Футбол • 18 Қаңтар, 2018

Руслан Есімов: Жүлдегерлер қатарынан табылуға күш саламыз

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің 5 дүркін чемпионы «Ертіс» Түркияға аттанбақ. Команда құрамында өзгеріс көп. Бас жаттықтырушы болып испан маманы Жерерд Нус тағайындалды. Аслан Дарабаев секілді мықты ойыншылары өзге клубтарға ауысып кеткен «Ертіс» енді негізінен жергілікті футболшыларға сенім артады. Сол сенімді арқалағандардың бірі – Руслан Есімов. Екібастұз футболының түлегі былтырғы маусымда негізгі құрамда тұрақты ойнап, павлодарлық жанкүйерлердің сенімінен шыққан. Жас болса да жанкешті ойындарымен көзге түскен қорғаушы алдағы жоспарларымен бөліскен еді.

Руслан Есімов: Жүлдегерлер қатарынан табылуға күш саламыз

– Жақында «Ертіспен» келісім­шартты ұзарттың. Өткен жылы негізгі құрамда тұрақты жақсы өнеріңмен көзге түскен ойыншылардың бірісің. Басқа командалардан ұсыныс болған шығар?

– Иә, командамен келісімге келдік. Өте қуаныштымын. Басқа командалардан ұсыныстардың болғаны рас. Дегенмен, мен үшін қазір «Ертісте» ойнау ең дұрыс шешім. Павлодар өзімнің туып-өскен жерім. Жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезінемін. Бәрі көңілімнен шығады. Қалғаны болашақтың еншісінде.

– Команданы Испаниядан кел­ген жас маманы Жерерд Нус жаттық­ты­ратын болды. Бас бапкермен танысып үлгердің бе?

– Танысып үлгерген жоқпын. Бірер күннен соң оқу-жаттығу жиыны басталады. Сонда танысып, бірге жұмыс істейтін боламыз. Испан маманынан көп нәрсе үйренеміз деп ойлаймын. Бас бапкердің сенімінен шығуға тырысамын.

– «Ертіс» былтыр тәп-тәуір ойнады. Дегенмен, «Ордабасыны» қуып жете алмадыңдар. Футболшы ретінде маусымды қалай бағалар едің?

– Ең бастысы, Еуропа лигасына жолдама алдық. Бұл басшылық тарапынан маусымға қойылған тапсырмалардың бірі еді. Ел біріншілігінде көп ұпай жоғалттық. Сүреңсіз ойындар болды. Кей жерлерде тәжірибе жетпей қалды. Ал­дағы маусымда жақсы нәтижеге қол жет­кізуге тырысамыз. «Ертіс» еліміз­дің 5 дүркін чемпионы. Сондықтан жауап­кер­ші­лігіміз үлкен. Мақсат айқын. Жүл­де­герлер қатарынан табылуға күш саламыз.

– «Екібастұз» футбол клубының түлегісің. Қателеспесем, алғашқы келісімшартқа отырған командаң да осы шығар?

– Иә, үлкен футболға жолдама берген «Екібастұз» командасы. Бірінші рет келісімшартқа 2006 жылы қол қойғанмын. Ерекше әсерде болдым. Кәсіби футболдағы жолым осылай басталған. Бұл менің өмірімдегі өте маңызды қадам еді.

– «Екібастұз» командасының қазіргі жағдайымен таныс боларсың...

– Әрине. Командамен үнемі байланыстамын. Жақсы өзгерістер болады деп үміттенемін. Жеңсе қуанамын, жеңілсе мұңаямын. Қиын кезеңдер барлық командаларда болады. Басшылық ауыс­ты. Жаңа бапкермен үлкен жеңістерге жетеді деп сенемін. Өз командама тек жақсылық тілеймін.

– Кәсіби футболшы болу бала кездегі арманың болды ғой?

– Шынымды айтсам, футболшы боламын деп армандаған жоқпын. Аулада таңның атысы күннің батысы тек доп қуалайтынбыз. Бала кезімізде футбол алаңын өзіміз сызып, қолдан қақпа жасап ойнайтын едік. Өсе келе, футболға деген көзқарасым өзгере бастады. Футбол үйірмесіне жазылдым. Жақсы бапкер жолықты. Жасөспірімдер жарыстарына қатыстық. Кәсіби футболшы болуға мүмкіндік туды. Кейіннен дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті.

– Әңгімеңе рахмет.

Әңгімелескен

Еркебұлан ЖОМАРТ,

«Егемен Қазақстан»