Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Мақсат – дені сау ұлт қалыптастыру

914 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін


Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт туралы айтылды. Бүгінгі таңда халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мемлекет үшін маңызды мәселе. Ол үшін медициналық технологиялардың дамуы және медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсуі қажет. Бұл жайында Президент «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», деп нақты атап көрсетті.

Мақсат – дені сау ұлт қалыптастыру

Еліміздің денсаулық сақтау саласында әлемде бұрыннан бар тәжірибелер қолданылып келеді. Енді сол тәжірибелерді батыл әрі белсенді түрде енгізу керектігін Елбасы өз Жолдауында айтты. Бұл орайда Тараз Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы технологияларды дамыту ісін қолға алып отыр. Сондай-ақ медицина саласының ғылыми-зерттеу жағына көп көңіл бөлініп, бірнеше докторлық диссертациялар қорғалды. Бұл жерде жүрек, бүйрек секілді адам ағзаларын ауыстыру тәжірибесі де оң нәтиже беруде.

Жалпы, медицина саласында алдымызда тұрған міндет көп. Халық әрбір тәжірибенің, жетістіктің игілігін көруі керек. Сондықтан халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға да баса көңіл бөлген жөн. Бұл орайда Елбасының «Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек», деген сөзін негізге ала отырып, әлемдегі озық тәжірибелерді өзімізге енгізуге болады. 

Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін құру, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері медицина саласына оң серпін беріп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуда және өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Тағы бір мәселе, Жолдауда жаңа технологиялар арқылы медициналық тәжірибелер барлық медициналық жоғары оқу орындарында таратылу керектігі айтылды. Бұл орайда Елбасы Назарбаев Университеттің бірегей медицина мектебінің тәжірибесін қолдану керектігін көрсетті. 
 Елбасы Жолдауы өнеркәсіп пен ғылымды ұштастыру арқылы адамзат өркениетіне, ұлт денсаулығына қыз­мет істеуді міндеттеп отыр.  

Сейітхан ЖОШЫБАЕВ,
«Тараз Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» 
бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Жамбыл облысы