Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Қ.Тоқаев: «Басты міндетіміз – Елбасы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету»

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы өтті.

Қ.Тоқаев: «Басты міндетіміз – Елбасы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету»

Бюро жұмысын ашқан Сенат Төрағасы Төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңындағы мүлдем жаңа жағдайда елімізді одан әрі дамытуда сапалы заңнамалық қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.

Елбасы Жолдауы мемлекетіміздің жаңа әлемге бейімделуіне қатысты аса өзекті сауалдарға толықтай жауап береді, - деді Қ.Тоқаев. «Президент ықтимал сын-қатерлер мен қауіпті ескере отырып, болашақ әлем құрылымындағы іргелі өзгерістерге жан-жақты әзір болуға шақырды. Сондықтан біз осы жағдайларға толық дайындықпен бет бұруымыз қажет», - деп көрсетті Сенат Төрағасы. Осы орайда Қ.Тоқаев Жолдаудағы Мемлекет басшысы белгілеген негізгі міндеттердің орындалуын заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар қабылдауға қатысты Сенат алдына міндеттер қойды.

Парламент Жоғары палатасының Төрағасы Елбасы бірінші кезекте қабылдауды белгілеген заңдарға әріпестерінің назарын аударды.

Ең алдымен қабылдануы тиіс заңдардың қатарында венчурлік қаржыландыру, бизнесті реттеуге қатысуды азайту, табиғи монополиялар, жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі мәселелерін заңнамалық  жағынан реттеу міндеттері бар.

Сенат Төрағасы Елбасының банктерден оффшорлық компанияларға қаржы шығарғаны үшін жауапкершілікті күшейту, жеке тұлғалардың банкроттығы және электрондық еңбек биржасы туралы жаңа заңдар қабылдау туралы тапсырмасын еске салды. «Тағы бір басты міндет - «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа мәтінін, қабылдау және Экологиялық кодекске уақыт талабына сәйкес өзгерту мәселелерін қарау қажет»,- деді Қ.Тоқаев.

Төраға ел дамуының жаңа кезеңіне қажетті заңдарды сапалы әрі дер кезінде қабылдауға Парламент Сенатының әлеуеті жеткілікті екеніне сенім білдірді.

Бюро отырысында Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Сенаттың іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспардың күн тәртібіне Сенаттың тұрақты комитеттерінің аймақтарда көшпелі отырыстырын «Кәсіптік білім беру сапасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің өзекті мәселелері»,  «Соттар мен құқық қорғау органдарын цифрландыруды құқықтық қамтамасыз ету», «Астана айналасындағы азық-түлік белдеуі: жай-күйі және перспективалары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелдер және басқа да отырыстар өткізу енгізілді. Бұдан бөлек, жол жүрісі қауіпсіздігі, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру және теміржол машина жасауды одан әрі дамыту,  латын әліпбиіне көшу және қазақ тіліндегі терминология саласындағы заңнаманы жетілдіру, «Қазақстан киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру, жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар басшылығымен кездесу қарастырылған.

Сенаттың тұрақты комитеттеріне олардың қызметі Президент Жолдауында қойылған міндеттерді нақты іске асыруға тікелей байланысты болуы қажеттігі тапсырылды.

Бюро Сенат депутаттарының өңірлерге сапарларының қорытындылары жөнінде  тұрақты комитеттер төрағаларының  ақпаратын тыңдады.

Қ.Тоқаев өз сөзін түйіндей келе, Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа жеткізу бойынша аймақтарда жүргізілген жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Төраға кездесулерде айтылған сындарлы ұсыныстарды, өңірлердегі көтерілген  мәселелерді еңсеру жолдарын заң шығару жұмысында ескеруді ұсынды. «Депутаттар заңнамада айқындалған құзыреттерін барынша пайдаланып, көтерілген мәселелердің оңтайлы шешім табуына жан-жақты ықпал етулері тиіс» ,- деп қорытындылады Қ.Тоқаев.

Отырыс барысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Жоғарғы Сот судьяларын қызметтен босату туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуына қатысты қорытынды даярлау тапсырылды.  Бюро мүшелері сондай-ақ, 25 қаңтарда өтетін кезекті Сенаттың отырысының күн тәртібін келісті.

Сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын қызметтен босату туралы; Қазақстан  мен Әзербайжан  үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан мен Үндістан  арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты  салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары қарайтын болады.