Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Жолбарыс – біздің жоғалтқан киеміз

4331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір кездері Тұранның Ұлы Даласында жолбарыстар да жорытқан. Қазір жоқ. Жетісу өңірінде соңғы жолбарыс 1960 жылдарға дейін өмір сүрді деген деректі ауыл-аймақтардағы қариялар айтатын. Қазақ кие тұтқан жолбарыстың соңғы тұқымы елімізде бар-жоғы жарты ғасыр ғана уақыт бұрын өмір сүргені біздің жанымызға қатты бататын. Жақында осы жолбарыс тұқымын елімізде қайта жерсіндіру мәселесі Парламент Мәжілісінде көтеріліп еді. Кейбіреулер «жетпегені енді жолбарыс еді», «басқа нәрсенің бәрі бітіп, жолбарыс қана қалды ма?» деген жел сөзге ерік бергені еріксіз қолға қалам алдырып отыр.  

Жолбарыс – біздің жоғалтқан киеміз

Иә, қазір бәрі ақшамен өлшенетін заман. Қандай мәселе көтерілсін алдымен оны ақшаның өлшеміне салып есептейміз. Дұрыс қой, әйтпесе айналамыздан қысқан әлемдік экономикалық дағ­дарыс өз иіріміне тартып кетуі мүм­­кін. Дегенмен, ұлттық рух пен жал­­пы рухани құндылықты да бір сәт ес­тен шы­ғар­мағанымыз абзал. Мәдени-рух­ани байлықтарымызды мүлдем ұмыт­тық дей алмаймын. Өйткені біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап жоғымыз­ды түгендеуге кіріспес едік. Эрмитаждағы киелі қазанымыздан бас­тап, кешегі Кейкі батырдың бас сүйегі, бәрі біз түгендеп жүрген құндылықтар. Былай қарағанда жай нәрсе сияқты болғанымен, мұның бәрі ұлтымыздың бойындағы, ұрпағымыздың санасын­дағы рухтың қалғымауына септесетін құнды дүниелер ғой. Бұған қоса, Преже­вальский жылқысы, Құлан мен Бұқар бұғысын да қайта түлетіп жатқанымыз, көңілге қуаныш ұялатады, әрине.

Ал жолбарысқа келгенде осы жү­рі­­­­с­імізден неге жаңылып қалдық? Мұның басты себебі біз қазақтың кие деген сөзін ұмыта бастағанымызда сияқты. Жолбарыс қазақ пір тұтқан аң екені біртіндеп санамыздан өшіп бара жатқандай. Жолбарыс және барыс қазаққа айбар берген аң еді. Жолбарыс жоғалғалы ұрпағымыз да осы қасиеттерінен айырылмасына кім кепіл? Біз бала кезімізде «Жауға шапқан бабаларымыздың рухы қызыл жолбарыс болып көрінеді екен» немесе «Түркі халқы көк бөріден тараған» деген аңыз әңгімелерді жиі естуші едік. Бұл аңыз болғанымен астарында аз да болса шыңдық жататын. Бұдан әлдебір түйсігіңмен қазақ даласындағы айбарлы аңдармен өз ата-бабаларымыздың беймәлім байланысы барын іштей сезетінсің. Сондықтан жортып жүрген түз тағысын алыстан көргеннің өзінде бойыңда бір рух атойлап, дүр сілкініп қалатының бар ғой.

Жолбарысымызды кеше жоқтап, жон арқамызды енді көтеріп жатқанда отандық телеарналардың бірі «елімізге екі жүз жолбарыс әкелетін болса не істейміз?» деп бүтін елге жар салғанда, ұялғаннан жердің жарығына кіріп кете жаздадық. Не істегені қалай? Бірін­шіден, елге бірден екі жүз жолбарыс әкелу мүмкін нәрсе ме, өзі? Сенсация қуғанда да қисынға келетін әңгіме айтылуы керек қой. Екіншіден, Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бойында бар-жоғы төрт жүздей ғана жолбарыс тіршілік етеді. Оның тең жартысын Қазақстанға қалай әкелмексің? Айдап әкелуге көнетін қой сияқты жануар болса бір жөн. Жолбарыс деген дала тағысы, аң төресі. Оны жылына екеуін ғана ұстап, өйтіп-бүйтіп әкелгеннің өзінде ол қапасқа, қамауға көндіге алмай арпалысып, көнбей жанын жұлып жеп өлуі мүмкін. Осы арада ескерте кететін жайт, жол­ба­рыстарды Қазақстанға қайта жер­сін­діру бағдарламасы бойынша Қиыр Шығыс­тағы жолбарыс популяция­сына зиянын келтірмей, жылына екі-үшеуін ғана ұстап, «Іле-Балқаш» қоры­ғына жеткізу көзделіп отыр. Бұл 6-7 жылға созылатын процесс, осы жыл ішінде жиырмаға жуық жолбарыс қана жерсіндірілсе, аз жетістік болмас еді.

Әңгімені түз тағысынан бастаған­нан кейін, қасқыр мәселесін де қоз­ғай кет­кенді жөн көріп отырмын. Соң­­ғы кезде аңшылықпен жүйесіз айна­лысуы­мыз­дың салдарынан қазақ даласында қасқырдың тұқымы да біртіндеп құрып барады. Бұрын аңшылық кәсіп­пен ай­налыс­қандар жан-жануар популя­ция­сына зиянын тигізбеу жағын назарлары­нан тыс қалдырмайтын. Негізінен ауыл-аймақ, ел-жұрттың мал-жанын қор­­ғау бағытында аңшылық құратын еді. Қазір оны хоббиге айналдырып алғандар қарда жүретін техникаларын мініп, бойына бес қаруын асынып, автоматпен де шығып, қасқырды қына­дай қырғанын ерлік іске балайды, жиыр­ма-қырық қасқырды жайра­тып, орта­сында қасқайып суретке түсе­тін­дер де кездеседі. Осы есерсоқ әре­ке­ті­міз жалғаса берсе, қасқырды да құр­тып бітіретін шығармыз. Ежелден көк бө­рісі жорытқан қазақ даласы сонда ер­тең қандай күйге түседі? Жол­ба­ры­сы жоқ, көк бөрісі құрыған дала­­ның қан­дай қасиеті қалады? Эко­жүйе­сі­не бал­та шабылып, табиғаты тоз­ған, аң-құ­сы жойылған дала кімге пана бола­ды? Осындай нәрселерді ой­л­ау­­дан қалып бара жатқанымыз жан­ға ба­та­ды. Әр адам табиғаттағы аң-құс­тары­­мыз­дың сақталуына күш салып, жо­йылғандарын қалпына келтіру­ге ты­рысса, ұрпағымызға тұмса табиға­ты­мыздың болмысын бұзбай тарту етер едік.

Аманкелді ДӘУРЕНБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты