Аймақтар • 16 Қаңтар, 2018

Қостанайда полицейлер 25 жолаушыны үсіп кетуден құтқарды

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрамында аға сержанттар Арман Мұсаев пен Арман Жолмағамбетов бар әмбебап полицейлер Қостанай-Әулиекөл тас жолында тұрып қалған автобустың жүргізушісі мен 25 жолаушысын аязды түні далада қалып қоюдан құтқарды. Бұл жөнінде автобус жүргізушісі Евгений Кимнің облыстық ішкі істер департаментіне полицейлерге алғысын айтып хат жолдады.

Қостанайда полицейлер 25 жолаушыны үсіп кетуден құтқарды

Бұл жағдай  қаңтардың бастапқы күндерінде болған. Қытай өндірісі шығарған «VAN» автобусы Әулиекөл ауданына түнгі сапармен кетіп бара жатып, қатты аязға шыдамай, майы ағып кетеді де тоқтап қалады. Ал жолаушылардың арасында балалар мен әйелдер де бар болатын. Автобус түн ішінде тоқтап тұра бергенде оларды үсік шалуы әбден мүмкін еді.

Осы кезде тас жол бойында кезекшілікте жүрген полицейлер сынып тұрған автобусты көреді. Олар автобус жолаушыларын тас жолдан өткен көліктерге топ тобымен отырғызып, қалаға жеткізіп салуын өтінді. Алдымен балалар мен әйелдерді жіберді. Жүргізуші Евгений Ким өзінің әріптесін күтті, ол арнайы майын жеткізген соң, автобус оталады да, оны полицейлер Қостанайға дейін жеткізіп салды.

Осынша адамды үсіп кетуден құтқарған аға сержанттардың полицияда қызмет еткендеріне он жылдай болды. Осы жылдар ішінде тас жол бойындағы түрлі жағдайларға куә болып келеді. Қыс қаһарына мінген кезде жергілікті полицияның жол-патрульдік батальоны да сыртқы жолдар бойында кезекшілікті күшейте түсті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»