Бұл жаңа белеске бағытталған Жолдау

Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Мемлекет басшысының 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының заңды жалғасы әрі қазақстандықтардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыруға және рухани жаңғырудың жаңа белесіне көтерілуге бағыттайтын тың саяси-экономикалық әрі рухани-мәдени бағдар деп білемін.

Егемен Қазақстан
15.01.2018 4263
2

Жолдаудың жетінші – «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты бөлігінде Елбасы арнайы тоқталған терминология мәселесіне қайта оралайық. Алдымен Президенттің осы Жолдаудағы мына сөзіне баса назар аударуларыңызды сұраймын: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек».

Ақиқатында, аса нақты айтылған, өте дұрыс айтылған сөз.

Тіл – халықтың жаны, болмысы дейтін болсақ, онда әрбір бірлік сол болмысының көрсеткіші. Ең алдымен айтарым: кез келген халық тіліндегі әрбір сөзді, басқа тілден қабылдаған терминді өзінің мәдениеті, өзінің рухани құндылығы ретінде қастерлейді.

Қай халықтың болсын тіл ілімінің терминология саласында халықаралық терминдерді қабылдау үлкен мәселе екендігі шындық. Алайда, әлемдік тәжірибеде кез келген ұлт өзге халықтан сөз қабылдауда ең алдымен өз тілінің әлеуетіне жүгініп, өзіндік терминжасам тәсілдерін басшылыққа алатыны белгілі.

Қазіргі таңда қазақ терминология ілімі әлемдік теориялық-қолданбалы жетістіктерге сүйене отырып, біршама даму сатысына көтерілді. Осы кезге  дейін қазақ терминологиясы бойынша 20-ға жуық ғылыми монография мен зерттеу еңбектері, оннан астам оқулық пен оқу құралдары, жинақтар, конференция, семинар, дөңгелек үстел материалдары жарық көрсе, терминология мәселелеріне қатысты арнаулы басылымдар саны 50-ден, ғылыми мақалалар 1000-нан, БАҚ-тағы мақалалар 1500-ден асады. Сонымен қатар терминология саласында тіл мамандары арасында 4 докторлық, қырықтан астам кандидаттық диссертация, ал салалық терминологияға байланысты математика саласынан – бір, химия саласынан бір докторлық, әртүрлі салалардан оннан астам кандидаттық диссертация қорғалған.

Мұндай жетістіктердің бастауында қазақ халқының Ұлт көсемдері саналатын А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сынды ғұлама ғалымдардың еңбектері, қалыптастырған термин қабылдау жөніндегі қағидаттары тұрғандығын атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар Алаш зиялыларының барлығы дерлік терминге қатысты зерттеулер жазып, өз пікірлерін ортаға салудан тыс қалған емес.

Қазақ терминологиясының кейінгі даму кезеңінде Ұлттық ғылым академиясының академиктері Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы сынды ғалымдарымыз жетілдірген термин қабылдау қағидаттары бүгінгі күні басшылыққа алынып келеді.

Ғылым мен техниканың дамуына байланысты кез келген халық өз тіліне басқа тілдерден кірме сөздерді, терминдерді қабылдауы тілден тыс факторлардың біріне жатады. Бүгінгі қазақ терминологиясы жас ғылым ретінде енді қалыптасып, «аяғынан тәй-тәй тұрып» келе жатқандығы баршаға мәлім. Мұндай жағдайда кемшін тұстардың болуы да мүмкін емес. Сондықтан да Елбасы атап өткен сынның да орынды екенін жасыра алмаймыз.

Қазіргі қазақ тілінде терминология саласындағы мұндай жағдайлардың себебін мынадай жайттармен түсіндіруге болады деп ойлаймыз:

- құзырлы органдар тарапынан бекітілмеген, заңнамада, ғылыми әдебиеттерде және сөздіктерде кездеспейтін кейбір халықаралық терминдердің «аударылып» қолданылуы жекелеген азаматтардың білімсіздігінен немесе арандатушылық ниетінен туындап отырған кездейсоқ жайттар деуге болады;

- орыс тіліндегі бір терминнің екі немесе одан да көп нұсқадағы баламасының бекітілуіне қатысты жекелеген жайттардың орын алуына (ұсынылған, мақұлданған, тіпті қабылданған, бекітілген терминдерді қайта қарап, қайта бекітуге) бірқатар лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар (мысалы, сала мамандарының ғылыми тұрғыда негізделген пікірлері, «тілдік қалыптасу факторы» және т.б.) себеп болады;

- заңнамада қолданылатын терминдердің бекітілген терминдермен бірізге түсірілмеуіне «заңнамада қолданылған терминдерді өзгертуге болмайды» деген уәждің алға тартылуы;

- салалық терминологиялық сөздіктерде қамтылған терминдердің бекітілген терминдер сөздігіндегі баламалармен қатаң түрде сәйкестендірілмеуі;

- кейбір аудармашылардың Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен және заңнамада жиі қолданылатын терминдердің нұсқаларымен жете таныс болмауы;

- лингвистикалық тұрғыдан келгенде, тілдік бірліктердің терминдену және бейтерминдену процестері, терминдер мағынасының «семантикалық жылжуы», терминдерді қолданудағы «семантикалық қоршау», яғни мәнмәтін (контекст) мәселесі, терминнің «семантикалық әлеуеті», шығу төркіні және т.б. мәселелер.

