Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Ұлттық ұланда әскери кеңес өтті

717 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлттық ұланының басшылық құрамының қатысуымен Әскери кеңес отырысы өтті. Алқалы кеңесте құқықтық тәртіп әскерінің 2017 жылғы қызметтік-жауынгерлік даярлығы қорытындыланды, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Ұлттық ұланда әскери кеңес өтті

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жетекшілік еткен әскери кеңеске Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Владимир Жұмақанов, Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, әскери бөлім командирлері, Әскери институт бастығы мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Басқосуда негізгі баяндаманы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов жасады. Ол өз сөзінде өткен жылдың қызметтік-жауынгерлік әрекеттерді қорытындылап, алда айқындалған жоспар-жобаларды жүзеге асыруда ұландықтар өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындайтынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Р.Жақсылықов еліміздің қоғамдық қауіпсіздігі мен қорғанысын тиімді қамтамасыз ету бойынша әскерді қазіргі және алдағы міндеттерге сәйкестендіру болып табылатын Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған Даму бағдарламасының орындалу барысымен таныстырды. Онда негізгі басымдық тактикалық қимылдар, кәсіби-лауазымдық даярлық пен басқару органдарын жетілдіруге баса мән берілген. Осы орайда биылғы 2018 жыл Ұлттық ұланда кәсіби даярлық жылы болып бекітілгенін мәлімдеді.

Ал өз кезегінде сөз алған Ішкі істер министрі құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің еліміздегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі орны мен жеке құрамның елжандылық рухындағы тәрбиесіне жете көңіл бөлу керектігін айтты.

Отырыста сонымен бірге Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы В.Жұмақанов, Бас әскери прокурор Е.Мерзадинов сөз сөйлеп, ұландық әскердің тыныштықты сақтаудағы қызметінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жиында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының есебі тындалды.

Әскери кеңестің отырысын қорытындылаған Ішкі істер министрі Қ.Қасымов барлық деңгейдегі командирлер мен бастықтарды әскердің жауынгерлік даярлығына, әскери тәртіп пен құқықтың сақталуына назар аударып, алдағы міндеттерді айқындады.