Қазақстан • 21 Қаңтар, 2018

Білім басқармасы ауа райы жағдайына байланысты сабақтарды тоқтату қалай қабылданатынын мәлімдеді

857 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қалалық Білім басқармасы ауа райы жағдайына байланысты сабақтарды тоқтату туралы шешім қалай қабылданатынын мәлім етті.

Білім басқармасы ауа райы жағдайына байланысты сабақтарды тоқтату қалай қабылданатынын мәлімдеді

«Күн сайын, таңғы сағат 06.00-де бірінші ауысым үшін (екінші ауысым үшін сағат 12.00-де) жауапты қызметкер «Қазгидромет» РМК-нің кезекшісімен байланысқа шығып, Астанадағы алдағы үш сағатқа арналған нақты ауа температурасы туралы мәліметтерді алады. Алынған мәліметтер басшылыққа жеткізіледі. Басшылық өз кезегінде сабақтардың өткізілмеуін хабарлау немесе оқу процесін еш өзгеріссіз ұйымдастыру жөнінде шешім шығарады. Сабақтардың өткізілмейтіндігі туралы шешім шығарылған жағдайда, жауапты қызмет бұл ақпаратты Астана қалалық ТЖД-ның жедел кезекшісіне, қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының (109 қызметі) операторына, Астана қаласы әкімінің қабылдау бөлмесіне жібереді», - делінген Білім басқармасы Фейсбукте жариялаған инфографикада.

Бұдан кейін, сағат 06.15-тен бастап (екінші ауысым үшін сағат 12.15-тен бастап) ақпарат Астана қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында, Астана қалалық Білім басқармасының Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланады. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарын хабардар ету мақсатында ақпарат мектеп басшылығына, мессенджерлер арқылы бұқаралық ақпарат құралдарына беріледі.

«Сабақ өткізілмейтін күні оқушылар мектепке келген жағдайда білім ордасының басшылығы сабақтың кестеге сәйкес өтуін қамтамасыз етеді  (алайда, бақылау жұмыстары өткізілмейді, пәндер бойынша жаңа тақырыптар түсіндірілмейді). Сабақтар аяқталған соң сынып жетекшілері оқушылардың үйлеріне  ата-анасымен (заңды өкілдерімен) бірге қайтқанына көз жеткізуі керек. Ата-аналарға метеомәліметтерге, интернет-қосымшалар мен ресми емес өзге дереккөздерден алынған ақпараттарға назар аудармауға кеңес беріледі», - делінген инфографикада.

Сабақтардың өткізілмейтіндігі туралы ресми ақпаратты келесі дереккөздерден білуге болады:

1. «109» нөмірі (ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін);
2. Астана қалалық Білім басқармасының интернет-ресурсы (bilim.astana.kz);
3. Астана қалалық Білім басқармасының Фейсбуктегі парақшасы (Facebook.com/bilimastana);
4. Smart Astana қосымшасы.