Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Биыл мұғалімдердің 66 пайызының жалақысы көтерілетіні белгілі болды

1160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының биылғы Жолдауында мұғалімдердің мәртебесін көтеруге ерекше маңыз берілді. Соның ең басты көрінісі – білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтілуі. Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында биыл ел мұғалімдерінің 66 пайызының жалақысы көтерілетіні белгілі болды.

Биыл мұғалімдердің 66 пайызының жалақысы көтерілетіні белгілі болды

Баспасөз мәслихатында журналистердің сауалына жауап берген Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова педагогтардың жалақысы біртіндеп көтерілетінін жеткізді. Оның айтуынша, мұғалімдердің жалақысын көтеру білім берудің жаңа мазмұнына көшумен тікелей байланысты. Айталық, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал қыркүйек айынан бастап, 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Осылайша, 2019 жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып ұстаздарының жалақысы артса, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды. Жолдауда айтылғандай, үстемеақы көлемі 30 пайызды құрайды.  Вице-министрдің сөзінен түсінгеніміз, мысалы, 15 жылдық еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімінің бұрынғы алып жүрген жалақысының үстіне 24 мың теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады.

Қазіргі таңда еш санаты жоқ мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 56 мың теңгені құрайды екен. Оның үстіне дәптер тексергені және кабинетке жетекшілік еткені бар қосымша 22 мың теңге үстемеақы қосылады. Осылайша, олардың бүгінге дейінгі жалақысы 78 мың теңгені құраған. Енді осы мұғалімдер білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытса, қалалық мұғалімдер жалақысына – 16 мың, ауыл деңгейінде – 21 мың теңге қосымша алады. Сөйтіп, қалада жұмыс істейтін педагогтардың айлығы – 96 мың теңге, ауыл мұғалімдерінің жалақысы 115 мың теңгені құрайтын болады.

Ал еңбек өтілі 25 жылдан жоғары ұстаздар қауымының жалақысы бүгінде 83 мың теңге болса, енді олардың үстіне қосымша 25 мың теңге қосылып, еңбекақысы 133 мың теңгеге жетті.

Сондай-ақ, биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіліпті. Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өздерінің білімін растаған мұғалімдер жалақысын 20-50 пайызға дейін көтере алады.

Сондай-ақ жиында білім саласына жеке инвесторларды тарту мәселесі де сөз болды. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің мәліметінше, «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылғалы жекеменшік инвесторлардың қатысуымен 2 336 балабақша мен шағын орталық ашылған. Аталған бағдарлама жұмыс істеген 7 жылдың ішінде оған 900 млрд теңге бөлінген екен. Енді осы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесі қарастырылып отыр. Осыған сәйкес білім туралы заңға өзгерістер де енгізілген. Б.Асылованың айтуынша, бұл бағытта қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Шымкент қаласында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекеменшік мектептерде 3310 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланса, биылғы қыркүйек айынан бастап, Астана қаласында республикалық бюджет қаражаты есебінен 3721 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделіп отыр. Мектептерді басқарудың бұл тәжірибесі кейін өзге өңірлерде де қолданылатын болады.

Бұған қоса, алдағы уақытта білім беру ұйымдары шаруашылық басқару құқығындағы  мемлекеттік кәсіпорындар ретінде қайта құрылуы мүмкін. Осыған сәйкес заңнамаларға енгізілген өзгерістер бүгінде Парламент қарауында жатыр. Министрліктің жобалауынша, мұндай ұйымдастырушылық-құқықтық өзгерістер мектептерді экономикалық тұрғыдан неғұрлым тәуелсіз етіп, қаржыландыруға және мұғалімдерді ынталандыруға байланысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.  

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

 «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше