Аймақтар • 13 Қаңтар, 2018

БҚО-да кəсіпкер көпір салды

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көпір – өзенді, сай-салалы елдің аса өзекті мәселесі. Мысалы Батыс Қазақстан облысы аумағынан Жайық өзенінің 500 шақырым бөлігі ағып өтеді. Бірақ көпір Орал қаласы тұсында ғана бар. Өзен бойындағы өзге жұрт қыстың күні мұз қатқанда болмаса, қалған уақытта өткел іздеп сабылып жүреді. Жайықтан бөлек Сарыөзен, Қараөзен, Қалдығайты, Өлеңті, Бұлдырты, Шыңғырлау секілді шағын өзендер де батысқазақстандықтардың бас ауруы болатын кезі аз емес.

БҚО-да кəсіпкер көпір салды

- Біздің Белогор ауылынан, қазір Ақтау дейміз, аудан орталығы Шыңғырлау селосына бара жолда Ащы және Шыңғырлау өзендері бар. Жазғытұры су тасығанда Шыңғырлау өзені бір ай өткел бермейтін. Ай бойы қайықпен қатынайтын едік. Жыл сайын жаздың бір айы осы жолдағы көпірді жөндеуге кететін. Су тасығанда тіпті кісі өлімі де болды. Ел азаматы Мерболат Тасмағамбетов халықтан бір теңге алмастан жаңа көпір салып отыр. Бүкіл ақтаулықтар қуанып, әр отбасы алғыс жаудырып жатыр, - дейді ауылдың ардақты қарты, ауданның құрметті азаматы Клим Бексейітов.

Белогор ауылдық округінде бүгінде 535 адам тұрады. Табиғаты әдемі, тарихи Торыатбасы тауы бар өңірден бір кездері халықтың жаппай көшіп кетуіне осындай жол қиындығы да әсер еткен шығар-ау. Жыл сайын көктемде айдан аса уақыт «аралда» қалатын ақтаулықтар енді бұл азаптан құтылды.

– Белогор ауылына барар жолда Ащы және Шыңғырлау өзендері ағып жатыр. Совет үкіметі кезінде де бұл жолға дұрыс көпір салынбаған. Ауыл тұрғындары 1991 жылдан бері көктемде өткел қиындығын тартатын. Өз күшімен жөндеп, жамап-жасқап қойған көпірсымақты жыл сайын көктемгі тасқын қиратып алып кететін. 2011 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, Ащы өзеніне көпір салынды. Арнайы жобалық-сметалық құжаты жасалып салынған көпірге 250 млн теңге қаражат кеткен. Бүгін Шыңғырлау өзеніне салынған өткел де сапасы жағынан сол көпірден кем түспейді, - дейді Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Ержан Тұрмағамбетов.

Жаңа көпірді Мерболат Тасмағамбетов басқаратын «Жарас» ЖШС жұмысшылары 1 айдан аса уақыт ішінде салып шыққан. Түрлі ақпарат көздерінде «7 млн теңге жұмсалды» дегенімен, Мерболат Алғалиұлы шыққан шығын бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Мал шаруашылығымен, егін сақтаумен, құрылыс ісімен шұғылданатын қожалық бұл сауапты іске өз жұмысшыларын, техникаларын және өздері шығарған құрылыс материалдарын пайдаланған. «Ең алдымен көпірдің сапасына көңіл бөлдік» деген Мерболат Тасмағамбетов көпірден 40 тонналық көлікті өткізіп сынағанын, жаңа нысан сынақтан ойдағыдай өткенін айтты.

- Торыатбасы – бүгінде жасы 80-ге келген әкемнің туған жері еді. Бұл көпірді атажұртыма, ауылдастарыма құрмет ретінде, Алланың разылығы үшін ғана жасадым. Басқалай ойым, кәсіпкерлік мүддем жоқ бұл істе, - дейді бізге Мерболат Тасмағамбетов. «Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені» дейді екен пайғамбар хадисінде. Елге пайдалы, өзге әріптестеріне үлгілі болған бұл істің бітуіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы барыпты. Сөйтіп, «Жарас» ЖШС жетекшісі Мерболат Тасмағамбетовке және осындай бастамаларға үн қосып, демеушілік көрсетіп жүретін жергілікті тұрғын Таубай Мұқановқа алғыс хат табыс еткен.

«Бар болсаң, халыққа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген ғой. Оқиға орнында болған шыңғырлаулық әріптесіміз Қаршыға Елемесов Мерболаттың мәрттігіне ел-жұрттың ықыласы ерекше болғанын айтады. Біз де осы көпірден өткен әр жанның алғысы сансыз сауап болып кәсіпкердің алдынан шықсын дейміз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