18 Қаңтар, 2018

Бейнеу ауданында 188,9 млн теңгеге 8 жоба несиеленді

723 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет екені айтылған.

Бейнеу ауданында 188,9 млн теңгеге 8 жоба несиеленді

Осыған орай, елеулі іс жүргізіп жатқандардың бірі  «Бейнеу ауыл шаруашылығы кооперативі» АӨК өндірістік кооперативі. Кооперативтің құрамында мал сою алаңы, ет өндіру, ветеринариялық зертхана және мал базары бар.  Шаруашылық етті дайындау және ет өнімдерін экспорттаумен қатар, мал бордақылаумен  айналысады. Ол заманауи мал сою құралдары, мұздатқыштар және ет турағыштармен жабдықталған. Цехтың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 4 тонна.

Жалпы 2017 жылы Бейнеу ауданында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 188,9 млн. теңгеге 8 жоба несиеленіп, ашылған жұмыс орны 7,7 есеге көбейді. Бейнеу селосы көшелеріне электр желілерін тарту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 79,5 млн. теңге, Төлеп және Есет селоларынан Бейнеу селосына дейін жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстарына – 100,0 млн теңге, Бейнеу селосында сыртқы жарықтандыру жұмыстарын – 6,9 млн теңге бөлінді. Барлық нысандар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бейнеу – мал шаруашылығы дамыған аудан. Алайда мал өсімі жақсы болғанымен, ет тапсыратын орын болмай отыр. Бұл да тұрғындар көкейіндегі сауалдардың бірі. Осыған орай         облыс әкімі Е.Тоғжанов ет өнімдерінен консервілер дайындап шығаратын зауыт, Агро несие корпорациясының негізінде бордақылау орталықтарын құрып, цех ашу сынды ет өткізудің бірқатар жолдарын қарастыру керек екенін атап өтті.

Елбасы Жолдауында ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін үкімет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілетінін атап айтты.

– Ауылшаруашылықтың ұлғаюына байланысты соңғы 6 жылдың ішінде 20 млн 600 мың теңге несие алынды. Олар бүгінде өз істерін дамытып, аудан экономикасының өсуіне үлестерін қосуда. 2017 жылы Сарға ауылынан «Бастау бизнес» бойынша 7 адам оқытылып, сертификат алды. 2 адам 5 млн-нан астам несие және ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге жеңілдік пайызбен несие алып, мақсатына пайдалануда. Ауыл жастары биыл да кәсіпкерлікке оқуға ұсыныс білдіруде, - дейді Сарға ауылының әкімі Марат Болысов.

Бейнеудегі «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы да маңызды. Ақжігіт ауылында қуаттылығы сағатына 120 тонна асфальт дайындайтын асфальт-бетон зауыты орнатылып, пайдалануға дайын. Көкбекті бекетіндегі қуаттылығы сағатына 175 тонна асфальт дайындайтын асфальт-бетон зауытын құрастыру жұмыстары аяқталып, газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше