Қысқы спорт • 15 Қаңтар, 2018

Олимпиада шыңында – ағайындылар

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемде спорттың бір түрімен шұғылданып, халықаралық додаларда алма-кезек топ жарып, айы оңынан туып жүрген ағайынды спортшылар көптеп кездесіп жатады. Мысалы, соңғы жылдары теннистен «Үлкен дулыға» санатына енетін «Уимблдон» және бүгін басталған Аустралия Ашық чемпионатында бірінен соң бірі топ жарып жүрген америкалық апалы-сіңлілі теннисшілер Серена мен Винус Уильямс, әуесқой мен кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанған украиналық ағалы-інілі бокс­шылар Виталий және Владимир Кличко, америкалық баскетболшылар Мэйсон және Майлз Пламли, тасжолда бір-бірімен жарысқан германиялық пилоттар Михаэль мен Ральф Шумахер және тағы басқа бірқатар спортшылар бар.

Олимпиада шыңында – ағайындылар

Бір қызығы, бір анадан туған ағайынды спортшылардың арасында Олимпия ойындарына қатысып, тұғыр сатысына бірге көтерілгендері де бар екен. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеге тек іріктеуден іркілмегендер ғана қатысып, үздіктердің үздігі ғана Олимп шыңын бағындырып жатады емес пе. Ал біздің төмендегі кейіпкерлеріміз Олимпиадаға беретін жолдаманы иеленіп қана қоймай, Олимп тұғырының ең биік сатысына көтерілген. Біз бұл жолы Қысқы Олимпиаданың бір спорт түрінен бақ сынап, жеңіс тұғырына бірге көтерілген ағайынды спортшылар туралы сөз етпекпіз.

Ағайынды спортшылардың Олимпия ойындарында топ жаруы 1928 жылы Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында өткен екінші Қысқы Олимпия ойындарында тіркелді. Санкт-Морицте америкалық ағалы-інілі спортшылар Дженнисон Хитон мен Джон Хитон скелетон спорт түрі бо­йынша бақ сынап, өзара бірінші және екінші орындарды бөліп алған. Дженнисон Хитон 3:01.8 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші жетсе, Дженнисонның ізін ала бауы­ры Джон Хитон 3:02.8 нәтижесін тіркеп, мойнына күміс медаль таққан. Сөйтіп, Қысқы Олимпиада тарихында тұңғыш рет ағайынды спортшылар спорттың бір түрінен топ жарып, есімдері тарихта алтын әріптермен жазылды.

Арада 36 жыл өткенде америкалық ағайындылардың жетістігін 1964 жыл­ғы Инсбрук (Аустрия) Қысқы Олим­пиадасында франциялық апалы-сіңлілі Мариель және Кристин Голи­цель­дер қайталады. Олар алып слалом спор­тының екі сайысы бойынша сынға түскен. Алғашқы жарыста Голицельдердің үлкені Мариель бірінші орынды иеленсе, сіңлісі Кристин мәреге екінші болып келген.

Ал бәсекенің екінші жарысында апалы-сіңлілі спортшылардың кішісі жеңімпаз атанған. Мариель Голицель бұл жолы мәреге екінші болып жеткен. Сөйтіп Инсбрук Олимпиадасында ағайынды Голицельдердің екеуі де елдеріне бір-бір алтын және сондай күміспен оралған.

Қазіргі Босния және Герцеговинаның астанасы Сараево қаласында өткен ХІV Қысқы Олимпия ойындарында (1984 жыл) екінші рет америкалық ағайындылар топ жарды. Фил және Стив Маре слалом спорты бойынша бақ сынап, жоғарыдағы кейіпкерлеріміз секілді бірінші және екінші орындарды иеленген. Фил Маре алтын алса, Стив Маре күмісті қанағат тұтқан. Марелердің кішісі қатарынан үш Олимпиадаға қатысып (1976, 1980 және 1984 жылы), соңғысында ғана жүлдеге іліккен. Ал ағасы Фил Маре 1980 жылы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласындағы Ақ Олимпиадада күміс медаль жеңіп алған.

1992 жылы Францияның Альбервиле қаласында жалауы желбіреген Олимпия ойындарында аустриялық апалы-сіңлілі Дорис және Ангелика Нойнерлер шана спортынан сынға түскен. Нәтижесінде Дорис Нойнер алтыннан алқа тақса, сіңлісі Ангелика Нойнер күміс медальды олжалаған.

2006 жылғы Турин Олимпиадасында швейцариялық ағалы-інілі сноубордшылар Филипп Шох және Саймон Шох (суретте) арасындағы қарама-қайшылық өте тартысты өткен. Бұл жолғы бәсекеде де ағасының мерейі үстем болған. Филипп бірінші орын, інісі Саймон екінші орын алған. Айта кетерлік тағы бір жайт, Филипп 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен Олимпиада да чемпион атанған. Филипп пен Саймонның жас аралығы небәрі бір жыл үш күн.

Ресейдің Сочи қаласында өткен XXII Қысқы Олимпиадада канадалық апалы-сіңлілі қыздар алтын мен күміс медальды өзара бөлісті. Фристайлдан қатысқан Жюстин Дюфур-Лапуант небәрі 20 жасында тұғырдың бірінші сатысына көтерілсе, Хлоэ Дюфур-Лапуант сіңлісінен төмен ұпай жинап, күміс медаль алды.

Қазақтың «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барады» деген сөзі біздің осы кейіпкерлерімізге дәл келіп тұрған сияқты. Өйткені ағасының артынан інісі, әпкесінің соңынан сіңлісі еріп, спорттағы еншісін еселей түскен. Бұл да бір алдыңғы буынның тағылымы соңғыларға жұққанынан болса керек. Мұндай ірі жеңіс тек ағайынды спортшылардың ғана емес, бір отбасының, бүкіл елдің еселеген қуанышы. Тап осындай қуаныш, жеңіс біздің де спортшыларға жұғысты болсын дейік.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»