19 Қаңтар, 2018

Президент Назарбаев әлемнің өзге елдеріне үлгі көрсетті – АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хэйли

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хэйли БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Қазақстанның бастамасымен өтіп отырған жаппай қырып-жоюды таратпау жөніндегі отырысының маңыздылығын атап өтті. 

Президент Назарбаев әлемнің өзге елдеріне үлгі көрсетті – АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хэйли

«Қазақстанның осы бір маңызды отырысты ұйымдастырғаны орынды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы шешімдерінің бірі ядролық қаруды таратпау тарихындағы маңызды сәттердің бірі болып отыр. Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстан ерікті түрде кеңестік ядролық зымырандарды өз территориясынан алып тастауға келісіп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды» деп бастады өзінің мәлімдемесін Никки Хэйли.

«Ядролық қарудан бас тарту арқылы Президент Назарбаев әлемнің өзге елдеріне үлгі көрсетті. Бұл әрекет сенімділік тудырды. Осы арқылы Қазақстан көрші елдерге және дүние жүзіне қауіп төндірмейтінін жеткізді. Бұл ядролық қаруды таратпаудың жаһандық негізі саналатын Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сенімділік дауысы еді», деп атап өткен АҚШ өкілі «Ең маңыздысы, Қазақстанның іс-қимылдары бұл елдің өзге мемлекеттермен қарым-қатынасында бейбітшілік пен тұрақтылықты бағалайтындығын білдірді. Сөзсіз, бұл Қазақстанның ұлттар қауымдастығының жауапты мүшесі болуға дайындығын көрсетті», деген пікір айтты.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы күндері АҚШ-та ресми сапарда. Екі күн бұрын Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескен болатын. Бүгін ол БҰҰ ҚК жиналысына төрағалық етті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ ҚК төрағалығына кірісті. Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында БҰҰ ҚК тұрақсыз мүшесі атанған тұңғыш әрі жалғыз мемлекет.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше