Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Ауыл әкімдері өзгерістерге дайын ба?

373 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміз үшін қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын маңызды рефор­ма­лар­дың жүзеге асуы – ертеңгі күннің кепілі. Мемлекеттік басқаруды орта­лық­­сыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамның би­лік жұ­мысын бақылауын күшейту жұмыстары басталды. Елбасының Жар­лы­ғы­мен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» бе­кітілді. Был­­тыр елімізде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері туралы» заң қабылданды. Онда жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджеті мен ком­му­налдық меншігін 2018 жылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауыл­дық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қа­рас­ты­­рылған.

Ауыл әкімдері өзгерістерге дайын ба?

Мемлекет басшысы «Ұлт жос­пары – бес институттық реформа­ны жүзеге асы­ру жөніндегі «100 нақты қадам» (98-қа­дам) шең­бе­рінде аудандық маңызы бар қа­­ла, ауыл мен ауылдық аймақ дең­гейі­нде дер­бес өзін-өзі басқару бюд­жетін енгізуді тап­сырды. Ма­ңыз­­ды мәселе Өскеменде өткен ауыл әкімдерінің республикалық фо­­­ру­­мын­да талқыланса, Ақтөбеде «Жер­­­гілікті өзін-өзі басқару­дың дер­бес бюд­жетін енгізу» тақы­ры­бында ауылдық ау­м­а­қтар әкім­дері де бас қосқан-ды. Өске­менде өткен жиынға Павлодар облысы­­ның әкі­мі Болат Бақауов та қа­тысып, өңірдегі тұрғ­ын­дар саны 2 мыңнан асатын 32 ауыл бар екенін, бірақ әзірге олардың барлығы дер­бес бюджетті енгізуге толық дайын емес­т­і­гін, сондықтан 2018 жылдың 1 қаң­та­ры­на дейін ауылдарға шығып, түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу қажет екенін айтты.

Міне, таяуда осы мәселе төңі­ре­гінде сөз қозғап, тұрғын­дар­мен кез­десу үшін Мәжіліс депутатта­ры Айзада Құрма­нова, Айгүл Нұркина, Снежанна Имашева Павлодар ауданы Черноярка ауылына кел­ді. Черноярка ауылдық аумағында 3 ауылды қосқанда барлығы 2291 адам тұ­ра­ды. Айзада Құрманованың айтуын­ша, жо­ға­рыда Болат Бақауов айтқан әр­­қай­сы­сында 2 мыңнан астам тұр­ғыны бар 32 ауыл­дық ау­мақта жергілікті өзін-өзі бас­қа­ру бюджетін енгізу бойынша жұ­мыс­тар аяқ­талыпты. Бөлінген қар­жы­ның нақ­ты жұм­са­лу­ын енді жергілікті қоғам­дас­тық бақылайды. Өңірдегі тірек ауылдар са­на­тына алынған осы 32 ауылдық аумақта – 140 мың адам тұрады.

– Өңірдегі қалалық және аудан­дық деңгейлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың меншікті кірістік көздері анықталды. 19 бағыт бойынша қаражат жұмсау өкілет­тілігін жекелей жүргізу – аудандық дең­гейден ауылдық деңгейде жүзеге асыры­луда, – деді А. Құрманова. Мысалы, бюд­жеттің төртінші дең­гейіне өтетін ауыл­дардың бірі – Павлодар ауылы. Об­лыс орталығының іргесіндегі бұл ауылда 7 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл елді ме­кен тіпті, Мәжіліс депутаттары келген ауданның орталығы да болып қалуы мүм­кін. Ауыл әкімі Аждар Жүсіповтің айтуынша, бюджетке түсер салық көлемі көбеймек. Өткен жылғы қазан айына дейін жиналған салық 24 миллион теңге бо­лып­ты. Ауылда «Рубиком», «Пав­лодар жол­­дары» ЖШС-лері, 22 дүкен, шаруа қо­­жа­лықтары жұмыс істейді. Тұрғын­дар­дың ауласында 600-ге жуық жылыжай бар. Егер кооператив ашылса, салық көлемі де ар­та түсері анық.

Ендігі мәселе – ауылдық ау­мақ­­тарда өзгерістерге толы жа­ңа­­шылдық қалай жүр­гізіледі? Жер­гілікті жердегі мамандар дайын ба? Облыс әкімінің орынбасары Бау­ыр­жан Қасеновтің айтуынша, өңір­дегі ауылдар жаңа жүйені жүр­гіз­уге дайын.

– Бюджеттің төртінші деңгей­іне өту – ауылға тиімді. Мысалы, тір­­келмеген нысандар саралаудан өтіп, салықтық және салықтық емес түсімдер есебінен ауыл бюд­же­ті артпақшы. Біздің облыс бұл жүйе­ні қабылдауға дайын десек те, әлі де тәжірибе жинап, жұмыс­­ты бір ізге түсіру қажет. Сон­дық­­тан ауылдық әкімдіктерге жа­ңа өз­­герістерді түсініп, үйрену үшін қол­­дау көрсетудеміз, – дейді Б.Қа­се­нов.

Облыстық қазынашылық де­пар­­та­менті­нің хабарынша, 32 ауыл­дың барлығы ком­пьютермен жә­­не интернет желісімен қам­ты­лып­ты. Арнайы оқу семинар­лары өт­кізілген. Мәселенің мәнісіне кел­­сек, ол – ауылдық әкімдіктерді ал­да­ғы жаңашыл өзгерістерге жан-жақ­т­ы дайындауда. Тұрғындардың өз­дері кіріс және шығысты табысты бөлуге қатысса, онда билікке деген сенім қалыптасады. Яғ­­ни ауыл, кентті басқаруға белсенді қа­­тысады. Ауылда, ауданда тұратын ау­дан­дық, облыстық мәслихат депутаттары жергілікті жердің тыныс-тіршілігіне тұ­рақ­ты түрде араласып, әкімдіктермен, тұр­ғындармен бірге жұмыс істеуді қолға ала­ды. Жергілікті бюджетті бақылап, оны иге­рудің тиімді жақ­тарын байқау, әкім­нің дұ­рыс ше­шім қабылдауына тікелей ық­пал етуі тиіс. Ауылдың жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін аудандық мәс­­ли­хат­тағылар бекітеді. Алды­мен бюджет ауыл жұртшы­лы­ғы­ның жиынында тал­қы­лануы мін­дет. Бюджеттің орындалуына ауыл әкі­мі­нің аппараты жауапты.

– Өйткені бұл мәселеде ең бастысы жергілікті бюджеттің жоспарлануынан бастап оның тиімді атқарылуына дейін жергілікті қоғам­дас­тықтың қатысуында, – дейд­і депутат А. Құрманова. – Әри­не жер­­гілікті бюджеттердің дер­­бес­тігін ны­ғ­айту жөніндегі бас­­таманы қол­даймыз. Жергілікті әкім­­дердің жаңа бастамаға дайын екен­деріне сенімдіміз, енді білім­де­рін одан әрі жетілдіретін семинарлар өткізіп тұ­ру қажет.

Ал облыстық қаржы басқар­ма­сының мәлі­метінше, 32 ауылдағы ауыл әкім­дік­терінде мамандар аз, кадр тапшылығы бай­қалуда. Бюджеттің төртінші деңгейіне өту жауапкершілікті арттырады. Сон­дық­тан әкімдіктің мамандары бі­лімі мен білік­тілігіне сай болулары керек. Ауыл әкім­дерінің басым бөлігі әлеуметтік мәсе­ле­лерге көңіл бөліп, бюджетті басқару тетіктерін жете біле бермейді. Мысалы, тұр­ғындар төлейтін айыппұлдың 15 түрі жергілікті қазынаға түске­ні­мен, оны қалай тиімді пайдалану жол­дарын біле­тін әкім­дік маманда­ры аз. Ауылдың бюд­жеті әкім­дердің қарамағындағы мүлік­ті жалға бе­руден, ерікті алымдардан, қайырым­ды­лық және демеушілік жарналардан, айып­пұлдар мен сыртқы жарнама орналастыру тө­лем­дерінен құралады. Сондықтан ауыл әкім­д­ерінің білімі жоғары деңгейде болуы үшін: қаражатты жоспарлау және жұмсау, салық жинау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда арнайы оқыту курстары, бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналды мүлікті пайдалану жайында сауатты басқаруға үйрету, оқыту қажет деп санайды. Ақпараттық-насихат топтарының қызметі, тренингтер, семинарлар өткізу қазір ауыл әкімдіктеріне ауадай қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасеновтің айтуынша, 31 тірек ауылдың 10-ында ғана орталықтандырылған су жүйесі бар. Бірақ қазір ауылдарда судан бұрын, қыруар қаржы бөліп, ветеринарлық пункттер, өлген малды көметін қорымдар салына бастаған. Әрине малсыз отырмайтын ауыл үшін бұл нысандар қажет-ақ. Бір қорым салу үшін 16-25 миллион теңге жұмсалмақ. Мұндай қаржыға ауылға келген жас мамандарға үй тұрғызып беруге болар еді. Былтыр өңірдегі ауылдардан 3,5 мың адам көшіп кеткен. Бұдан бұрын облыс әкімі Болат Бақауов ауылда қаңырап бос қалған үйлердің тізімін жа­сау­ды тапсырған-ды. Бүгінде өңірде са­ты­­лымға шығарылған 593 үй бар. Олар­дың әрқайсысының бағасы 500 мың мен 3 миллион теңге аралығында. 2016 жы­лы 30 оралман отбасы, ал оңтүстік өңір­лер­ден 57 отбасы көшіп келіпті.

Сондай-ақ өздері қалада тұ­рып, ауылға барып-келіп қызмет істей­тін ауыл әкімдері Жергілікті өзін-өзі басқару заңынан тыс қалғандай. Мысалы, Павлодар ауданының Красноармейка, Заря, Мичурин, Заңғар ауылдарының әкімдері, Мәжіліс депутаттары барған Черноярка ауылдық аума­ғы­ның әкімі, облыс орталығына қарасты Ленин кенті, Кенжекөл ауылы әкімдері қала мен ауыл арасына барып-келіп жұмыс іс­тейді. Мұны аудан әкімі де, ауыл­дық­тар да біледі. Әкімдер «ауылда тұ­ра­тын үйіміз жоқ болса қайтейік, бұл заңға қайшы емес» дейді. Ми­­чурин ауылы жергілікті қо­ғам­дық кеңестің төрағасы Хайыр Ра­қымжановтың айтуынша, ауыл жергілікті әкімдерге сену­ден қалып барады. Ауылда 5-6 ай­дай әкім бол­мады. Жақында ға­на жаңадан тағай­ын­далыпты. Бұ­­рын әкім болған Аман­гел­ді Бек­­мағанбетов тұрғындардың на­ра­­зы­­лы­ғы­нан кейін жұмысынан кеткен-ді.

Павлодар аудандық мәслиха­тының депутаты Бақытбек Батке­ев­тің айтуынша, аудандағы ауыл әкімдерінің жұмысына көпшіліктің көңілдері толмайды. Мұндай жағдай ауылға әкім сайлау кезінде Май ауданы, Кеңтүбек ауылында, Шарбақты ауда­нында кездесті. Кеңтүбек ауылы әкім­ді­гі­нің ауласы өмірі бір жөндеу көр­ме­ген, әб­ден тозып біткенін де көрдік. Әкім­дік­тің кеңсесі бәленбай жыл болған, тас­тан салынған ғимарат, іші мұздай. Ауыл әкім­­дігі мамандарының денсаулықтарына алаң­дайсың.

– Ауылға ауыл шаруашы­лы­ғы­нан, эко­номикадан хабары жоқ әкім­д­ер келеді. Ел іші білікті, бі­лім­ді әкімдерді күтеді. Әкім ауыл­да тұрмаса, тұрғындар оларды қа­ла­­дан іздеп жүре ме? Соңғы екі жыл­да Павлодар ауданында 10-ға жу­ық ауыл әкімі сайланса, 4-уі ішкі істер саласының зейнеткерлері көрінеді. Бұған не айтасыз? – дейді Бақытбек Баткеев.

Демек, әр ауылда кездесіп қа­ла­тын «қонақ әкімдерге» тыйым салып, «әкім бол­сын, шенеунік болсын өзі қызмет жа­сайтын жерде, ауылда немесе қалада тұ­руы тиіс» деп міндеттейтін ереже ке­рек-ақ сияқты. Әр әкім өз ауылында оты­руы керек.

Заңға сәйкес бюджет қар­жы­сын ауыл әкімі жергілікті бел­сенді қау­­ымдастық мүшелерімен бірге тиім­ді пай­­далану жолдарын қарастырады. 2016 жыл­ғы сайлау өңірдің 13 ауда­нында өтіп, 98 ауыл әкімі сай­ланд­ы. Енді әкім­дердің іскерлік қабілетін көрсететін сәт келді. Өңірдегі 31 ауыл «Тірек ауыл­дар мен аудан орталықтарын дамыту» бағ­дар­ла­ма­сына енгізілді. Өкі­ніш­ке қарай, бұл ауыл­дардың тірек боларлықтай тыныс-тір­ші­лігі әлі байқалмай отыр. Қазір облыста тұ­ра­тын ауыл халқының саны 222 мыңдай ғана. Ауылдарда халық саны, мектеп оқу­шылары саны мүлде азайып барады. Туу көрсеткіші төмен.

Тұрғындардан түскен салық бала­бақ­ша­ларға, абаттандыру, көгал­дан­дыру, жер­гілікті жолдар­дың жағдайын жақсарту сын­ды м­әселелерге жұмсалады. Алдағы уа­­қытта әкімдердің жұмысын ба­ғалау үш тала­ппен – салық тү­сім­­дерін молайту, жаңа жұмыс орын­дарын құру, қоғамдық-сая­си тұрақтылықты сақтау негізінде жү­зе­ге аспақ. Талап үдесінен шығу үшін ауыл­дардың орналасу ерекшелігі, хал­қы­ның тығыздығы маңызды болады. Мәселе оқы­ған, көзі ашық, елге, қазаққа, ауылына жаны ашитын, патриот, заман талабына ілесе алатын әкімнің ауылға келуінде болып тұр.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Суретті түсірген Айбек ЖҰМАТОВ