Аймақтар • 16 Қаңтар, 2018

Батыс Қазақстанда оқушылар сүйектен, ағаштан кәдесый жасайды

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әншейінде аула, қораның сыртында шашылып жататын, үйдегі бөрібасарлар ойдан-қырдан тасып әкелетін мал сүйектеріне көзім түсті. Сол сүйектерден жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Өнер мектебінің мұғалімі Еламан Мусинді әңгімеге тарттық.

Батыс Қазақстанда оқушылар сүйектен, ағаштан кәдесый жасайды

– Бұл шеберлік кәсіпті оқу­шыларға үйрететін үйірменің ашыл­ғанына үш жылдың жүзі болды. 16 шәкіртім бар. Малдың тұяғынан және сүйектерінен музыкалық аспаптар, сондай-ақ түрлі кәдесый да жасаймыз. Тұяқ өңдеу үшін бір жетідей уақыт суға салып, жібітіп алып, сонан соң ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл болады. Жұмсап, балбыраған тұяқты июге, қалыпқа қысып, кез келген пішінге келтіру оңай. Тұяқты ыстық қо­лам­таға саларда суға малынған киізбен орап қойса, тұяқ күймей жақсы балқиды. Осындай бабына келіп тұрған тұяқ, сүйектерді пышақпен еркін жонып, түрлі бұйымдар жа­сауға болады, – дейді.

Ағаштан түйін түйген Сайран Мадияров та әңгімеге араласты.  Менің үйірмемде 8 шәкіртім бар. Осы кәсіппен айналысқаныма 10 жылдай уақыт болды. Енді осы білгенімді шәкірттерге үйре­тіп жатырмын. Қайың, емен, үйең­кі ағаштарын пайдаланамыз. Домбы­раның 5 түрін, қобыз және садақ қаруын жасасақ, алдағы уақыт­та топтамалы қару-жарақ түр­лерін де жасау жоспарда тұр, деді ол.

Қызық көріп мал тұяғын қо­лыма алдым. Жылтырап, әзір тұрған материалдан күні ертең оқу­шылардың алтын қолынан түрлі бұйымдар шығатынын көз ал­дыма елестеттім.

Бүгінгі күнде біреу шетелге шығып, сол жақтан ескерткіш сый­лық алып келсе, мәз болып көрнекті жерге қоямыз. Ал жал­пақталдық жас шеберлер жасаған өнер туындылары шетелдік кәде­сыйлардан сапасы әлдеқайда жоғары.

Әсем БОЛАТ

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы