Экономика • 22 Қаңтар, 2018

Қой жүнін Қытайға экспорттайды

1329 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айрықша тоқталып, «Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз керек», деген еді. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысында шикізатты қайта өңдеп, оны шетелге экспортқа шығару бағытында жүйелі жұмыстардың қолға алынып жатқанын ерекше атап өтуге болады. 

Қой жүнін Қытайға экспорттайды

Енді біраз жылда облыстағы қой саны еселеп артуы мүмкін. Бұған дейін өңірде қой мен жүннің терісі ешқайда өтпегендіктен босқа рәсуа болып, далаға тасталып келгені белгілі. Бұл өз кезегінде аймақтағы қой санының төмендеуіне де белгілі бір мөлшерде әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтерінен аңғарғанымыз, соңғы жылдар мұғдарында өңірдегі қой саны 5 пайызға кеміпті. Қазір облыстағы қой саны – 1 миллион 800 мың. Хош. Жоғарыда «біраз жылда Шығыс Қазақстандағы қой саны еселеп артуы мүмкін» дедік. Бұлай деп сенімді түрде сөз қозғап отырғанымызға себеп – былтыр Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында жүн өңдеу фабрикасының іске қосылғандығы. Осы істің басы-қасында жүрген «Дерикар» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битенов бұл шаруаны қолға алу оңайға түспегенін айтады. 

 

Былтыр 110 тонна өнім саудаға шығарылды

Фабриканы құру жұмыстары 2012 жылы басталып, тек 2017 жылдың шілде айында аяқталыпты. Қажетті құрылғылардың бәрін Қытайдан сатып әкеліпті. Осы мақсатта банктен 27 миллион, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 25 миллион теңге несие алыпты. «Өзіміз де ел қатарлы мал ұстаймыз. Жүн мен терінің түкке керексіз болып далада жататыны жанға батып жүретін. Абай ауданын жақсы білесіздер, егін, көкөніс жөнді өспейді. Бұл өңір тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал. Малмен күн көріп отыр барлығы. Содан ойлана келе осы істі қолға алуды ұйғарғанбыз. Біраз қиындықтарды да бастан өткердік. Қазір Құдайға шүкір, фабрика жұмыс істеп тұр. Былтыр 200 тонна жүнді жуып, соның 110 тоннасын Қытайға өткіздік. Бұрын қой жүнінің келісін 10-15 теңгеден алмаушы едік. Қазір 70 теңгеден қабылдап жатырмыз. Сұраныс болса бағасын тағы да көтереміз», дейді ол. 

Жұмысын бастағанына көп уақыт болмаған фабрикада тәулігіне 6 тонна жүн жуылады. Есептей беріңіз, 10 күнде – 60 тонна. Бізді қуантқаны, өндіріс орны облыстың шалғай аудандарынан әкелінген қой жүнін 150 теңгеден қабылдайды. Биылдан бастап ешкі жүнінің келісін 1 мың теңгеден сатып алмақ ниетте. Тағы бір атап өтер дүние, «Дерикар» ЖШС қой жүнінен бөлек сиыр (келісі 3 мың теңге), жылқы (200 теңге), қой (50 теңге) терісін қабылдап жатқан көрінеді. Бүгінде фабрикада 32 адам жұмыс істейді. Мұндағы жұмыс процесінің көбі автоматтандырылған. «Абай мал шаруашылығымен шұғыл­данатын аудан болғандықтан ауыл­шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Елбасымыз биылғы Жолдауында осы мәселеге айрық­ша назар аударғаны белгілі. Қарауыл­дағы жүн өңдеу фабрикасы биыл 500-ден 700 тоннаға дейінгі жүнді экс­портқа шығаруды жоспарлап отыр. Көктем шыға жұмысқа кірі­суге дайын. Аудан әкімдігі тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр», дейді Абай ауданы әкімінің орын­ба­сары Марат Еділбаев.

 

Өңірдегі кәсіпорындар арасында бәсекелестік артып келеді

Жүн өнімдерін Қарауылдан 1500 шақырым Алматы облысы ау­мағындағы Қорғас кеден бе­кеті арқылы өткізіп жүрген Тасболат Битенов алдағы уақытта 400 ша­қырым жердегі Үржар ауданы Бақ­ты кеден бекеті арқылы саудаға шы­ғарсам деп армандайды. «Қы­таймен келісімшартымыз бар. Олар­дың сұрап отырғаны – 3 мың тонна. Қазір жуатын жүн жоқ болған­нан кейін фабрика уақытша тоқтап тұр. Жазғы қырықтық маусымын тағатсыздана күтіп отырмыз. Мамыр айынан бастап жүн жинаймыз. Жүн өңдеу дегеніңіз оңай шаруа емес. Әуелі жүнді жинап аламыз, ірік­тейміз, сұрыптаймыз. Түтеміз, жуамыз. Кептіреміз. Кептіргеннен кейін ол престеледі. Егер жүн қоры жет­кілікті болса, біз қысы-жазы жұмыс істеуге дайынбыз», дейді фабрика басшысы.

Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы мамандары өңірде талай уақыттан бері тұралап қалған жаңа өндірістің одан әрі жандануына ықылас танытып, барынша қолдау білдіріп отырғандарын айтады. Басқарма басшысы Асқар Жакупбаев бүгінде облыс аумағында жүн өңдеумен тек екі мекеме ғана айналысып отырғанын, оның бірі Семейдегі «Роза» ЖШС екен­дігін, бір қызығы, бұрын жүн­нің келісін 40 теңгеден қабыл­даған бұл шағын фабрика «Дерикар» жұмысын баста­ғаннан кейін бағаны 70 тең­геге дейін көтергенін тілге тиек етті. «Бұл дегеніңіз жақсы­лық­тың нышаны емес пе?

Өңір­дегі кәсіпорындар арасында бәсе­ке­лестік болса, өнім сапасы да жоғарылайды. Ауыл тұрғын­дарының ақ адал еңбегі ақта­лады, төккен тері далаға кетпейді. Ал енді Қарауылдағы «Дерикар» ЖШС-іне келсек, бұл тоқ­тап қалған жоба болатын. Көп дүние менеджментке байланысты ғой. Тасболат Битенов ерінбей-жалықпай Қы­тайға барып, Абайға арнайы технолог маманды ертіп келді. Нәтижесінде, фабрика жұмысы жанданып, іс ілге­рі басты. Фабрика былтыр жүнді жаман өткізген жоқ. Әзір­ге Алматы облысы арқылы сау­­­даға шығарып жатыр. Ал­дағы уақытта өзіміздің облыс арқылы Қытайға тікелей шы­­ғартуға тырысамыз. Жоба басқармасына «Дерикарды» да енгіземіз. Қазір біз аудан­дардың бәріне айтып жатырмыз. Амандық болса, биыл облыста қырқылатын қой жүнінің барлығы осы фабрикаға өткі­зіледі деп ойлаймыз», дейді басқарма басшысы.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы