Футбол • 12 Қаңтар, 2018

Саян Хамитжанов: «"Астанаға" Твумаси бойынша екі ресми ұсыныс түсті»

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Астана" футбол клубының Президенті Саян Хамитжанов Патрик Твумасидің "Бурсаспор" сапына ауысуы туралы өз пікірімен бөлісті. Осыған дейін БАҚ беттерінде Твумаси түркиялық командаға 1,5 миллион еуроға сатылғандығы хабарланған болатын. Алайда, бұл ақпаратты елордалық клуб ресми түрде нақтыламады. 

Саян Хамитжанов: «"Астанаға" Твумаси бойынша екі ресми ұсыныс түсті»

- Дәл қазір Твумаси  «Астана» футбол клубының ойыншысы. Оның елордалық клубпен келісімшарты бар. Біз желіде жазылып жатқан ақпараттарды барынша қарап отырамыз, алайда, олардың барлығы шындыққа жанасады деуге келмейді. Біздің тарапқа нақты екі клубтан ресми ұсыныс түсті. Дегенмен, олар бізді қанағаттандыратын қаржыны төлегілері келмеді. Ал Твумасиді өз бағасынан төмен бағаға басқа клубқа жіберудің ешқандай мағынасы жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, біз Патрикті және ұсыныс түскен басқа ойыншыларды команда құрамында қалдырып, УЕФА Еуропа Лигасының 1/16 кезеңінде лайықты өнер көрсетіп, алдағы жылы тағы да еурокубоктердің топтық кезеңіне шыққымыз келеді. Бұл бірінші кезекте клубымызға көбірек қаржы әкеледі, екіншіден Қазақстанның барлық өңірлеріндегі біздің жанкүйерлерімізге ерекше қуаныш сыйлайтын болады. 

-  Егер де клубты қанағаттандыратын лайықты ұсыныс түссе, ол ойыншының орнын жоқтатпайтын футболшы тауып үлгересіздер ме?

- Тарих дәлелдегендей, алмастырылмайтын ойыншы жоқ. Дегенмен, Патрик біздің клубтың негізгі ойыншыларының бірі екендігін мойындауымыз керек. Сонымен бірге, бюджеттің кіріс бөлігі мен клубтың алдында тұрған спорттық мақсаттар арасындағы теңгерімді сақтау қажет. Яғни, ойыншыларды сатып ақша табу, клубытың спорттық мақсаттарға жету жолына кедергі болмауы тиіс. Егер біз дәл қазір біздің негізгі ойыншыларымызды сатып жіберетін болсақ, соңғы айдың өзінде 40 миллион еуродан жоғары бағаға 4 ойыншы сатып алып, қатарын толықтырған «Спортингке» қарсы тұра аламыз дей алмаймын. Біз тек біздің клубтың ғана емес, бүкіл Қазақстан футболының намысын қорғаймыз. Біз бұл тарихи ойын алдында ешқандай кадрлық кемшіліктер болғанын қаламаймыз. Сондықтан, біз ойыншыларды бізге қажет бағаға, реті келген кезде ғана сатамыз.

- Жыл басында елімізге танымал спорт сайттарының бірі жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізіп, Сізді «жылдың үздік спорт менеджері» ретінде таңдаған болатын. Сіз бұл мәлімдемеге келісесіз бе?

- Өзімнің жасап жатқан жұмысыма өз тарапымнан баға беру, менің ойымша дұрыс емес. Команда өткен маусымда Қазақстан чемпионатында топ жарып, еурокубоктерге қойған жоспарын асыра орындап, ел футболы тарихында тұңғыш рет Еуропа Лигасының 1/16 кезеңіне жолдама алғанын ескеретін болсақ, клубымыз дұрыс бағытта келе жатыр деуге толық негіз бар.