Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Әсет Исекешев: Астанаға мыңдаған турист тартудың жоспары әзірленіп жатыр

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев өткен жылы өткен ЭКСПО-2017 көрмесі жайлы, биыл елордада қандай өзгерістер болатыны туралы, туризм, экономикалық өсу жөнінде ой бөлісті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Әсет Исекешев: Астанаға мыңдаған турист тартудың жоспары әзірленіп жатыр

«ЭКСПО туралы сөз қозғамас бұрын мына нәрсеге мән берейікші, Мемлекет басшысы жаһандық көрменің елімізде өтуіне не үшін бастамашы болды? Ол Үкімет пен Астана әкімдігіне қандай міндеттер қойды? Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясын мақұлдады, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру басталды, «Қазақстанның үшінші модернизациясы» деген атаумен біріктірілген технологиялық, саяси және рухани жаңғырту басталды. Мемлекет басшысының бұл бастамалары еліміздің стратегиялық тұрғыда дамуына ықпалын тигізіп келеді. Шындығында, бұл басқа елдермен бәсекелесуге, экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 10 нақты міндет қойды, олардың басым бөлігі ел экономикасының және әлеуметтік сектордың төртінші индустриалды революция жағдайына бейімделуіне арналған.

ЭКСПО-ны өткізу – модернизация шеңберіндегі іргелі жобалардың бірі. Түсіндіре кетейін, ЭКСПО әлемдегі урбанистикалық үрдістерді ескере отырып, Астанаға жаңа міндеттер қойды. Бүгінде елдердің бәсекеге қабілеттілігін салалар емес қалалар анықтайды. Үлкен мегаполистерде жаңа салалар мен заманауи технологиялар қалыптасып, қарқынды дамып келеді. Көп ұзамай әлемнің дамуын 600 қала анықтайды деп саналып отыр. Бүгінде туристерді, инвесторларды, небір таланттарды тарту орталықтары ретінде көптеген қалалар бар. Олар өз елінің бет-бейнесіне айналғанын көріп отырмыз. Мысалға Дубай, Сингапур, Гонконг, Сеул секілді қалаларды алуға болады. Бұл қалаларда креативті индустриялар пайда болып, адам капиталы дамып келеді, олар мемлекеттің экономикалық өсуінің қозғаушы күші болып есептеледі. Міне, ЭКСПО секілді ірі жобалар Астананың еуразиялық кеңістіктің жаһандық қаласы, яғни мәдени, туристік, білім беру және медицинаның орталығы болуына септігін тигізеді.

Енді мынаған назар аударыңыздар: Астанада жақсы әуежай пайда болды, заманауи теміржол вокзалы, қолайлы қонақүйлер, көптеген мейрамханалар ашылды. ЭКСПО-ны жоғары деңгейде өткізу үшін көп қаржы мен күш жұмсалды. Нәтижесінде Астана жаңа деңгейге көтерілді, туристердің қызығушылығын оятты.

ЭКСПО-ның үш айы қалалық қызметтер үшін үлкен тәжірибе болды. Түрлі бағыт бойынша жеті штаб құрылды, 5 мыңнан астам адам тәулік бойы жұмыс істеді. Нәтижесінде қала таза, қауіпсіз әрі қонақтар үшін қызықты болды. Шетелдіктер Астанада жоғары деңгейде іс-шаралар өткізуге болатынына көз жеткізді. Өздеріңіз көрдіңіздер, Мемлекет басшысының бастамасымен ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Сирия келіссөздері және Мемлекет басшыларының қатысуымен көптеген ірі іс-шаралар өтті.

Астанада қызмет көрсету саласында 300 мың адам жұмыс істейді. Әлемде экономикалық жағдай қиындағанмен, Қазақстан көрмені дайындау мен өткізу кезінде ондаған мың жұмыс орнын құрды. ЭКСПО-ға 400 миллиард теңге жұмсалды, бірақ бұл қаржы бизнесті дамытуға бағытталған серпіннің есебінен қайтарыла бастады. 2016-2017 жылдары Астана бюджетіне 2 триллион теңге түсті. Бұл өте жақсы нәтиже. Бұрын жұрт Астана бюджеттің есебінен күн көреді дейтін.

Көрменің мұрасы ретінде жастарымыздың алған білімін де айта кету керек. ЭКСПО-ға барлық өңірлерден 100 мыңнан астам оқушы келді. Олар біздің болашақ мамандарымыз, әлемнің озық технологияларына таңдана қараған инженерлеріміз. Олардың ойларында қандай өзгерістер болғанын елестете аласыз ба?

