Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

Рудный қаласының әкіміне сөгіс берілді

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл аяғында Рудный қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Досполов 15 миллион пара алды деген айыппен 8 жылға сотталған болатын. Осы дабылды қылмыстық іске байланысты Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовқа сөгіс берілді. 

Рудный қаласының әкіміне сөгіс берілді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаменті  басшысының орынбасары Ерлан Салықбаевтың айтуынша, қазір  қарамағындағы  қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса мемлекеттік орган басшысы сол үшін қызметтен алынатын  норма жоқ, бірақ мұндай аса ауыр қылмыс жасалғанда үнсіз қалу, бағасын бермеу тағы да орынсыз.

Қазір  коррупциялық тәуекелдерді жоюдың басты жолы оны ескертіп отыру болып табылады. Ерлан Салықбаевтың айтқан ақпараты бойынша,  мемлекеттік қызмет жұмысындағы реформа да осы бағытқа арналған. Негізі мемлекеттік қызметке баруға ниет білдіретіндердің қатары көп.  Өткен жылы мемлекеттік қызмет пен  құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келген 5700 адам заңнамалар жөніндегі білімін тексеретін тестен өткен болатын.  Соның  жартысы ғана  емтихан тапсыра алған. Солардың арасында  конкурс арқылы  лауазымды орынға ие болғандары тіпті аз, себебі олар біліктілік талаптарына  сәйкес келмеген. Керісінше,  мемлекеттік органдарда, әсіресе, өңірлерде бос орындар көп.

Өткен жылы Департамент 27 мемлекеттік органдар мен 12 ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекеліне  талдау жасаған.  Талдау бойынша 160 заң бұзушылық тіркеліп, жойылған. Қарабалық ауданында әкім лауазымын артық пайдаланғаны үшін сотталды. Өткен жылы барлығы қылмыстық жауапкершілікке 55 адам тартылған, ал 2016 жылы  бұл көрсеткіш 45 болатын. Олар негізінен  полиция қызметкерлері.  Коррупциялық құқық бұзудың санаты жөнінен бірінші орында  пара, екінші орында  лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану тұр.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай