Президент • 17 Қаңтар, 2018

Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдерімен кездесті

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдерімен кездесті

Қазақстан Президенті дөңгелек үстел қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдірді.  

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.

– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Мемлекет басшысы екі жақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.    

– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. 62 елдің, соның ішінде АҚШ азаматтары үшін бізде визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.

– «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі ынтымақтастығымыз үшін перспективті бағыт бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерге арналған сөзінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторларды қатысуға шақырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл экономика» саласындағы жобаларды дамыту перспективасы туралы айтты.

– Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме мұрасы инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «Жасыл» технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізуге арналған, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық, валюталық, визалық және еңбек режімдері сияқты жеңілдіктер беріледі. Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржылық құралдарды дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуына барлық мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті өткізілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.