Қазақстан • 20 Қаңтар, 2018

Алматыда балалар психикасын нығайтуға бағытталған конференция өтті

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы өздеріне қол салып, соның 67 мыңға жуығы көз жұмады екен.

Алматыда балалар психикасын нығайтуға бағытталған конференция өтті

Бүгінде бұл бүкіл әлем елдерін дабыл қақтырған ең актуалды мәселенің біріне айналып отыр. Алматыда бас қосқан шетелдік мамандар мен тәжірибелі психиатрлар екі күнге созылған  халықаралық конференцияда осы мәселені шешу жолдарын кеңінен талқылады.

Аталған басқосуды ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), отандық «Bilim Foundation» қоры, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған. Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту мен өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған мұндай ауқымды шара Алматы төрінде  алғаш рет өтіп отыр.

Дүние жүзі бойынша соңғы жылдары жасөспірімдердің ғана емес, жалпы жастардың психикалық денсаулығы мәселелеріне баса назар аударылып келеді. Мамандардың айтуынша, жастарға дер кезінде көмек көрсету үшін мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен бизнес тарапынан арнайы шаралар қажет. Дамыған елдердегі сияқты, дамушы елдерде де жастар осы психикалық дертке ұшырауда. Мәселен, табысы жоғары елдерде 11-15 жас аралығындағы балалардың төрттен бірі күніне екі не одан да көп рет әлсіреу, ашушаңдық, күйгелектену немесе ұйқының болмауы сияқты психологиялық белгілерді бастан өткереді. Егер оларға уақытында көмек көрсетілмесе, бұл белгілер одан бетер асқынып, өмір сүру сапасының төмендеуі мен суицидтік мінез-құлыққа әкеліп соғуы әбден мүмкін.

Ел үкіметі де суицидті қоғамдық денсаулықтың маңызды тақырыбы ретінде мойындап, жағдайды тыңғылықты зерттеуді қолға алған. Ол үшін ЮНИСИФ сияқты әлемдік ұйымдармен бірлесе отырып арнайы бағдарламалар әзірлеу, халықаралық мамандарды,  үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру және психикалық денсаулық саласындағы жергілікті мамандармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Бірлескен жұмыс нәтижесінде кәмелетке толмаған жастар арасында  суицидтің алдын алу бойынша пилоттық жоба әзірленген.  Осының негізінде жасөспірімдер арасында психикалық денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, суицидтің алдын алу бағдарламасы жасалып, еліміздің бірнеше облысында іске асқан. Нәтиже жаман емес. Мамандар жоба басталғалы 12 айдан кейін сауалнамаға қатысқан, суицид туралы ойлап жүрген жастардың 80 пайызы мұндай ойдан тыйылғанын айтады.

Конференция барысында, кезінде жаңсақ ойға жол беріп, кейін бұл орынсыз әрекетінен мүлде бас тартқан жасөспірімдер де өз ойларын ортаға салды. Жобаға қатысушы 16 жасар Мария өзіне қол салмақ болғанын, алайда мектепке жаңа келген психолог маманмен сынып сағаты барысында сырласқаннан кейін  ойы күрт өзгеріп, осы ойы үшін қатты  ұялғанын айтады. «Психологпен болған ашық, әрі шынайы әңгімеден кейін мен үйге келдім және өлетін уақытымды сызып тастадым. Мен өзімді жеңіл сезіндім. Сезімдерім мен отбасымда өзгерістер болды. Бір-бірімізге жақынырақ болып, көбірек көңіл бөле бастадық. Мен қазір кешкі мектепте оқимын және визажист курсын өтіп жүрмін, болашаққа жоспарларым көп» - дейді ол. Жалғыз Мария ғана емес, осындай оймен бетпе-бет келген бірнеше жасөспірім жиынға қатысушылар алдында көңіліндегісін айтып, мамандарға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі заман талабы ерекше. Балаларымыз түрлі сынақтарға тап болып жатыр. Жасөспірімдер психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек. Бірінші кезекте халықтың, қоғамның менталитетін өзгерту керек. Балалар проблемасын ашық айтуды үйрету қажет. Қазіргі кезде психиатрға барыңыз десе, бәрі қорқады, теріс қабылдайды. Бір қуанарлығы Қазақстанда өткен жылдармен салыстырғанда суицид көрсеткіштері төмендеп келе жатыр. Осы бағытта арнайы желі жұмыс істейді. Енді балаларға ұялы телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Өткен жылы 114 баланың өмірін сақтап қалдық. 5000-нан астам психологиялық көмек көрсетілді, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева.

Шет мемлекеттерден келген білікті мамандар да Қазақстанның бұл тұрғыдағы тәжірибесін жоғары бағалады.  Конференциға қатысқан Халықаралық психиатриялық  ассоциацияның президенті Афзал Джавед пен ұйымның белді маманы профессор Владимир Карли әлемдік актуалды проблемамен күресуде Қазақстанның ұстанған бағыты көп елдерге үлгі екенін атап өтті.

– Қазақстан жасөспірімдер психикалық денсаулығын нығайту бойынша жаңа әдістерді енгізу арқылы глобалды деңгейдегі психикалық денсаулық саласына баға жетпес үлес қосты. Біз конференция мен жобаның осындай қызығушылық туғызғанына қуаныштымыз. Маңыздысы, әрбір бала мен жасөспірімге бағытталған әрекеттің зор нәтижеге алып келгені, – дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.

Әлемдік психиатрлар қауымдастығы мен Еуропа психиатрлары қауымдастығы аталған конференцияны балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау мәселелерін осы өңірде және әлемде ілгерілету бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»