Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі» – Сенім шежіресі

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тәуелсіздік дәуірі». Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасымыздың бұл еңбегі еліміздің өткенінен тағылым алуға жетелейтін және жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген сенімнің шежіресі. 

«Тәуелсіздік дәуірі» – Сенім шежіресі

Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп, кітаптың мазмұнын айқындап берген. Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар кітапта «Қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстаным­дары мен қозғаушы күштері са­ра­ланған. Қазақстанды жаңғыр­тудың үш толқыны кеңінен ашып көр­сетілген. Бірінші және екінші жаң­ғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарық­тық экономиканы құру және бә­секеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу мінде­ті мерзімінен бұрын орындалды.Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жа­һан­дық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.

Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Кі­тап­тағы әр бөлімнің өзі бірне­ше бөлімдерге бөлінген. Олардың да атауларына аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Кітаптың тараулары: «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу», «Әлем мойындаған көш­бас­шылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер», «Жаңа эко­но­микаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мыз­ғымас басымдықтары» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің жар­қын сәттері бүге-шігесіне дейін баяндалады. Сондай-ақ кітап­та еліміздің тәуелсіздік жыл­дарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жол­дары жан-жақты айтылған. Бұл же­тістіктердің барлығы тәуелсіздіктің жемісі және Елбасымыздың елі үшін атқарған ерен еңбегінің нәтижесі.

«Тәуелсіздік дәуірі» отандық және шетелдік қалың оқырман қауымды қызықтырар тың туын­ды. Елбасының жүрек төрін­дегі толғаныстарынан шық­қан бұл кітапты бәріміздің қасиет­ті Отанымыз – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар

Біздің алдымызда зор мін­дет­тер тұр. Оның ең бастысы – Елбасы айқындап берген Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосу болып табылады. Осы асуды біз Президентімізбен бірге ала­тынымызға сенімдіміз. Елбасымыз: «Бізде рух байлығы бар. Ол бәрінен бұрын – отаншылдық сезім, қазақстандық патриотизм. Оның басты өлшемі – татулық, тыныштық, тұрақтылық», деген болатын. Ортақ Отанымыз, бағаналы ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат.

Ендеше «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады», деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған мақсат-міндеттерін орын­дауда жалпақ жұртты жұмыл­дыруы мемлекетшіл қызметкердің міндеті ғана емес, қасиетті парызы болуы керек. Біз осы тура жол­дамыз!

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары