технологиялармен нашар қамтамасыз етілгенін ешкім жоққа шығармайды. Республика бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың көлемі тұтастай алғанда 66 млрд теңгеден сәл ғана асады (жалпы ішкі өнімінің 0,14% -ы), оның ішінде ауыл шаруашылық ғылымдарына 6,9 млрд теңгеге дейін бөлінеді, ол барлық ғылыми жұмыстардың 10,3%-ы.

2016 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7762,3 млрд теңгені құрады, оның 253,7 млрд теңгесі немесе 3,3%-ы ауыл шаруашылығына бағытталды.

Осы мәселені шешу үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары мерзімінен бұрын жұмыс істей бастады және 2010 жылдан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып жобаларды басқарудың халықаралық стандарттарын қолдана отырып, ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану процесін жүргізіп келеді.

Трансформация шеңберінде аграрлық ғылымның, білімнің және өндірістің интеграциясын, экономиканың аграрлық саласына инновациялық технологияларды енгізуді, Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа форматтағы кадрлар дайындауды күшейту үшін 2015 жылы университетте Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрылды.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында бірқатар мәселелерді шешу көзделуде:

– ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция тартуды (субсидиялау, несиелендіру, салық салу, мемлекеттік және жеке инвестициялар және т.б.) қайта қарастыру;

– ауыл шаруашылық дақылдарының және жануарлардың өнімділігін арттыру үшін аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми-зерттеу нәтижелерін енгізу, инновациялық технологиялар мен жаңа білімді трансферттеу;

– климаттың өзгеруіне байланысты өндірістік тәуекелдерді басқару.

Жоғарыда аталған стратегиялық мәселелерді кешенді тәсіл негізінде шешу агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні университет жоғарыда аталған тапсырмаларды жүзеге асыра бастады. Еуропа, АҚШ, Азия және Тынық мұхиты елдеріндегі жетекші шетелдік университеттермен, ғылыми және технологиялық орталықтарымен белсенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Агрохаб Азия даму банкі, Еуропа даму банкі, Дүниежүзі банкі, ФАО сынды қаржылық әлеуеті зор құрылымдармен негізгі серіктес ретінде жұмыс істеп келеді. Farm Frites и Staay Food Group (Нидерланды), Honeycomb Corporation (АҚШ), Қазақстанның ет одағы, Қазақстанның сүт одағы, Мемлекеттік ауылшаруашылық аэрофотогеодезиялық зерттеу институты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Аграрлық несиелік корпорациясы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш агенттіктері Агрохабтың корпоративтік серіктестері болып табылады.

Агрохаб аясында арнайы келісім-шарттар негізінде, АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігімен (USDA) геокеңістіктік мониторинг жүргізу үшін Қазақстандағы жайылымдық жерлердің деградациясын бағалау әдістемесін зерделеу және енгізу, биологиялық өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін қолдану жобалары орындалуда.

Мичиган Университетімен портативті наносенсорлы датчиктер арқылы өсімдіктердің жай-күйін бағалаудың цифрлық жүйесін бейімдеу; Алматы және Астана қалаларында геокеңістіктік мониторинг және су тасқыны тәуекелдерін басқару жүйесін енгізу; өзгермелі климатта өсімдік шығымдылығын жақсарту үшін шешім қабылдаудың бірыңғай жүйесін енгізу; цифрлы технологиялар негізінде Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Азия даму банкінің қолдауымен университетте Су хабы құрылды, ол төтенше жағдайларда жедел әрекет ету үшін уақытылы ақпараттар ағынын қамтамасыз ететін тәжірибе алмасу диалогы алаңына айналды. Су хабының қызметі су ресурстарын қамтамасыз етуге және қорғауға, су балансының, топырақтың тозуы және тұздануы, мелиорация, суару, құрғақшылық, аймақтағы тұщы суды азайту, өзендердегі судың деңгейі мәселелерін талқылауға сарапшыларды орталықтан тартуға, сондай-ақ барлық мүдделі тараптар мен ұйымдарды хабардар етуге және оқытуға бағытталған.

