Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

ОҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы: Базалық зейнетақы ұлғаятыны қуантады

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің қай Жолдауын алсаңыз да халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көтеруге басым бағыт беріледі.

ОҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы: Базалық зейнетақы ұлғаятыны қуантады

Қазіргі таңда зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған. Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады. Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керектігі де Жолдауда баса айтылды.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады», деді Президент Н.Назарбаев биылғы жылдың маңызды құжатында.

Мемлекет басшысының әр жыл сайынғы Жолдауы халықтың игілігін арттыруға бағытталып келеді. Оның дәлелі ретінде облысымызда өткен жылы атқа­рыл­ған жұмыстарды айтар едім. 2017 жылы Оңтүс­тік Қазақстанда табиғи газбен қамтамасыз ету бағы­тындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2016 жылмен салыстырғанда бірден 3 есеге артты. Бұл мақсатқа бюджеттен 13 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлініп, жыл бойына 89 нысанда жұмыс істелген. Нәтижесінде жыл соңында 59 нысан ел игілігіне тапсырылды. Оның ішінде 44 елді мекен мен 2 шағын ауданның тұрғындары «көгілдір отынның» қызығын көре бастады. Сондай-ақ бір жылда облыста 14 елді мекенге таза ауызсу, 92 ауылға сапалы электр қуаты жеткізілген.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр азамат Елбасы тапсырмаларын орындауда өзіндік үлестерін қосып, маңызды шараларды бірлесе жүзеге асыруымыз керек.

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы 

Оңтүстік Қазақстан облысы