Аймақтар • 14 Қаңтар, 2018

Қарағанды облысының барлық мектептері робототехника зертханаларымен қамтамасыз етіледі

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов білім беру робототехникасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

 

Қарағанды облысының барлық мектептері робототехника зертханаларымен қамтамасыз етіледі

Сонымен бірге аймақтың кәсіби техникалық білім саласында аймақаралық құзірет орталықтары құрылатын болады. Ол туралы облыс әкімі Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа мүмкіндіктерді дамыту» Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды талқылауға арналған актив жиналысында мәлімдеді. «2016-шы жылдан бастап білім берудің жаңартылған құрамына ауысу басталды.

Жаңа бағдарламалар бойынша біздің облысымыздың 40%-дан астам мектеп ұстаздары дайындықтан өтті, осы жылдың соңына дейін олардың үлесі 60%-ға дейін ұлғаяды. Сіздер білесіздер, 2018-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жаңартылған құрамға ауысқан мұғалімдердің жалақысы 30%-ға көтеріледі», - деді Ерлан Қошанов.

Ол сонымен қатар облыстың робототехника білімін дамытуға басымдылық жасап отырғанын айтты. «Тек соңғы жылдың өзінде-ақ мектеп зертханаларының саны 47-ден 200-ге дейін ұлғайды. Біздің алдағы жылға қойып отырған мақсатымыз - робототехникамен барлық орта және негізгі мектептерді қамту. Олардың саны бізде - 467, - деді аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне. - Осыған орай мектептердегі робототехника зертханалары базасында технопарктер құру бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Менің ойымша оны облысымыздың барлық қалаларында жасауға болады».

Ерлан Қошанов қосымша білім ұйымдарының, әсіресе техникалық бағыттағы мекемелередің желісін кеңейту қажет деп ойлайды. «Біз кәсіби және техникалық білім жүйесін жетілдіруді жалғастырамыз. 3 колледж негізінде аймақ аралық құзірет орталықтары құрылатын болады, - деп түсіндірді ол. - Біздің облысымыздың екі колледжі республика бойынша алғашқылардың бірі болып жоғарғы дәрежеге ие болды. Білім басқармасына жаңа оқу жылынан бастап олардың санын алтыға дейін өсіруге тапсырма беремін».