Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Атырауда дренаж жүйесінің құрылысы бойынша ғалымдардың ұсыныстары қабылдануда

379 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Атырау қаласында дренаж жүйесінің құрылысы мәселесі бойынша жиналыс өтті.

Атырауда дренаж жүйесінің құрылысы бойынша ғалымдардың ұсыныстары қабылдануда

Қала көшелеріне дренаж орнату проблемасын талқылауға қазақстандық белгілі ғалымдар мен тәжірибелі мамандар қатысты. Ұлттық ғылым академиясының академигі, 2000 жылдары Атырау облысының әкімі болған Серікбай Дәукеев жеке ғимараттар мен нысандардан шығатын жергілікті жүйелер қосылатын орталықтандырылған магистралды дренаж жүйесін енгізуді ұсынды.

- Сонымен бірге кез келген жол төсеміндегі су магистралды дренаж жүйесіне құйылу үшін барлық автокөлік жолдарына нөсер канализациясын салу керек, - деді академик Серікбай Дәукеев.

Геология-минерология ғылымдарының докторы Малис Абсаметов дренаж суын қаладан шығармай, Атырау қаласының аумағында саябақтары бар бірнеше су қоймаларына бөліп тастауды ұсынды. Кейін ол жерлерді тұрғындардың көктем-жаз мезгілдерінде демалатын орны етуге болады. Ғалымның сөзінше, дренаж суы төгілетін су қоймаларының құрылысы Еуропаның бірнеше елдерінде қолданысқа ие.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев барлық ұсынылған жобаларды тыңдап, облыстың барлық аудандарына жер бедеріне, геологиялық орналасу жағдайына, жер асты суларының деңгейіне қарай жеке тәсіл қолдану керектігін айтты.

-Осы факторлардың бәрі есепке алынып, жақсы ұсыныстар берулеріңіз керек. Біз өз кезегімізде әріптестікке әзірміз, ғылым өкілдері, тәжірибелі маман ретінде осы мәселені шешу жолдарын беріңіздер. Атырау облысы мен облыс орталығы үшін қандай дренаж жүйесі маңызды, ұтымды шешімді таңдауымыз керек, - деді Нұрлан Ноғаев.

Бақытгүл БАБАШ,
"Егемен Қазақстан"