Алайда қазіргі кезде бұл олқылықтарды жою мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп отырғандығын баса айтуымыз керек.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы әсіресе соңғы жылдары термин бекіту жұмыстарын қарқынды әрі сапалы түрде жүргізіп келеді (Осы ретте бұл Комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатта болғандықтан, бекітілген терминдердің негізге алына бермейтіндігін де ескерте кетуді жөн көріп отырмыз).

Екіншіден, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары салалық терминологиялық сөздіктердегі терминдерге кешенді сараптама жасаумен айналысып келеді. Күрделі әрі кешенді сараптама жұмыстарының нәтижесінде бекітілген терминдердің баламалары, заңнамадағы қолданысы және салалық терминологиялық сөздіктердегі аудармалары сәйкестендіріледі.

Бүгінгі латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі қабылданған тұста тілімізге шет тілдерден енген терминді латын графикасы негізінде жазуда, терминдер (жалпы сөздік бірлік) қабылдағанда төмендегі іс-әрекеттер атқарылуға тиіс деп санаймыз:

- Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді стандарттаудың лингвистикалық негіздемесін жасау және стандарттау жұмыстарын жүргізу үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына мемлекеттік тапсырыс ретінде ұзақмерзімді БНҚ (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру) берілгені жөн деп санаймыз. Өйткені бұл – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауларында атап көрсетілген тапсырмалармен тікелей сәйкес келетін және кезек күттірмейтін мәселе.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді стандарттау жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуге тиіс:

І кезең: терминдерді стандарттаудың ғылыми-теориялық лингвистикалық және нормативтік-құқықтық негіздерін зерттеу, осы бағытта шетел мемлекеттерінде жүргізілген жұмыстармен танысу, тәжірибе алмасу; терминдерді стандарттау бойынша нұсқаулық әзірлеу; терминдерді салалық топтарға бөлуді бастау және т.б. Бұл кезеңде әртүрлі сала мамандары мен терминологтардан тұратын секциялар құрамы мен жұмыс жоспарлары бекітіледі.

ІІ кезең: бірінші кезеңде атқарылған жұмыстар нәтижелерінің қорытындысын жүйелеу, жіктеу және нақты іске асыру; терминдерді салалық топтарға бөлуді жалғастыру; терминдерді стандарттау бойынша әзірленген нұсқаулықты сараптамадан өткізіп бекіту; терминдерді стандарттау жұмыстарын бастау. Бұл кезеңде әртүрлі сала мамандары мен терминологтардан тұратын секциялар жұмысын бастайды.

ІІІ кезең: әр секция бойынша белгіленген және бекітілген іс-жоспарына сәйкес стандарттауға ұсынылған терминдер Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімінде лингвистикалық сараптамадан өткізіліп, Ғалымдар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясына ұсынылады.

Ендігі қазақ терминологиясының алдында тұрған басты да қажетті міндеттің негізгісі – терминдерді стандарттау. Осы мақсатта терминдерді стандарттайтын белгілі бір құзырлы орган айқындалып, терминдердің баламаларын заңды түрде бекітіп, стандарттау кезек күтірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.

Осы орайда қазақ тіліне шет тілдерден енген терминді латын графикасы негізінде жазуда, терминдер қабылдағанда төмендегі іс-әрекеттер атқарылуға тиіс деп санаймыз:

- шет тілдерден енген халықаралық терминдерді латын графикасы негізінде таңбалау барысында олардың орфографиялық нормаларын қалыптастыру;

- терминологиялық бірліктерді латын графикасы негізінде таңбалауда төл тіліміздегі термин атауы ретінде қалыптастырудың ұтымды тұстарын анықтап, қазіргі терминжасам ісіне жаңаша бағыт-бағдар әзірлеу;

- шет тілдерден енген халықаралық терминдерді қосымшалар көмегімен түрлендіру проблемаларын түпкілікті шешу;

- шет тілдерден енген  халықаралық терминдердің қазақ тілінің сингармонизм заңдылығына кереғар келетіндерін тіліміздің ішкі заңдылықтарына сәйкестендіру ережелерін  әзірлеу;

- терминдерді қабылдау қағидаттарын қайта қарап, жетілдіру.

Қорыта келе айтарымыз: дамыған отыз елдің қатарына ену үшін заманауи талаптарға сай болумен қатар қазіргі жаһандану процесінде «жұтылып кетпей», ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін, Елбасы осы Жолдауында атап көрсеткендей, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болудың» барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әлем елдерінің тәжірибесін сараптай отырып, өзімізге тиімді тәсілдерін қолдануға барымызды салуымыз қажет.

Ерден ҚАЖЫБЕК,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу