Аймақтар • 13 Қаңтар, 2018

Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөнделеді

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы аумағында ұзындығы 800 шақырым болатын автокөлік жолдарын жөндеу жоспарға енді. Бұл жұмыстарға 39 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөнделеді

Елбасының биылғы Жолдауын талқылауға арналған активтің жиналысында облыс әкімі Ерлан Қошанов аудан орталықтары ішіндегі жолдарды жөндеуге қаржы қарастырылғанын атап өтті. Бұрындары бұл жүктемені аудан әкімдіктері мен республикалық қазына орындап келді. Енді жолдарды қалпына келтіру шараларын облыстық бюджет есебінен іске асыруға шешім қабылданды.

«Қарағанды облысының транзиттік әлеуеті зор. Бүгінгі жағдайды ескере отырып, біз бұл басымдықты толық деңгейде пайдалана алуымыз керек. Мемлекет басшысы жолдардың жергілікті желілерін жөндеу мен қайта салуға қатысты қаржыландыру сомасын арттыруға тапсырма берген болатын. Өткен жылы елеулі жұмыстар атқарылды, яғни 863 шақырым жол жөндеуден өтті», - деп тоқталды өңір басшысы.

Белгілі болғандай, 2018 жылы Орталық-Оңтүстік дәлізіндегі Қарағандыдан Теміртауға дейінгі аралықта жұмыстар аяқталады. Осы жылға Қарағанды-Жезқазған жолының учаскелеріне орташа жөндеу шаралары, сонымен қатар өзге де жолдарды қамту жоспарланған. «Ағымдағы жылы бюджеттен жолдарды жөндеу жұмыстарына 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл өз кезегінде 800 шақырым жолды қамтуға мүмкіндік береді», - деп нақтылады Е. Қошанов.

Атап айтқанда, биыл облыстық әрі аудандық автожолдардағы төрт көпір қайта салынбақ, сондай-ақ Қарабас-Жантас және Ақтоғай-Балқаш бағыттарындағы проблемалы учаскелерде күрделі жөндеу жүргізілмек.