Әлем • 20 Қаңтар, 2018

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып жатқан студенттер қатысты

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен Қауіпсіздік Кеңесінің тарихи отырысына «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып жатқан 30-ға жуық қазақстандық студент қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». 

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып жатқан студенттер қатысты

Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия мен АҚШ-тың басқа да қалаларынан келген қазақстандық жастар оқу кестелері бойынша жоспар құрып, БҰҰ-ның аккредетациясынан өткен. Осылайша, студенттер 18 қаңтар күні «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» отырысының қатысушысы болды.

Оңтүстік Калифорния (АҚШ-тың батыс жағалауындағы Лос-Анжелес қаласы) университетінің 2-курсының магистранты Мұғзар Санатұлы тарихи оқиғаның куәгері болу үшін 4 мың шақырымдық қашықтықтағы қаладан арнайы келген.

«Болашақ студенттеріне БҰҰ ҚК-нің тақырыптық дебатына қатысу бойынша бірегей мүмкіндік туды. Мен мұндай дәрежедегі отырысқа бірінші рет қатысып отырмын. Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдердің әрбір өкілі Қазақстан туралы жылы сөйлеп, менің елімді прагматикалық және бейбітшілікке ден қойған мемлекет деп атады. Осындай отырысты тікелей көру ерекше сезімді ұялатады. Бұл шарада бүкіл ғаламдағы антиядролық қозғалысқа Қазақстан өзінің үлесін қоса білді деп есептеймін», - дейді ол.

Еске сала кетсек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде отырыстың «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты тақырыбын Қазақстан ұсынған болатын. Бұл ұсынысты кеңестің барлық мүшелері қолдаған. Дебат барысында жаппай қырып-жоюға арналған қаруларды таратпау жолдары талқыланды. Отырысқа Польша Президенті Анджей Дуда, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және өзгелер қатысты.