Әдебиет • 19 Қаңтар, 2018

Жүсіпбек Қорғасбек. Балалар әдебиетінің кейіпкері мен идеясы

1956 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шыңғыс Айтматовтың бір атақ­ты сөзі бар. «Кейіпкерлері балалардікі, идея үлкендердікі» деген. Біз қазір балалар мен жасөспірімдер басылымының төңірегінде осы сөзді ұстанып отырмыз. Бұл нені көрсетеді? 

Жүсіпбек Қорғасбек. Балалар әдебиетінің кейіпкері мен идеясы

Балалар, жасөспірімдер көркем шығарманы ата-аналарымен бірге отырып оқығаны жақ­сы. Отбасылық шығармалар әде­биетте жоқтың қасы, жариялау кем­шін. Осы бағытта алғашқы қа­дамдарды да жасадық. Жыл са­йын бәйгелер ұйымдастырылып жатыр. Сол бәйгелердің ішінде же­ке балаларға арналған шығар­ма­ларға сыйлықтар беріле бас­тады. Осы бәйгелерде жүлде ал­ған поэзия, прозаларды қара­сам, бұрынғы және қазіргі балалар жазушылары. Мысал үшін Тынымбай Нұрмағамбетов табиғатынан балалар жазушы­сы. О бастан балаларға арнап жаза бастаған. Негізінен шығарма­лары отбасылық дүниелерге ке­ле­ді. Несіпбек Дәутайұлы шы­ғармалары да – отбасылық. Бір қарасаң идея үлкендердікі, шығар­маның өзі, сюжеті бала­лардікі. Қазір объектісі балалар­ болып отырған шығармалар өте көп. Былтыр «Рух», «Алтын то­былғы» деген байқауларда бәй­ге алған жазушылардың көбі – ба­лалар жазушылары. Соған қара­ғанда қаламгерлердің өздері біліп те, білмей де осылай жазып жа­тыр. 

Ал біздің балалар мен жас­­өспірім­дерге арналған басылым­дарға келетін болсақ, қай кезде де, қай заманда да, әлемдегі ең бай жазушылардың көшін балалар жазушылары жасап отыр. Біз­де де балалар әдебиеті бай, ба­қуатты болуы керек. Сосын ба­лалар әдебиетінде талантты шығармашылық адамдар жұмыс істеу керек. «Әдебиет өлсе де, балалар әдебиеті өлмейді» деп едім бірде. Себебі жақында ғана Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың төраға­лығымен балалар басы­лымына қатысты жиналыс бол­ды. Сонда бір айтқан сөзі есім­де қалып қойды. «Алыс ауыл­дағы бір баланың өлеңі жарияланса, ауылда сол күні той болады» деп еді. Оқушылардың, сту­денттердің қатарында қазір шығар­машылықпен айналысатын жастардың қатары көбейіп келе жатыр. Солардың барлығының объектісі – балалар. Олар өздері туралы жазады. Тапсырыспен шығар­ма жаздыру қиын. Ол жа­­сан­дылыққа ұрындырады. Кү­шен­шектікке әкеледі. Біз ондай әдіс­терді де қолданып жатырмыз. Өйткені балалар әдебиетінің процесі тоқтамауы, үнемі жарияланып отыруы керек. Тапсырыспен келген шығармалардың көркемдік сапасы жоғары бола қоймайды. Ол әдебиеттің ішкі жұмысы. Біз 5-10 жыл бұрынғыға қарағанда авторлардан аса мұқтаждық көріп отырған жоқпыз. Қазір көптеген шығармалар келіп жатыр, таңдаулыларын ғана жариялай бастадық. Жаңа жылдан бастап екі нәрсені қолға алып жатырмыз. Мемлекеттік тап­сы­рысқа жеке тармақ енгіздік. Ол – балалардың шығармаларын, ба­лаларға арналған қазақ және шетел әдебиетінің туындыларын жариялау. 

Мен үнемі бақылап айтып жүретін нәрсе, жаттауға жеңіл дүниелер азайып бара жатыр. Балабақша, мектептерде кездес­кен сайын жиі естимін. Мазмұны түсінікті, қарапайым шығармалар жетпейді. Әдебиет күрделеніп бара жатыр. Балалар әдебиеті де. Осы бір тұста мәселе бар. Балаларға арналған шығармалар күрделі болмауы керек. Жаңадан танымы, түсінігі қалыптасып келе жатқан балаларға түсіну қиын. Кеудеден итергендей боламыз.

Қазір әлем танымдық дүниеге бет бұрып жатыр. Бұл дәстүрлі әдебиетімізде өзінің қалпымен келе жатқан нәрсе. Осы бағытта жұмыс істеп, балалар әдебиетінің бүгінгі Бердібегін, Сайынын, Қадырын іздеп жүрміз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, 
«Жас Өркен» ЖШС директоры