Саясат • 11 Қаңтар, 2018

Жаңа технологиялар енгізу – маңызды міндет

878 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жол­дауымен мұқият танысып шық­тым. Атының өзі айтып тұр­ғандай, одан заман жаңалық­тарының лебі еседі.

Жаңа технологиялар енгізу – маңызды міндет

Иә, қазіргі өмір жедел өзгеріп барады. Жаһандық деңгейде жүріп жатқан осы өзгерістерге сай болуымыз үшін алдымыздан жол көрсететін айқын бағыт қажет еді. Осы бағыт Жолдауда көр­се­тіліпті. Мұнда белгіленген 10 мін­дет­тің қай-қайсысы болмасын өте өзекті.

Мәселен, Жолдауда көр­сетілген бірінші міндетті алайық. Мұнда Елбасымыз еліміз­де жүзеге асырылу үстіндегі индус­триялан­дыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру міндетін қойған. «Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт тө­мендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорын­дарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көз­дейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет», делінген Жолдауда.

Жалпы, мен ғалым ретінде қазіргі замандық жаңа технологияларды өндіріске енгізудің қаншалықты тиімді екендігін өз тәжірибем арқылы көзіммен көрген адаммын десем, артық мақтанғандық болмас. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын сол кезде еліміздегі ірі және дербес құрылым ретінде жұмыс істеп тұрған «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» кәсіпорындарына ТМД елдерінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ саналатын «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» мемлекеттік инфрақұрылым ретінде өндіріс­тік тәжірибеге енгізуді бастаған едік. Оны енгізу оңай болған жоқ. Осы жүйені енгізу барысында «ақпараттық технологиялар дәуірінің» талаптарын тереңнен түсініп, әлем деңгейінде сараптама жүргізе отырып, бұл жаңа жүйені заман талабына сай етіп құруға ұмтылдық. Соның нәтижесінде «Қазақстан Рес­публикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» әлемдегі ең озық геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде дүниеге келді.

Бұл жүйе қазіргі күні де тиімді жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізіп келеді. Өйткені жерге орналастыру мамандары осы жүйенің технологияларын пайдалану нәтижесінде жер телімінің сызбасы мен аумақтағы орналасуын миллиметрлік дәлдікпен белгілей алады. Ал жер телімінің иесі болса, оның интернет арқылы кадастрлық нөмірін көрсету арқылы Жер кадастрының автоматтандырылған жүйесінен көре алады. 

Бұл жүйе елімізде «Элек­тронды үкімет» құрылған кезде де оның порталы­на авто­маттан­дырылған қызметтің алғаш­қы бастамасы ретінде бірінші болып тір­кел­ген болатын. Осы жүйе бойынша біздің алдымыздағы ендігі міндет Елбасы Жол­­дауында көрсетіліп отырған цифрлы техно­логияға өту болып табылады. 

Демек, қазіргі жаңа техно­ло­гия­ларға негізделген мемлекеттік индус­трия­лық саясатты жүзеге асыру дегені­міз, бұл – болашағы­мыздың кілті, жас ұрпақтың бақытты өмірінің кепілі. Халықтың иығын­дағы өмір мен тұр­мыстың жүгі Елбасының Жол­даудағы ел алдына қойып отырған міндет­терін дұрыс жүзеге асырып, осы арқылы қазіргі жаһандық бәсекелестіктің жаңа ағым­дары мен технологиялық трендтерін игергенде ғана әлдеқайда жеңілдей түсетіндігіне сенімдімін.

Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВ,
ҰҒА академигі