Қазіргі кезде университет базасында интеграцияланған жерді басқару (Жер хабы) және климаттық тәуекелдерді басқару (Климаттық хаб) бойынша білім Орталықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағытта университет ғалымдары Елбасы қойып отырған міндеттер бойынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай білікті мамандарды даярлай отырып, агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына ин¬новациялық технологияларды енгізуді, оларды өндірісте кеңінен пай¬далануға жәрдем жасауды жүйелі түрде іске асырып келеді.

Ауыл шаруашылық ғылымы мен білімі бүгінде аграрлық өнеркәсіптің тиімді да¬муының негізгі шарттары екен¬дігін Президенттің Жолдауы тағы да дәлелдеп берді. Бүгінде нақты ғылыми нәтижелерге жету үшін мамандарды үш деңгейлі даярлаудың сабақтастығы болуы тиіс: дипломдық жұмыс магистрлік диссертацияға, содан кейін докторлық диссертацияға жалғасу керек. Бұл бағытта цифлы технологияларды дамыту бойынша заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу жолымен АӨК тиімділігін арттыру мақсатында университетте Ситуациялық орталық ашылды. Оның жұмысы еліміздегі АӨК жағдайына талдау жүргізуге және онлайн режимде ауылдық кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге бағытталған. Қазірдің өзінде университетте республикадағы аграрлық барлық құрылымдық бөлімшелер мен әр қызметкер бойынша мәліметтер базасы құрылуда.

Ситуациялық орталық алдағы уақытта біздің әлеуетті серіктестіктеріміз, ауылшаруашылық тауар өндірушілер, мектеп бітірушілер мен түлектер, ата-аналар, мектеп директорлары мен мұғалімдер, әкімдік, университет білім алушылары мен оқытушылар және т.б. үшін жедел режимде болжау мен ұсынымдарды, талдау материалдарын алу және орналастыру жолымен озық тәжірибемен, пікірлермен алмасу, ақпарат, кеңес беруге жағдай жасайтын көп функционалды платформа болмақ.

Бүгінгі таңда университет бастамасымен республика көлемінде 22 мыңнан аса фермердің, ауылдық кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстігінде 36 ғылыми орталық пен серіктес-жоғары оқу орындарын қамтитын фермерлердің Жоғары мектебі және Экстеншн бағдарламасының жүйесі қызмет етеді.

Халықаралық байланыстары арқылы университет ғалымдары шетелдік әріптестермен бірлесіп, Қазақстанның жергілікті әлеуметтік-экономикалық жағдайының тәуелсіз және кіріктірілген жүйесін жасауда. Университет базасында сүт сапасын анықтау зертханасын құру қажеттілігі бар. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, ауылшаруашылық кооперациясы негізінде мұндай зертхана құру және сүт өндіру өндірісі шаруашылығын ірілендіру сүттің сапасын әлдеқайда жақсартатындығын көрсетіп отыр.

Қазақстанда сүт зауыттарына лайықты шикізат аймақтарын нақты картаға түсіретін және әрбір сүт өндірушіге қажетті техникалық регламент талаптары кіретін сандық технологияны енгізу жобалары жүргізіліп жатыр. Референтті зертхана құру, жайылымдарды картаға түсіру автоматтандырылған сүт балансын құруға, сонымен қатар жайылым жерлерінің жағдайларын бағалауға мүмкіндік береді.

Жолдауда «аграрлық университеттердің рөлін қайта қарастыру қажет. Олар тек диплом беріп қана қоймай, нақты АӨК жұмыс істейтін немесе ғылыми ізденістермен айналысатын мамандарды дайындаулары керек. Бұл ЖОО-на білім бағдарламаларын жаңарту қажет және АӨК алдыңғы қатарлы білім мен тәжірибе тарататын орталықтарға айналулары керек» -деп атап көрсетілді. Бұл ретте университет басшылығы еңбек нарығында сұранысқа ие және бәсекелестікке қабілетті жасампаз және заманауи ойлай алатын мамандарды дайындауға барлық жағдайды жасап отыр. Біз ол үшін дамыған ғылым-білім инфрақұрылымын дамыту керектігін және жоғары білікті, құзіретті маман әлеуетін қалыптастыру қажеттігін жақсы түсінеміз.

