Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Польша Президенті: Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қолдау жолында маңызды қадамдар жасады

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Польша Президенті Анджей Дуда сөз сөйледі. 

Польша Президенті: Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қолдау жолында маңызды қадамдар жасады

Сурет Польша Президентінің ресми сайтынан алынды

Сөз басында Анджей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйымдастырған Қазақстанға алғыс айтты. «Бұл сіздің ұзақ уақыт бойы қауіпті қаруды таратпауға тырысқан еңбегіңізді көрсетеді. Ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде Қазақстан осы мәселені өз деңгейінде талқылауға атсалысады деген сенімдемін. Себебі Қазақстан секілді ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттер өте аз», дей келе Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездері сөйлеген сөзін еске алды. «Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, бұл өзінің мемлекеті үшін жасаған ең жақсы таңдауы екенін айтқаны есімде. Сол кезден бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Сонымен қатар мен Қазақстанның жақында төмен байытылған уран банкін құрғанын атап өткім келеді. Бұл ядролық қауіпсіздікті қолдау жолындағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтады», деді Польша Президенті.

Анджей Дуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевға алғысын білдірді. «Мен Польша Президенті ретінде БҰҰ-на бірінші рет келіп отырмын. Бүгінгі қарастырылып жатқан мәселелер Польшаның Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтарымен байланысты. Оның ішінде халықаралық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің агрессиялы және заңсыз әрекеттеріне қарсы халықаралық құқықтың жаңа жолдарын қолдау да қарастырылған. Менің ойымша, кез келген заңсыз әрекетті халықаралық ережелерді бұзу деп қабылдау керек. Себебі ондай әрекеттер мемлекеттердің бейбіт қатым-қатынастарын бұзады», деді А.Дуда.

Польша Президентінің айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысындағы күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы өте маңызды. Сонымен қатар тек ядролық қару емес, биологиялық және химиялық қарудың, баллистрикалық ракетаның да қаупін ескеру керек. «Біз химиялық қарудың қолданылатын кездерін жиі кездестіріп жатамыз. Қауіпсіздік Кеңесі әлемге осы мәселеге байланысты үндеу жариялағаны жөн», деді А.Дуда. Сонымен қатар Польша Президенті Солтүстік Кореяның әрекеттерін айыптап, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарының қауіпсіз жерде, барлық мемлекеттер арасындағы достық және бейбіт қарым-қатынаста өткені дұрыс деп ойлайтынын айтты.

Сөз соңында Польша Президенті отырысқа бүкіл әлем елдері үшін маңызды тақырыпты таңдағанына алғыс айтты. «Польша сіздің ядролық қауіпсіздікке байланысты бастамаларыңызды қолдайды. Мұндай қару шекараларды бұзып, әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіреді. Сондықтан біз БҰҰ аясында әріптестік қарым-қатынасты нығайта беруіміз керек», деді А.Дуда.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше