Президент • 15 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі» – жылдар жүгін арқалаған туынды

2051 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегі еліміздің өткен жылдарда бастан кешкен тарихын жүйелі баяндайтын, елде өрістеген аса күрделі процестерді терең талдайтын сонымен қоса алдағы күндерге артылатын міндеттерді саралап ашуымен де құнды еңбек дейміз. Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді.

«Тәуелсіздік дәуірі» – жылдар жүгін арқалаған туынды

Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Кітапта әр бөлім өз ішінде бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың атауларына да аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі айқын көрініс тапқан.

Атап айтқанда, «Тарихи әді­лет­тілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Бас­ты құндылығымыз – бейбіт­шілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және т.с.с. бөлімдерде өткен өміріміз, өткелдеріміз, жарқын сәттеріміз жан-жақты кең тұрғыда баяндалады.

Сондай-ақ кітапта «қазақстан­д­ық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұста­ным­дары мен қозғаушы күштері са­раланған. Қазақстанды жаңғырту­дың үш толқыны кеңінен ашып көр­сетілген. Еңбекте мемлекеттің ішкі саясатының жарқын жетіс­тік­тері, ішкі саяси және ішкі эконо­ми­калық өзгерістердің қалай жүзеге асырылғаны баяндалған. Сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік мә­селесі де кеңінен талданған.

Бұл кітапта тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың баға жетпес байлығы, мемлекеттілікті жетілдірудің мол мүмкіндіктері егжей-тегжейлі жазылғанына айрықша назар аударуды жөн көреміз.

Еліміз үшін тәуелсіздік заманы ғасырлар жүгін арқалаған ерекше кезең ретінде құнды. Еліміздің тәуел­сіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, эконо­ми­ка­мыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз бола­шақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қоғамдастық ортасында іргелі елге айналуында Елбасының саясаткерлігі, көреген басшылық тұлғасы айқын көрінетіні сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің арқасында ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. 2017 жылы ЭКСПО көрмесінің Астанада өтуі, оған әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатысуы – еліміз үшін үлкен абырой болды.

Мемлекет басшысы бұл еңбе­гінде «Біздің азаматтарымыз, əсіресе жастарымыз бағдары­мыз­дың не үшін жəне қалай айқындал­ғанын, тəуелсіз Қазақ­станның қан­дай жағдайда өмірге келіп, құрылғанын, оны қалыптастыруда қан­дай адам­дардың маңызды рөл ат­қар­ғандығын, сол кезде қандай оқиға­лар болғанын білуге тиіс» дегенді айтады.

Олай болса, қоғамдық өмір сабақ­тары мен Отанымыздың мүддесі қазір­гі таңда жас ұрпақтың алдына патриот­тық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Бір кезде ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, бүгінгі ұрпақ алдында оны нығайта түсу міндеті тұр.

Шын мәнісінде Елбасының тарихи маңызы аса зор «Тəуелсіздік дəуірі» атты еңбегінің ел танытушы құрал ретінде халқымызға берері мол.

Гүлсара ДЖОЛДАСБАЕВА,

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры

Маңғыстау облысы