Парламент • 12 Қаңтар, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңғыртудың айқын бағдарламасы

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем адамзат үшін шын мәнінде бірегей мүмкіндіктер ашатын төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа технологиялардың енуі экономикалық ұста­ным­ды, адамдардың өмір сүру салтын, жұмыс күші нарығын түбегейлі түрде өзгертпек. Цифрландыру тұтастай алғанда өркениетті қоғамды және әрбір адамның жеке ерекшеліктерін жаңа сапалық қа­лыпқа түсіреді. Сонымен қатар Төртінші өнеркәсіптік революция немесе Индустрия 4.0 деп аталып жүрген жаңғыру жаңа жаһандық сын-қатерлерді тудыратыны анық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңғыртудың айқын бағдарламасы

Кейбір сарапшылар болашақта әлемнің этностық және діни белгілер бойынша емес, технологиялық құрылымына қарай жіктелетіндігі жөнінде болжам жасауда. Алдыңғы қатарлы державалар күшті серпіліспен ілгері озуы мүмкін, бұл даму кезеңін кенжелетіп алған елдер үшін үнемі шетте қалу қаупін туғызатын болады. Бұл жағдай әлемнің саяси картасының трансформациялануына: өз кезегінде күтпеген альянстардың пайда болып, халықаралық қатынастар парадигмасын да өзгертеді. 

Президент Н.Назарбаев Қа­­зақ­­стан халқына жаңа Жолдау­ында мем­лекетіміздің дамуы­ның аса өзекті сауалдарына қатыс­ты толық­тай жауап берген. Орын алуы ық­тимал барлық сын-қатерлер мен қауіптерді еске­ре отырып, Пре­зидент Қазақ­стан халқын бола­шақтағы әлем­дік құрылымның іргелі түрде өз­геруіне жан-жақты дайын болуға шақырады. Бұл стратегиялық құжатта Төртінші өнеркәсіптік революцияның мүл­де жаңа жағдайында Қазақстанды жаңғыр­тудың нақты бағдарламасының ұсынылуы Жолдаудың басым тұсы болып табылады. Бұл ретте еліміздің жаңа бет-бейнесі жө­нін­де сөз болып отыр, ол қазіргі заманғы мемлекеттік институттарды, энергиясы тиімді эконо­миканы, цифрлы технологиялар­ды, интеллектуалды көлік инфра­құрылымын, «ақылды қалаларды» қамтиды. 

Елбасы Қазақстанның бүкіл дамыған ел­дердің қатарына қо­сылып, озық мемлекетке айналуы үшін аса қажетті 10 негізгі мін­детті нақтылап берді.
Президенттің ел экономика­сын индус­трияландыруға жә­не цифрландыруға қатысты тапсыр­маларының маңызын атап өту қажет. Расында да инновацияны ендірмей, IT саласын және ин­жи­нирингтік қызметтерді жетіл­дірмей, еліміздің өнеркәсібі ал­дың­­ғы қатарлы стандарттарға сай келетін және әлемнің нарық­тар­ын­да сұранысқа ие болатын өнім­дерді шығара алмайтыны анық. 

Цифрлы технологиялар дәуі­рінде елі­міз­дің ресурстық әлеуе­тіне қатысты үйреншікті көз­­қарасты қайта қарастырған жөн. Күн тәр­ті­бінде «жасыл» эконо­ми­каға көшу, энер­гия­лық тұрғыдан тиімді, экологиялық жағы­нан таза өндірістерді кеңінен ендіру, жаң­ғырмалы энергия көздеріне көшу мәселелері тұр. 

Жаңғырту аграрлық сектор­ды да қам­тиды. Жаңа техноло­гия­лардың, бизнес-мо­дельдердің, зияткерлік жүйелердің енгі­зілуі, агроөнеркәсіптік кешеннің барын­­ша ғылымға негізделуін ұлғай­ту бұл сала­ның өнімділігін бірне­ше есе арттыруға мүм­кін­дік береді. Тиімсіз субсидиялар­дан банк кре­диттерін арзан­дат­у­ға көшу арқылы саланы қар­жы­ландырудың жаңа сапалық дең­гейі қалыптасады. Мемле­кет басшысы 5 жыл ішінде агро­өнер­кәсіптік кешендегі ең­бек өнім­ділігін және өңделген ауыл ша­руа­шы­лығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есе ұлғайту туралы нақты міндет қойып отыр.
Мемлекеттің Төртінші өнер­кә­сіптік рево­люцияға дайындығы көлік инфра­құ­ры­лымының тиім­ділігімен тікелей байланысты. Логистикалық тізбектің бар­лық буындары зияткерлік бағ­дар­ла­ма­лар негізінде өзара тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Құрылыс пен ком­му­налдық секторда заманауи технологияларды ендіру маңызды міндет болып табылады.

