Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

«Тәуел­сіздік дәуірі» – жасампаздық шежіресі

7150 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуел­сіздік дәуірі» деп аталатын жаңа кі­табы – бұл, әрине мемлекеттілікті қалыптастыруда іргелі өзгерістер орын алған тәуелсіз дамудың 26 жылына деген авторлық көзқарас. Автордың өзі атап көрсеткендей, «Мемлекет құру – аса күрделі жасампаз процесс». Кітап қазірдің өзінде тарихи публицистика ретінде оқырмандар тарапынан ең жоғары баға алып үлгерді. Ол біздің неден бастап, қай жерге келгеніміз, қайда бағыт алып бара жатқанымыз жөнінде көптеген сұраққа жауап береді.

«Тәуел­сіздік дәуірі» – жасампаздық шежіресі

Кітапта «Тәуелсіз Қазақстанның бас­тау­ында. Жаңа мемлекетке 20 сын-қатер» деп аталатын қызықты графика бар. Қазір бұл сын-қатерлер еңсеріл­геннен кейін мұның өзі тарихқа айналды. Қазіргі кез дағдарыс, қақтығыс пен мемлекеттік апаттар қаупі еселеп артып отырған кез. Әрбір мемлекет ерте ме, кеш пе, әйтеуір «тарихи жол айырығына» тіреліп: азып-тозу, революция жасау не эволюциялық даму жолын таңдау қажеттігіне тап болады. Соңғы жылдары араб әлемі мен посткеңестік кеңістікте болған революциялар толқыны «революциялық секіріс» әрекеттері, қандай ізгі мұраттарды мақсат тұтса да, елдің дамуын тежеп, былық пен құлдырауға, дәл сол азып-тозуға апарып соқтыратынын айқын көрсетті. Қазақстандық модель немесе Назарбаев моделі – бұл эволюциялық даму жолы, оның үстіне мұнда эволюциялық дегеніміз қасаң «консерватизмді» біл­дір­мейді, қайта қоғамның орнықты­лығы экономикалық, саяси және гу­манитарлық салалардағы озыңқы даму жобаларымен қамтама­сыз етіледі. Енді бұл модель 2017 жылдан бас­тап Қазақстан Республи­касының Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың «Жаң­ғыру – 3.0»: саяси (конс­титу­ция­лық реформа), экономикалық өзгеріс­тер мен «Рухани жаңғыру» деп аталатын жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр.

Заманауи теорияларда мемлекет дамуының негізгі үш шарты бөліп көрсетілген: біріншіден – биік мақ­сат­тарды алға қойып, іске асыра алатын саяси лидердің болуы, екіншіден – мемлекетте сындарлы стратегиялық даму жоспарының болуы, үшіншіден – адами капитал, қызығушылығы зор әрі біліктілігі жоғары еңбек ресурс­тары дамудың басты факторына айналады. Ал «Үштік шиыршық» теориясы бойынша: 1. Күшті мемлекет, 2. Да­мыған бизнес, 3. Инновациялық ғалы­ми-білім беру жүйесі оны іске асыру тетігі болып табылады. Яғни прогресс нарықтық әдістермен ғана жүзеге асырылмай, мұнда Елбасының мемлекеттік ерік-жігері мен ұлттың жұмылуға әзір күйі айқындаушы күшке айналып, инновациялық ғылыми-білім беру жүйесінің міндетті түрде болуы ел табысының маңызды және міндетті шарты болады.

Тарих бізге билікке құрмет бол­маған жерде сергелдең жағдай қалып­тасатынын көрсетіп отыр. Қазақстанда 1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік алған кезден бастап еліміз саяси транзит жолына түсті. Бұл ретте бізге жүрер жолымызды ешкім көрсетіп бере алмады, себебі жетер жерімізді айқындау қиынға түсті. Дегенмен Қазақстан осы жылдар ішінде, осындай жағдайлар болса да демократия жолында байыппен жылжып келе жатыр.

Қазақстанда құрылған әлеуметтік-саяси модель ТМД кеңістігінде жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне барынша барабар модель болып шықты. Ол 1995 жылғы Конституцияда жа­зылған. Қажетті реформаларды жүзеге асыру үшін бір адамның – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бүкіл жауап­кер­шілік жүгін өз мойнына алуына тура келді. Біз, тіпті жақын жатқан елдердің қазіргі тарихи тәжірибесінің өзінен әрбір тұлғаның, ел басшысының өз жолында пайда болған сын-қатерлерді еңсере алмайтынын көріп отырмыз.

