Аймақтар • 21 Қаңтар, 2018

ОҚО-да биыл «Индустрияландыру картасы» шеңберінде 9 жоба іске қосылады

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында төртінші өнеркәсіптік революцияның талаптарына сай, «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жоғарғы заманауи 9 жоба іске қосылады.

ОҚО-да биыл «Индустрияландыру картасы» шеңберінде 9 жоба іске қосылады

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын қолдауға арналған актив жиналысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдағы басты мақсат – жаңа технологиялық қалыптың барлық артықшылықтарын пайдалана отырып жаңа экономикалық үлгіге өту екенін атап өтті. Қазақстанның үдемелі индустриялды-инновациялық дамуының екінші кезеңінің аясында облыста жалпы құны 1 триллион 300 миллиард теңгені құрайтын 137 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар осы бесжылдықта 18 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өткен жылы Сайрам және Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Ал, Шымкент қаласында кәріздің қалдық суынан биогаз, одан электр қуатын өндіретін кәсіпорын ашылды. Облыстың бірнеше аудандарында күн электр стансалары салынып жатыр. «Президент Жолдауында кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керектігі айтылды. Жолдауда жүктелген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, біз осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсеміз. Себебі, Оңтүтік Қазақстан облысы – күншуақты өлке. Бізде бір жылдағы 365 күннің 300-інде аспан ашық болып, күн нұрын төгіп тұрады. Біз бұл әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, энергетика саласын дамытуға тиіспіз», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы Президент Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын алдағы 5 жылда 2,5 есеге арттыруды тапсырғанын айта келе: «облыста табиғи қазба байлықтардың айтарлықтай мол қоры жоқ. Біздің сүйенеріміз, негізінен осы аграрлық сала. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруға тиіспіз», – деді. Басқосуда әр салаға жауапты басшылар, сарапшылар мен мамандарға Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың нақты жоспарын құру тапсырылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»