Бұл тізімге балаларды ғана емес жастарды да қосуға болады. Біз мамандарымыздың көрмеге баруын міндеттедік. 100 мемлекет ЭКСПО-ға өз технологияларын әкелді. Олармен танысудың оңай жолы енді қайтып келе ме? Мен коммуналдық қызметтердің қызметкерлері мен әкімдіктің өздері де көрмеден көп нәрсені үйренді деп айта аламын», – деді Әсет Исекешев.

Елорда әкімі қалада қандай smart-шешім жоспарланғанын және жүзеге асырылатыны туралы ой бөлісті.

«Smart-Astana» жобасын дамытуға жүйелі түрде келдік. Ең маңызды талап – осы технологиялар азаматтардың өмірін ыңғайлы ету және мемлекеттік қызметті алуды жеңілдету. Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау. Мақсатымыз – оларды енгізу үшін смарт-технологияларды ғана енгізу емес, қалада қауіпсіздікті арттыратын, коммуналды қызмет құнын төлеу жолдарын жеңілдететін, т.б. жобаларды жүзеге асыру.

Смарт-технологиялар енгізетін тағы бір жоба бар. Біз көшелерді жарықтандыру шамдарын тиімді энергияға ауыстыру туралы конкурс жарияладық. Қазір жарықтандыруға белгілі бір көлемде қаражат жұмсап отырмыз, ал шамдарды алмастыру арқылы 60 пайыз үнемдейміз», – деді Астана әкімі.

Әсет Исекешев сондай-ақ туризмді дамыту жолдары жайлы да ойын ортаға салды. Ол Астанада туризмді дамытудың бірден бір жолы қызмет көрсету сапасын реттеу керектігін алға тартты. Әкім туризмді дамытудың үш бағытын атады.

«Біз туризмді дамытудың үш жолын анықтадық. Олар: оқиғалар туризмі, яғни mice-туризм, қалалық демалыс және медициналық туризм. Әрине, бұл тұста mice-туризм маңыздырақ. Мәселен, Дубайда жыл сайын төрт мың іс-шара өтеді. Концерттерден бастап кинопремьералар, фестивальдер, жәрмеңкелер, көрмелер, форумдар, конференциялар ұйымдастырылады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама адам ағылады. Қазір Мәдениет және спорт министрлігімен, «Kazakh туризм» корпорациясымен және өзге де министрлік, ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, 2018 жылға арналған оқиғалар туризмінің жоспарын дайындап отырмыз. Яғни ірі форумдар, конференциялар, ойын-сауық бағдарламалары, фестивальдер, концерттер ұйымдастыру жоспарда бар. Себебі, олардың әрқайсысына мыңдаған адам келеді. Олар Астанаға келіп, қонақ үйлерімізге тұрақтайды, мейрамханаларымызға барады, түрлі сувенирлер сатып алады. Естеріңізге сала кетейін, елордада 200 қонақ үй, 800 қоғамдық тамақтану орны, музейлер, сувенир шығаратын компаниялар бар.

Астанадағы туризм маусымдық емес, жыл бойы, яғни қаңтардан желтоқсанға дейін болуын ойлап отырмыз. Сондықтан міндетіміз – еуразиялық кеңістіктің үздік конгресс-көрме орталықтарының бірі болу. Бұл үшін бізде ЭКСПО кешені, көптеген спорттық және мәдени нысандар, қонақ үйлер театрлар, спорт ареналары, бизнес орталықтары бар. Қазір нысандарды сертификациялауды және 2018 жылға маңызды іс-шаралар өткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді елорда басшысы.

Астана әкімі осыдан кейін қаланың экономикалық өсуі жайлы айтып, 2017 жылғы мәліметтерді келтірді.

«Біз өткен жылды жоғары нәтижемен аяқтадық. Бірқатар көрсеткіш бойынша жоспарлар артығыменмен орындалды.Мысалы, қаланың экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылды (жоспардан 10 млрд теңгеге артық); Оның 69 пайызы жекеше болып есептеледі.

Елордалық кәсіпорындар 550 млрд. теңгенің өнімін өндірді (жоспарланған 6,5% орнына + 7,8%). Өндірістің өсу қарқыны бойынша Астана негізінен металлургия мен машина жасаудан еліміздің өңірлері арасында (Атырау облысынан кейін) екінші орынға тоқталды.

Жалпы алғанда, 2017 жылы қалада 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 85 пайызға жуығы немесе 15 мыңға жуық орын – шағын және орта бизнес», – деді Әсет Исекешев.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше