Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Елбасы: Құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлемге бірлесе қол жеткізуіміз керек

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті.

Елбасы: Құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлемге бірлесе қол жеткізуіміз керек

Жиынды ашқан Елбасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басым бағыттарына тоқталды. Сонымен қатар Президент Қазақстан 2018 жылғы қаңтардағы төрағалығы мерзімінде табысты жұмыс істеп жатқанын атап көрсетті.

«Біз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Орталық Азияның бұл мәртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың Дүниежүзілік ұйымның осы маңызды «үніне» айналдық», деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірінші жылы өткенін айтып, еліміздің Кеңестің күнт тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырысқанын жеткізді.  

«Ауғанстан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эритрей жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз», дей келе Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастық ‒ алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм екенін айтты. «Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті біз құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетені де сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше