Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

Транзиттік әлеует көкжиегі

656 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда әлем бойынша ло­гистика экономиканың ең табыс­ты салаларының бірі болып табы­­лады. Бүгінде әлемдік көлік-логис­ти­касының рыногы жа­һандық ІЖӨ-нің 7 пайыздан артығын, яғни, 2,7 триллион доллардан астамын құрайды. 

Транзиттік әлеует көкжиегі

Елбасының Қазақ­стан халқына ар­на­ған «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Жолдауында елі­міздің тран­­зиттік көлік-логистика инфра­құ­ры­лымын дамытуға басым­дық беруінің себе­бі де осында. Халық­аралық сарап­шы­лардың айтуынша, Қазақстан пост­кеңестік кеңістікте темір жол көлік-логистикасы бойынша аса ауқымды инфрақұрылымдық жобаны іс жүзіне асырған бірінші тәуелсіз ел болып табылады.

Мәселен, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мем­­­ле­­­кеттерін қосқандағыдан артық темір жол құрылысын салды. Елі­міз­­­дің төрт құбыласын байланыс­ты­ра жалғастырған жаңа темір жол то­рап­тарының ұзындығы 2558 шақы­рым­ға созылды. Ойлап қара­саңыз, 3 мың шақырымға жуық темір жол ма­гистралі! Баяғыда алып Кеңес Одағы ұзақ жылдар бойы тұрғызған БАМ-ның ұзындығы 4200 шақырымды құ­ра­ған болатын. Ендеше егемендік алған жылдар ішінде еліміз өз күшімен-ақ кіші БАМ құрылысын салып тастаған екен.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз транзиттік тұйық мемлекеттен қуатты транзиттік мемлекетке айналды. Бұл «Қазақстан темір жолы» ҰК» ак­ционерлік қоғамының жақында дәйек­телген 2017 жылғы жұмыс қоры­­тын­дысынан да айқын көрінеді. «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлттық ком­паниясы өткен жылы транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін 16 мил­лион тоннаға жеткізіп, 2016 жылмен салыстырғанда 23 пайызға арттыр­ды. Қытай – Еуропа – Қытай бағы­­тындағы контейнерлік тасымал екі есеге өсті. Сөйтіп 201 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) жет­ті. 2018 жылы транзиттік тасы­мал көлемін 17,1 миллион тон­наға жет­кі­зу көзделіп отыр. Осы ретте 2018 жылы Қытай – Еуро­па – Қытай бағы­тын­дағы кон­тей­нерлік тасымалды шама­мен 340 мың ЖФЕ-ге жеткізу жос­пар­лан­ды. Соңғы кезде Құрық паром кешені мен Баку – Тбилиси – Карс темір жол торабының іске қосы­луы экспорттық контейнерлік тасымал­ды еселеп арттыруға мүмкіндік берді. Қа­зақ­станның жаһандық көлік желі­сіне ықпалдасуына «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономика­лық аймағына әлемдік ірі СOSCO Shipping компаниясының кіруі ма­ңыз­ды рөл атқарды. Сонымен бірге өт­кен жылы «Нұрлы жол» бағдар­ла­­масы аясында Алматы – Шу темір жол торабының екінші желісі іске қосылды. Осы­лай­ша, тораптың өткізу әлеуеті 4 есеге өсті. Жүрдек жо­­лау­­шылар пойы­зын өткізу 6 есеге жо­ға­ры­лады. Учаскелік жылдамдық са­ға­­тына 39,6 шақырымнан 44,5 шақы­­рым­ға артты. Құрық паром кеше­ні арқылы 1,5 миллион тонна жүк жө­нелтілді. Тестілік сынақ ретін­де ав­токөлік паром өткелі іске қосылды.

Бүгінде Мемлекет басшысы қазақстандық теміржолшылардың алдына еліміздің аумағы арқылы өте­тін тран­зиттік жүк тасымалын арт­тырумен бірге ауқымды сер­вис­тік қызмет және заманауи логистика жүйесін құру міндетін қойып отыр. Осыған байланысты Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астанада «Нұрлы жол» вокзал кешені мен Астана ха­лық­аралық әуежайында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Жыл ішінде еліміздің темір жол торабы бойынша 779 шақырым жол жаңғыртылды. Соның нәтижесінде 489 шақырымда жолаушылар по­йыз­дарының, 402,5 шақырымда жүк пойыздарының жылдамдығы арттырылды. ЭКСПО-2017 көрмесі ке­зінде қосымша 14 бағытта пойыздар қатынаса, оның ішінде 7 пойыздық бағыт тұрақты кестеге көшірілді. Осы кезеңде 5 миллион 647 мың жолаушылар тасымалданды. Өткен жылы электронды билет сату 64 пайызға өссе, 2018 жылы оны 75 пайызға өсіру көзделіп отыр.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елімізді транзиттік-көліктік, сауда халықаралық деңгейдегі іскерлік хабына айналдырудағы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға арналған ірі жобаларды іс жүзіне асырды. Осыған байланысты ұлттық компанияның табысы да артып отыр. Мәселен, өткен жылы ұлттық компанияның таза табысы 12 миллиард теңгені құрады. Жыл ішінде саланы дамытуға 255,9 миллиард теңге жұмсалды. Бұл қаржы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында темір жол инфрақұрылымын жаңғырту, жолдың үстіңгі қабатын жаңалау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жылжымалы құрамды жаңғырту жөніндегі логистикалық міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалды. «Өткен жылғы көрсеткіштеріміз жаман болған жоқ. Негізінен жүк тасымалында оң өзгерістер байқалды. Көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы серпінді дамулардың арқасында біз өркениетті кешенді логистикалық талапқа сай қызмет көрсетуге қол жеткіздік. Биылғы жылы да біз қол жеткізер жетістіктерімізді биіктете беруіміз керек. 2018 жылы жүк айналымын 214 миллиард тонна-шақырымға, жолаушылар айналымын 15 миллиард жолаушы-шақырымға, операциялық табыс­ты 170 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр», – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басшысы Қанат Алпысбаев.

Дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның транзиттік әлеуетін болжау қиын. Табиғат тартуымен Қазақстан Еуразия құрлығындағы төрт құбыланы байланыстыратын көпір іспеттес. Сонымен бірге Қазақстан Ресейдің өнеркәсіптік орта­лықтарын Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өңірімен және Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстырады. Қазақстан Еуропалық одақ пен Қытайды байланыстыратын дәліз екендігі де даусыз. Соңғы жылдары еліміз Парсы шығанағы елдерімен де темір жол арқылы байланысу мүмкіндігіне ие болды.

Соңғы уақытта Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы алып көршіміз Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасымен нақты үйлесім тауып, Қазақстанның Еуразиядағы ірі іскерлік транзиттік хаб ретінде Шығыс пен Батыс арасындағы шынайы алтын көпірге айналуына ұтымды мүмкіндік жасап отыр. Бұл мегажобаға белсене қатысу арқылы Қазақстан 2020 жылға таман еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін екі есе арттырып, 50 миллион тоннаға жеткізуі тиіс. Бұл мемлекетіміздің қаржылық әлеуетін арттырып, транзиттік қуатын халықаралық биікке көтереді. Міне, осы кешенді міндеттерді саралай келіп, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндетін» күн тәртібіне қойып отыр.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар