Медицина • 12 Қаңтар, 2018

Жолдау-2018: білім – басты бағдар

3472 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі неде?  біз осы сұраққа Жолдау мәтініне контент-талдау жасау арқылы жауап іздеп көрдік.  

Жолдау-2018: білім – басты бағдар

Білім

Бір байқағанымыз, Жолдауда «білім» сөзі 24 рет кездеседі екен. Бұл білім саласы басты назар­да екенін көрсетсе керек. Әсі­ре­се, мұғалімдердің жа­ла­қысы бі­ліктілігінің расталу­ына байла­нысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды ха­лық ерекше ықыласпен қа­был­дады. Президент осы мақ­сат­т­а биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу керектігін айтты.

Жолдаудың бір ерекшелігі – мұн­да білім саласының барлық са­тылары бойынша нақты мін­дет­­тер айқындалған. Мысалы, Пре­зидент орта мектеп, колледж, ЖОО үздік оқытушыларының бейне­сабақтары мен бейнелек­цияларын Интернетке орналас­ты­­ру керек екенін атап өтті. Бұл расымен, еліміздің түк­пір-түк­пі­ріндегі ұстаздарға қолже­тім­ді әрі пайдалы дүние болары анық. Сонымен қатар бұл ауыл мен қала білімін теңестіруге жағ­дай жасайды деп ойлаймыз. Президент Жолдауда ЖОО бойынша да нақты міндеттер қойған. Оның ішінде Президенттің аг­рар­лық университеттердің рө­лін қайта қарау туралы ойына ерек­ше тоқталуға болады. Се­бебі Елбасы мұндай оқу орын­да­­рының диплом беріп қана қой­­­май, ауыл шаруашылығы ке­ше­­нінде нақты жұмыс істейтін не­­месе ғылыммен айналысатын м­а­мандарды даярлау керек екенін айтты. Агроөнеркәсіп са­ласының Қазақстан экономи­ка­сында алатын рөлінің ерекше еке­­нін ескерсек, бұл жоғары оқу орын­дарындағы оқу бағ­дар­ла­ма­лары жаңартылып, агро­өнер­кәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасса, саланың дамуына ерекше үлес болары сөзсіз. 

Ұлт, денсаулық, әлеумет

Жолдаудан «Ұлт» сөзін 19, «әлеуметтік» сөзін 18, «ден­сау­лық» сөзін 8 рет кездес­ті­­ру­­ге бо­лады. Яғни халықтың әл-ау­қа­ты, әлеуметтік жағдайы мен ден­­саулығы басты назарда. Осы рет­­­те 2016-2017 жылдары зей­нет­­ақы мен жәрдемақы үш рет кө­­бейгенін айта кетуге болады. Ба­залық зейнетақы 29 пай­ыз­ғ­а, ынтымақты зейнетақы 32 пай­ызға, бала тууға байланыс­ты жәрдемақы 37 пайызға, ал мү­­гедектер мен асыраушысынан айы­рылғандарға төленетін жәр­­де­­мақының әрқайсысы 43 пай­ыз­ға өсті. Сондай-ақ ден­сау­лық сақ­тау саласындағы қыз­мет­керлердің, білім беру саласы қыз­меткерлерінің, әлеуметтік қор­ғау саласы қызметкерлерінің жа­лақысы, стипендиялар да кө­те­ріл­ді. Республикалық бюджеттің әлеу­­меттік салаға бөлінген шы­ғы­ны 2018 жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. 

Жолдауда бұл салалар бойынша нақты міндеттер де қойылған. Мысалы, Президент денсаулық сала­сында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онко­­логиялық орталық құру қажет еке­нін айтты. Сонымен қа­тар «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» ко­декстің жаңа редакциясын әзір­леуді тапсырды. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан не­гіз­гі созылмалы ауруларға алыс­т­ан диагностика жасап, осы са­­ланы амбулаторлық емдеу ар­қылы басқаруға көшу қажет еке­нін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Жол­дауда Президент тегін ме­ди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды. 

Жолдауда Н.Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру тап­сыр­масына Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапсыздық танытып, атүсті қарағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа маман­дық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Со­нымен қатар Президент бі­рың­ғай электрондық еңбек бир­жасын кең ауқымда енгізу қажеттілігін атап өтіп, Элект­рондық еңбек биржасы ту­ралы заңды 2018 жылғы 1 сә-
у­ірге дейін қабылдау керектігін айт­ты. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан 2018 жылдан бастап ха­лықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеу­меттік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшті. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50 пайызға дей­ін көтерілді. Сонымен қатар ең­бек­ке қабілетті әлеуметтік тұр­ғы­дан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай кө­мек олар жұмыспен қамту шарала­рына қатысқан жағдайда ға­на қол­жетімді болады. Еңбек­ке қа­бі­летсіз азаматтарға мем­ле­кет­тік қолдау көрсету шаралары кү­шей­тіледі.

Экономика, бизнес

Биылғы Жолдауда «экономика» сөзі 17, «бизнес» сөзі 15 рет кез­деседі. Яғни экономикалық өсім­ге қол жеткізуге бағытталған мін­деттер қатарында бұл сала­лар­ға да басымдық берілген. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда болашақта жаһандық экономика мен еліміздің экономикасын дамытуда ерекше маңызға ие болатын жаңартылатын энергия көздері туралы да айтқан. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энер­гия көздерінің 55 нысаны 2017 жылы 1,1 миллиард ки­ло­ватт-сағат «жасыл» энергия өн­ді­рген. Жолдауда Президент 2030 жылға қарай Қазақстандағы ба­ламалы энергия үлесін 30 про­цент­ке жеткізу міндеті қойыл­ға­нын айтқан. 

Жолдауда айтылғандай, 2017 жылы Қазақстан арқылы өт­кен жүк транзиті 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуық­та­ған. Енді транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жы­лы 5 миллиард долларға жет­кізу мін­деттеліп отыр. Бұл инфра­құ­ры­лымға жұмсалған мемлекет қа­ражатын тез арада қайтаруға мүм­кіндік береді. 

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»