Университетте агробизнестің стратегиялық зерттеулері орталығы жұмыс істейді, онда студенттер екінші курстан бастап нақты агроқұрылымдарда бизнес-жобалар жасауға үйренеді. Мұндай бизнес-жобалар олардың диплом жұмыстарына бөлек бөлім ретінде енгізіледі. Сөйтіп, білім алушылар нақты экономиакның проблемаларын шешуге атсалысады және олардың нәтижелері жақсы болған жағдайда жұмысқа орналасу мәселесі де өздігінен шешіледі. Бүгінде жоғары оқу орны тек білім беріп қана қоймай, студенттің қабілетін ашуға да көмектесуі тиіс. Сондықтан біз өзіміздің студенттерге іскер маман болып қалыптасуларына қажетті осындай орта құрып отырмыз.

Университеттің барлық әрекеттері креативті ойлайтын және инновацияға бейім, еңбек нарығында сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға бағытталған. Университетте Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған «Азық-түліктің физика-химиялық қасиеттерінің анализі мен топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасы», «Азық-түлік технологиясы және сапасы», «Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия», «Табиғи ресурстарды басқару және агрожүйелерінің тұрақты дамуы» сияқты инновациялық зертханалар ауылшаруашылығы кәсіпкерлерінің мәселесін шешуге мүмкіндік жасауда.

Мысалы, «Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия» зертханасы жануарлардың генотипі және микроорганизмдердің сәйкестенуі бойынша мәселелерді шешеді. Аталған жұмыстар ірі қара мал тұқымы өнімділігінің 240 көрсеткішін анықтау бойынша зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.

Жануарлар мен өсімдіктер ауруларын сәйкестендіру жүргізілгеннен кейін біз әлемнің әр түкпіріндегі шетелдік серіктестерге 34 агротехнологиялық орталыққа алынған қорытындының дұрыстығын анықтауға жібереміз. Бұл жануар мен өсімдік ауруларын емдеудің жедел шешімін шығаруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы ауыл кәсіпкерлерінің, 145 мың фермердің біліктілігін көтеру мақсатында 36 ғылыми орталық пен серіктес ЖОО-ларды қамтыған фермерлердің жоғары мектебі мен Экстеншн бағдарламасы жұмыс істеуде.

Биылғы жылдың желтоқсан айында университет Алматыда екінші Орталық Азия агротехнологиялық саммитін өткізді. Саммитке 137 жетекші кәсіпорын мен агроқұрылым, 108 мемлекеттік мекеме, 102 бизнес-құрылым, 44 ҒЗИ, 26 қаржы институт өкілдері, АҚШ, Германия, Қытай, Австрия, Жапония, Корея, Нидерланд, Италия және ТМД елдерінің жетекші ЖОО мен ғылыми орталықтарының мамандары, магистранттар, докторанттар қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Халықаралық саммит жұмысы цифрлы технологияларға негізделген ауыл шаруашылығы, экономиканың аграрлық секторындағы әлемдік тенденциялар, агробизнесте стартап жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығындағы маркетинг, мемлекеттік қолдау және аграрлық білім беру мәселелеріне арналды. Самит барысында республикамыздың барлық өңірлерінде ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб филиалын құру туралы аймақ басшыларының ұсынысын бірауыздан қабылдады. Мұндай тәжірибелік, интеграциялық шаралар отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң ықпалын тигізуде.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы – Қазақстан дамуының ең басты бағыты. Ал адами ка¬п謬талға қатысты сапаның артуы, оның ішінде, аграрлық өндіріс, білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін жоғарылату – Президент Жолдауының басты өзегі.

Әлемдік экономикадағы технологиялық үрдістерден қалыспай, жаңа экономикалық революцияға бет бұруға үндеген жаңа Жолдауда айтылған ірі міндеттердің, тың идеялар мен нақты тапсырмалардың жүзеге асуына атсалысу әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҰҒА академигі

АЛМАТЫ