Экономиканың күре­тамыры саналатын қаржы секторын жаң­ғыртуға маңызды орын беріледі. Банк секторы мен Ұлттық банк­тің жұмысына әділ сын айтылып келеді. Мем­лекет басшысы қар­жылық реттеушіні негізді түрде сынай отырып, банк қоржынын «нашар» кредиттерден босатуды және қаражатты банктерден әке­туді тоқтатуды талап етті. Банк жүйесі экономикалық өсімді ынта­ландыруы тиіс, осыған байланысты экономика салаларының рента­бельділігін ескеретін нақты мө­л­шерлеме бойынша бизнесті ұзақ мерзімді кредитпен қамту жө­нін­де өзекті міндет қойылып отыр.
Жолдаудың ерекше құнды жағы – мем­лекеттің әлеуметтік мін­деттемелерді қол­дайтынын мә­лім­­деу. Адам капиталын дамыту стра­тегиялық тұрғыдан ма­ңыз­ды міндет болып саналады. Бұл мәселені шешу жолында білім беру жүйесін одан әрі жаң­ғыр­ту жөнінде кешенді шаралар көзделген. Мұғалім маманды­ғы­ның мәртебесін жоғарылату үшін педагогтардың еңбекақысы айтар­лықтай көбейтіледі. Бұл ша­раның қажеттігі туралы Сенатта да бірнеше мәрте айтылған болатын. 

Білім беру, мәдениет пен идео­логия ұлт­тың рухани әлеуе­тін нығайту үшін қызмет етуі тиіс. Осы орайда Мемлекет бас­шы­сының «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ за­манына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көз­қарасы бар қазақстандық біз­дің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деген ойына назар аудару қажет. Бұл тұжырыммен келіспеуге болмайды. Өйткені Индустрия 4.0. дәуірінде біздің елі­мізді ілгерілететін дәл осындай лайықты тұл­ғалар.

Біз, қазақстандықтар, мемле­кетті бас­қа­рудың тиімді жүйесін құру, сыбайлас жем­қорлықты же­ңу және заңның үстемдігін кү­шей­­ту бойынша күрделі міндет­терді шешуге тиіспіз. Азамат­тар­дың конституциялық құқықтарын ны­ғайту жұмысы заңнамалық дең­гейде жалғасын табатын болады.
Елорданың дамуы Елбасының үнемі назарында. «Смарт Сити» немесе «ақылды қала» ретінде Астана бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс. Жақын болашақта жаңа технологиялардың дамуына, жасанды интеллектінің пайда болуына байланысты мемлекеттің дәстүрлі рөлінің өкілдік ету функциялары ығыстырылып, осы «ақылды қалалар» экономикалық және гуманитарлық тұрғыдан тартымды болатыны сөзсіз.

Жолдаудың негізгі мін­дет­терінің оңтайлы шешім табуы олардың заңнамалық жағынан қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Бұл жерде әңгіме цифрлы технологияларды енгізуге, вен­чурлық қаржыландыру нары­ғының жұмыс істеуіне, бизнесті ынта­­ландыруға, «жасыл» технологияларды енгізуге байланысты мәселелерді реттеу, сондай-ақ ма­ңызды әлеуметтік мәселе­лерді шешу туралы болып отыр. Бұл ретте Пар­ламент Сенаты қа­жетті заңдарды уақтылы әрі сапалы қабылдау үшін барлық күш-жі­герін салуға дайын.

 Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы Жолдау – мәні мен маңызы жағынан, тың геосаяси, геоэкономикалық, гео­өркениеттік жағдайлардағы іс-қимыл бағ­дарламасы. Мәселе тө­тесінен қойылып отыр: Қазақстан осы жағдайларға толық дайын­дықпен бет бұрады немесе тарих көшіне ілесумен боламыз. Жауап айқын. Сондықтан Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде біздің алдымызда бар күш-жігеріміз бен білімімізді аямай еңбек ету міндеті тұр. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Парламент Сенатының Төрағасы: