Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Мұрат Бақтиярұлы: Елбасының әрбір Жолдауынан дамуымыздың динамикалық деңгейін көріп келеміз

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының әрбір Жолдауы біздің өміріміздің кезекті бір белесі сияқты. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халыққа арнайтын әрбір Жолдауынан дамуымыздың динамикалық деңгейін көріп келеміз. Бүгінде жаһан жүзінде жүріп жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер бізді серпінді серпілістерге бастап отыр.

Мұрат Бақтиярұлы: Елбасының әрбір Жолдауынан дамуымыздың динамикалық деңгейін көріп келеміз

Біз бұл күнге тектен-тек жете салған жоқпыз. Алдымен Президенттің бастамасымен «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдадық. Бұл бізді әлемде озық дамыған 30 елдің қатары­на кіруді межелеуге бастады. Бұдан әрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру қолға алынды. Қазірге дейін оның 60 қадамы жүзеге асырылды. Ендігі кезекте ұзақ мерзімге арналған қадамдарды жоспарлы түрде орындау міндеті тұр.

Дамудың осылай өрістеу жолы өткен жылы Қазақстан­ның Үшінші жаңғыруына жол ашып берді. Осы тұста респуб­ликада Индустрияландыру бағдарламасы өзінің нәтиже­лерін бере бастады. Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының қабылдануы да дамуға дүмпу беретін серпіндердің бірі болды. Мұның қабатында еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуы­ның кешенді стратегиялық жос­пары жасалды. Осылардың бәрін жинақтай келгенде, бұл жолғы Жолдаудың бұған де­йінгі барлық шақырулар мен бағдар­лама­лардың кезекті жиынтығы сияқты болып көрінеді. Жаңа Жолдаудың бұл тұрғыдағы бас­ты ерекшелігі оның Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын айқындап бергенінде болып отыр.

Өткен жылдың ішінде еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз сал­дарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қоры­тын­дысында ішкі жалпы өнімнің 4 пайызға, өнеркәсіп өнімінің 7 пайызға өскені белгілі болды. Бұл уақытта кедейшілік 13 есе кеміп, жұмыссыздық дең­гейі 4,9 пайызға азайды. Осы орай­да маған әлеуметтік мін­дет­­те­ме­лердің толық орындалаты­ны жөніндегі мәлімдеме ұнады. Бұған сенім артуға да негіз бар. Арада өткен бір жылда зей­­нетақы мен жәрдемақы 3 рет кө­бейгені осыған айғақ. Сөз болып отырған кезеңде база­лық зей­нетақы 29 пайызға, ынты­мақты зейнетақы 32 пайыз­ға, бала тууға берілетін жәрдем­ақы 37 пайызға, сондай-ақ мүге­дектер мен асыраушысынан айырылғандар жәрдемақысы 43 пайызға өскен. Сол сияқты медициналық қызметкерлердің айлығы 28 пайызға, педагогтар еңбекақысы 29 пайызға, әлеу­мет­тік қорғау саласы қызмет­кер­лерінің жалақысы 40 пайызға кө­бейді. Ал «Б» корпусындағы мем­ле­кеттік қызметшілер 30 пайызға, стипендиялар 25 па­йызға өсім алды.

Кез келген елдің эконо­мика­лық жағдайы оның әлеуметтік мәселелерге осылайша көңіл бөлуінен көрінеді. Мұндай кең­дікке санаулы мемлекеттер ғана бара алады. Әсіресе, қ­а­зір­гідей дағдарыс меңдеген заман­да әлеуметтік салаға жұм­сайтын шығындарды ұл­ғайту оңайға түспек емес. Пре­зи­дент біздің мұндай батыл қадам­ға барып отырғанымызды жария етті. Бұл республикалық бюд­жеттің әлеуметтік салаға бөлін­г­ен шығыны биыл 12 пайыз­ға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асқанынан да айқын аңғарылады. Бұған қосарымыз, жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру ар­қы­лы 3 миллионнан аса қазақ­стандықтың табыстары ұлғай­ға­лы отыр. Биылғы жыл­дың ба­сынан бастап ынты­мақ­ты зей­нет­ақы 8 пайызға көбей­ді. Мү­ге­дектерге, асыраушы­сы­нан айырылған және мүгедек бала­лар тәрбиелеп отырған отба­сыларға арналған жәр­дем­ақылар 16 пайыздық өсім­ді құрады. Бұдан бөлек, 1 шіл­деден базалық зейнетақы ең­бек өтіліне байланысты орта­ша алғанда 1,8 есе көбейетін бола­ды. Жол­­дауда тағы бірқатар өсім­­дер туралы атап тұрып айтылған.

Маңызды құжаттағы тағы бір тоқталып өтетін жайт, онда ұс­таздар қауымына құрмет көр­сету жалғаса беретіні тай­ға таңба басқандай атап көр­сетіл­ген. Мұғалімдер мәр­тебе­сін арттыра беру білім­нің негізі дұрыс қалануына жол ашады. Бұған жеткілікті көңіл бөлген Мемлекет басшысы білім берудің жаңартылған маз­мұнына көшкен мұғалім­дердің лауазымдық жала­қысын биылғы 1 қаңтардан 30 пайызға көбейтуді тапсырғаны нақты дәлел бола алады.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты