Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

«Хат қоржын» (18.01.2018)

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (18.01.2018)

...ұсыныс айтады

Зейнеткерлерге көмек көрсетілсе

Мен Алматы облысында 50 жылға жуық қызмет атқардым. Жасым 84-ке келді, 15 жыл 3 ауданда партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы қызметтерін атқардым. Күрті және Жамбыл аудандарында астық жинап, мемлекетке өткіздік. Сол кезде жаңадан құрылған Күрті ауданында бұрын арпа, бидай егіп көрмеген кеңшарлар мен ұжымшарларды жаңа агротехникалық әдістерге жұмылдыра отырып, шөлді-құмдауыт жерден Отан қоймасына 1974 жылы 2 миллион тонна, Жамбыл ауданына ауысқанымда 1978 жылы 10 миллион тонна астық өткізгеніміз есімде. КСРО өнертапқышы атанып, бірнеше орден, медальмен марапатталдым.

Елбасымыз халыққа арнаған сөзінде үнемі ауылға бару керектігін, шаруашылықпен, кәсіппен шұғылдану қажеттігін айтады. Қарт болсақ та, бойда қуат сарқылған жоқ. Сондықтан Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылынан қоражайымен бірге үй салуға кірісіп кеттім. Яғни қолыма таяқ ұстап отыра бермей, бизнеске бет бұруды ойлап ауылда мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Бірақ бұл кәсіпті дөңгелетуге көлемді қаражат қажет. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен мемлекеттік зейнетақы төлеу орталықтары қолынан іс келетін және бала-шағасы бар қариялардың шаруа қожалығын ашу сияқты кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетсе деймін. Мәселен, кепілдеме арқылы белгілі бір мерзімге несие берсе, оны зейнетақы төлемі есебінен қайтарып отырса қандай ғанибет болар еді. Бұл жаңа жұмыс орнын құруға да сеп болар еді.

Бекболат ТҰРЫСЖАНОВ,

Алматы облысы және Жамбыл ауданының құрметті азаматы

***

...ризашылық білдіреді

Қалтқысыз қызмет осындай-ақ болсын

Осыдан біраз бұрын 43 жастағы Айман Әубәкірова темір жол апатына ұшырап, пойыздың астында қалған. Ауыр жарақаттың салдарынан бір аяғынан толығымен айырылып, екінші аяғының бармақтарына нұқсан келген. Бұл жазатайым оқиғаны ушықтырған жағдай – Айманның жеке тұлғасын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ екен. Ол 1997 жылы төлқұжатын жоғалтып алып, қайта қалпына келтіруге уақыт таппаған. Енді мүгедек боп, үйсіз-күйсіз қалған Әубәкірова жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік көмектен де қағылады.

«Біз осындай қайғылы жағдайға душар болған Айман Әубәкірова туралы естігенде, бірден оны іздеп бардық. Қажетті құжаттарын қалпына келтіру мәселесін өз мойнымызға алып, Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірге Айман Бекболатқызына жеке куәлігін жылдам жасап бердік», деді Астана қаласы бойынша мамандандырылған ХҚО бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Амантаев.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алдымен Әубәкірованың туу туралы куәлігінің телнұсқасын жасатып, кейін жеке басын куәландыратын құжатқа да қол жеткізді. Сосын қажетті мәліметтерді бірден Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығына жолдап, желтоқсанда Айман Әубәкіроваға мүгедектігі бойынша жәрдемақы берілді.

Әсел МИЗАМҚЫЗЫ

Астана

***

...үлгі тұтады

Интернаттың әр күні мазмұнды

Біздің ұжымның шығармашылық-педагогикалық тобы тәрбие­ленушілердің әр күні тектен-тек, мағынасыз өтпеуі үшін тұрақты іс-шаралар кешенін орнықтырды. Мектеп-интернат жанындағы колледждік топтарда олар тігінші және шаштараз мамандықтарын меңгере алады. Бұл салалар балалардың әлеуметтік ортаға бейімделіп, өмірден өз орындарын табуына ықпал ете алады. Оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Мектептің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Интернаттың ерекшелігіне сай логопедиялық құрал-жабдықтар орнатылған кабинеттер де жасақталды.

Өткен жылы есту қабілетінің төмендігі туа бітті пайда болған бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы салынды. Сонымен бірге мектептің кіреберісіне пандустар орнатылды. Ұжымдағы осындай өзгерістер мен жаңалықтарды «Егеменнің» хат қоржынына жолдағанды жөн көрдім.

Эльвира ҚОБЫЛАШ,

Ақтөбе облыстық есту қабілеті төмен балалар мектеп-интернатының әдіскері

***

...жаңалығын жеткізеді

Спорттық-сауықтыру кешеніне ризамыз

Ақтауда былтыр «Меловой» спорттық-сауықтыру кешені ашылып, ел риза болған еді. Бүгінгі күні спорт кешені бес функ­ционалдық бөлімнен тұрады. Ауданы 470 шаршы метр болатын футбол, волейбол, баскетбол және көркем гимнастика бойынша өтетін жаттығуларға арналған әмбебап спорт залы бар. Ол заманауи спорттық құралдармен жабдықталған. Алаңы 216 шаршы метр болатын шығыс жекпе-жегі залы, жабық жүзу бассейні, заманауи жабдықтармен, фитнес тренажерлермен жабдықталған, ауданы 300 шаршы метр болатын тренажер залы, резеңке жабыны бар шағын футбол ашық алаңы бар.

Бұл ауқымды іс-шара саламатты өмір салтын насихаттауға, дені сау ұрпақты тәрбиелеу мен бұқаралық спортты дамытуға өз ықпалын тигізеді.

Аман БОЛСЫН

Ақтау

***

...реніш білдіреді

Шапалақты сұрап алған асаба

 Қоғамымызда саны бар, сапасы жоқ асабалар қаптап кеттi. Жақында сондай асабалардың бiрiмен тойда болдым. Асаба жап-жас жiгiт, қалжыңы ма, шыны ма, жетiншi сыныптан бастап той-бизнесте жүр екен. Жастығы шығар, бос сөз, мағынасыз қалжыңмен үлкендердi әбден мезi еттi. «Кiм шапалақ ұрса, тойдан қайтқанда бiр қап ақша тапсын, шапалақ ұрмағандарды бiр топ ит қапсын!», «Той иесiн сыйлап келгендерiңiз рас болса, қатты шапалақ ұрып жарысыңыздар!», «Жастар бақытты болсын дегендер шапалақ ұрсын, бақытсыз болсын дегендер шапалақ ұрмасын!», деп кеш бойы кейбір әншілер секiлдi шапалақ сұраумен болды. Керемет жарасымды әзiл, көрiктi ой, тартымды, өнегелi сөз айтылып жатса риза болған халық онсыз да шапалақ ұрады ғой. Шапалақты сұрап алған асабада не қасиет бар дейсiз...

Әйтеуiр, бiр бiлетiнiм – бейауыз асабалардың көбейiп кетуi жақсылықтың нышаны емес. «Пышақты бос ұстасаң қол кеседi» демекшi, асабаға да қатаң талап қоя бiлуiмiз керек.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар