Саясат • 11 Қаңтар, 2018

Өзара әріптестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі

288 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына жасағалы отырған сапары үлкен саяси, тарихи және экономикалық маңызға ие. Н.Назарбаев пен Д.Трамптың жеке кездесуі қазақ-америкалық қарым-қатынасқа тың серпін беріп, стратегиялық серіктес­тіктің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз.

Өзара әріптестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі

Кездесу мәнмәтіні

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты сәтті түрде жүзеге асырып келеді. Оның негізі Ресей, Қытай және Америка Құра­ма Штаттары секілді әлемдік саясат­тағы басты күштермен тығыз әрі тең дәрежедегі қарым-қатынасты ұста­ну болып табылады. Қазақстан мен Орта­лық Азияның дамуы соңғы екі онжыл­дықта аталмыш стратегиялық үштаған негізінде жүзеге асты.

Сонымен бірге билікке Дональд Трамп келгелі АҚШ-тың жаһандық іс-қимылына елеулі өзгерістер енгізу көзделген. Ақ үйдегі жаңа әкімшілік сая­саттың негізгі белгісі «Алдымен Америка» ұстанымы болды, бұл Ва­шинг­тонның жеке даму мәселелеріне ден қойғанын білдіреді.

Атап өтерлігі, Д.Трамптың сыртқы саяси бағыты Орталық Азия аймағын­дағы мемлекеттерге АҚШ ықпалының төмендеуіне дайындалу қажет деген түрлі талқылаулар мен пікірлерге түрт­кі болды. Алайда АҚШ пен Орта­л­ық Азия­ғ­а қатысты соңғы оқиғалар мен үр­діс­­тер, соның ішінде АҚШ-тың Ауған­­станға көмекті ұлғайтып, осы ел­дегі аме­рикалық құрамды арттыруға бағыт­­талған жаңа стратегиясын жария­лауы Вашингтон үшін аймақтың орны мен рөлінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Алдағы сапар

Атап өту керек, Мемлекет басшысы­ның алдағы сапары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың 2017 жылдың қыркүйегінде болған телефон арқылы сөйлесуінің нәтижесі. Әңгіме барысында АҚШ президенті қазақстандық әріптесін Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырған еді. Бұл факт Қазақстанның АҚШ-та Орталық Азия аймағы мен посткеңестік кеңістіктегі келіссөздер бойынша негізгі серіктес ретінде қарастырылатынын білдіреді. Бұған бірнеше фактор себепкер.

Біріншіден, аймақтағы елдер арасында Қазақстан ең модернизацияланған әрі тұрақты дамып келе жатқан мемлекет, бұл өзге елдер алдындағы маңыз­ды артықшылығымыз болып табылады және Астана мен Вашингтонға ауқым­ды мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар Қазақстан америкалық инвес­тициялардың басым бөлігі шоғырланған Орталық Азияның ірі экономикасы болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде америкалық капитал үлесі бар 425 компания қызмет етуде, ал АҚШ-тың тікелей инвестицияларының мөлшері 1993 жылдан бергі аралықта $26 млрд-ны құрады. Сондай-ақ АҚШ көзқарасы бойынша, Қазақстан аймақтық интеграция мәселесінде үлкен әлеуетке ие.

Тағы бір маңызды жайт, Ресей мен Батыс арасындағы шиеленістегі Қазақ­станның ұстанымы америкалық басшы­лық тарапынан оң бағаға ие. АҚШ түйткілді геосаяси қайшылық­ты шешудегі делдал ретінде тұрақтан­ды­ру­­шы рөлін атқарып отырған Астана­ны посткеңестік кеңістіктегі маңыз­ды серіктестердің бірі ретінде қарастырады.

Ең бастысы, АҚШ басшылығы Қазақ­стан мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығын мойындайды. 2017 жылдың 21 қыркүйегінде АҚШ бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің жаппай қырып-жою қаруын тарат­пау қаупі тақырыбына арналған ми­нистр­лер деңгейіндегі отырысы өтті. Отырыс барысында АҚШ-тың мемле­кет­тік хатшысы Рекс Тиллерсон жаһандық қару­сыздандыру мен ядролық қаруды тарат­паудағы Қазақстанның рөліне жоғары баға берді.

Тиллерсонның сөзіне қарағанда, Қазақстан ядролық қарудан бас тартуда бірегей дана мысал болып табылады. АҚШ-пен серіктесе отырып Қазақстан өз аумағындағы барлық бұрынғы кеңес­тік қару мен соған байланысты ядро­лық технологияларды жойып, ЯҚТШ-ға (Ядролық қаруды таратпау жөнін­дегі шарт) ядросыз мемлекет ретінде қосылды.

Сапардың күн тәртібі

Екі мемлекеттің өзара дамытуы қажет ең басым бағыты экономи­ка бо­лып табылады. Әсіресе Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда серіктес­тігі еліміз бен өзге ірі мемлекеттер ара­сындағы сауда айналымымен салыс­тырғанда мар­дым­сыз. 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда-саттық көлемі $1,5 млрд-ны ғана құрады. 

Осыған байланысты Астана мен Вашинг­тонға бизнес өкілдері арасын­дағы келіссөздерді күшейтуге назар аудару керек. Ең алдымен АҚШ-пен жоғары технологиялар және иннова­ция­лық қызмет саласы бойынша серік­тестікті жүзеге асыру маңызды.

Америка Құрама Штаттары иннова­циялық және технологиялық өндірісті дамыту бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие. Технология саласындағы серіктес­тікті дамыту мәселесі күн тәртібінде тұратыны туралы Мемлекет басшысы өткен жылдың қараша айында өткен «Астана клубы» отырысында мәлімдеген болатын.

Трамп әкімшілігінің сыртқы саясат­тағы басты бағдары – халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес. Астана мен Вашингтон арасындағы серіктестіктің маңызды алаңы Ауғанстан болып табылады. Ауғанстандағы жағдайлар Қазақстан үшін де, Трамп әкімшілігі үшін де өте маңызды. Осы орайда еліміз бен АҚШ-тың арнайы қызметтері арасындағы өзара ақпарат алмасу мен кеңестер өткізу өте өзекті мәселе. Сондықтан аймақ қауіпсіздігі мен бұл бағыт бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге ерекше назар аударылады. 

Сонымен бірге Астана мен Вашинг­тон арасындағы өзара ықпалдастық жаһандық қауіпсіздік мәселелерін де қамтиды. Президент Трамптың жаңа әкімшілігі Қазақстанмен ядролық салада серіктестікті арттыру бағытына басымдық береді. 2017 жылдың тамыз айында Қазақстан аумағында ашылған МАГАТЭ бақылауындағы төмен байы­тыл­ған уран банкінің жұмысы серіктес­тіктің маңыздылығын арттырады.

Қазақстан мен АҚШ басшыларының кездесуі аясында гуманитарлық серік­тес­тік саласындағы байланысты күшей­ту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінбек. Бұл жерде басым бағыт ретінде білім саласындағы серіктестікті атап өтуге болады. Қазақстандық жастардың «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге барып білім алуда көбірек таңдай­тын мемлекеттің бірі АҚШ екені белгілі. Қазақстанның білім мекеме­лері АҚШ-тың жоғары оқу орындары­мен академиялық серіктестікті қалыптас­тыруға мүдделі.

Осылайша бүгінгі таңда Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасын­дағы серіктестікті дамыту үшін жақсы база әрі барлық жағдай жасалған. Мем­лекет басшысының алдағы сапары да екі ел арасындағы стратегиялық диалог­ты нығайтатыны сөзсіз.

Ержан САЛТЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры