Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Ел жетістігі – барша қазақтың мақтанышы

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауын оқып, үлкен мақтанышпен және қуанышпен қабылдадық.

Ел  жетістігі – барша қазақтың мақтанышы

Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін денсаулық сақтау саласынан бастап, ауыл шаруашылығына дейін, технологиялық дамудан бастап, білім беру саласын ілгерілетуге дейін әр саланы қамтып, жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетті.

Мемлекет басшысының «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық шетел тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген сөзі елдегі және шетелдегі қазақтар үшін ең маңызды мақсат болуға тиіс.

Атажұртымыз Қазақ елі, қасиетіңнен айналайын, тәуелсіздікті жария­лаған күннен бастап, саяси-экономикалық, сауда-саттық, мәдени-гуманитарлық салаларда көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Халық­аралық аренада өзін жан-жақты, сенімді және жауапты ел ретінде танытып үлгерді. Әлемдегі көптеген елден озып шықты. Экономикалық жағдайын жақсартып, ауылшаруашылық, туризм, денсаулық сақтау, индустрияландыру сынды маңызды салалар бойынша қыруар жұмыстар атқарып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізген Қазақстанның жұлдызы жарқырап, әлемдік саясаттағы салмағы уақыт өткен сайын артып келе жатқандығының айғағы – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі. «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдаған Қазақстан мемлекеті әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіруді алдына мақсат етіп отыр. Біздер, Түркиядағы қандас бауырлар ретінде бұл тарихи бастаманы қолдаймыз және де жүзеге асырылатынына кәміл сенеміз. Қазақ елінің қол жеткізген табыстары – әлемнің түкпір-түкпірінде мекендеген қазақ жұртшылығының мақтанышы.

Шабан Серкан ДИНЧТҮРІК,
«Қазақ-түрік білім және зерттеу» қауымдастығының төрағасы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа мүшесі (Түркия)