Осы жылдарда Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамалары әлемдік ауқымдағы негізгі жетістік болғаны анық. Оны жалпыжұрт танып, мойындап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемде өзінің көлемі жөнінен төртінші орындағы ядролық әлеуетке ие болды. Алайда ол одан өз еркімен бас тартып, ядролық клуб державаларынан қауіпсіздік кепілдігін алды. Бұл жағдай Қазақстанның әлемдік кеңістікке кіруіне, сондай-ақ инвестициялар тартуына кеңінен жол ашты. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып саналады. Біріккен Ұлттар ұйымы Семей ядролық полигоны жабылған күн – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп таныды. Елімізде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкінің орналастырылуы бізге деген жоғары сенімнің айғағы болып табылады.

Қазақстан Президенттің орасан зор күш-жігер салуы арқасында тарихи ауқымы бар басқа миссияларды да іске асырды. Бұл, әрине Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық ету жылы, 2010 жылы осы ұйымның Астанада өткізілген саммиті, содан соң 2011 жылы республикамыздың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі. Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндердің үш съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірнеше форумы өткізілді. Қазақстан Түркиямен бірге Ислам бітімгершілігі бастамасын іске асырып келеді. ЭКСПО өткізілгеннен кейін, 2017 жылғы 10 қыркүйекте елімізде Ғылым және технология жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бірінші форумы өтті. Бұл ұйым да еліміздің 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымы елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің форумында айтылған бастамасы бойынша құрылды. Шанхай ынтымақтастығы ұйымын, Еуразиялық экономикалық одақты, Сирия жөніндегі Астана сұхбат алаңын құру Қазақстанның аса маңызды әлемдік бастамалары болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу – елдің ерекше жетістігі. Сонымен қатар қала құрылысының теңдесі жоқ ғажайып жобасы әрі әлемдік бастамалар орталығы – Астана қалыптасты.

Президенттердің сіңірген еңбегін мойындау өркениетті қоғам мәдениетінің бір бөлігі болып, өз тарихыңа деген құрмет белгісін білдіреді. Оны атап өтуге деген осындай тәсілдің үлгісі ретінде, ең алдымен, заманауи мәдениет пен кемел қоғамның өнегесін танытып отырған елдер АҚШ пен Францияны атап көрсетуге болады. Мәселен, АҚШ-та президенттер күні тойланады. Ал Францияда тұңғыш президент Шарль де Голльдің туған күні арнайы атап өтіледі. Сол сияқты, мысалы, Сингапурда елді аяққа тұрғызып, еңселі ел еткен бірінші Премьер-министр Ли Куан Ю-дің өмірі мен қызметіне байланысты кезеңдер атап өтіледі. Жалпы алғанда, мемлекет тарихының дамуындағы елеулі кезеңдерге байланысты айтулы күндерді атап өту – өркениетті елдердің дәстүрі. Мұның өзі де қалыпты құбылыс, өйткені тарихты біртуар тұлғалар жасайды. Тиісінше, тарихтың маңызды даталары да осындай адамдармен байланысты болады.

2017 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ­стан Тұңғыш Президент күнін алтыншы рет атап өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толған 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз еңбегін атап өту және мойындау мақсатында бекітілген болатын. Бірінші жалпыхалықтық сайлау қоры­тын­дысы бойынша Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Президент лауазымына сайланған күн – 1991 жылғы 1 желтоқсан осы мереке күнін таңдауға тарихи ал­ғышарт әрі негіз болды. Тарих көр­сет­кендей, Мемлекет басшы­сы­ның сіңір­ген еңбектерін мойындау заңды про­цесс болып табылады. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен оның хал­қын жаңа жеңістерге нық сеніммен бастап келеді.

Сондықтан Елбасы «Тәуел­сіздік дәуірі» деп аталатын кітабы адам­дардың жүрегіне жол тапты және ол әрбір қазақстандық оқырманның кітапха­на­сында ең маңызды кітап­тардың бірі болары анық.

Серік СЕЙДУМАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының вице-президенті