Парламент • 22 Қаңтар, 2018

Заман талабына сай болу – басты мақсат

673 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаңғырудың негізі болып табылатын адам капиталына баса назар аударды.

Заман талабына сай болу – басты мақсат

Адам капиталын дамыту және ұлт әлеуетін арттыру үшін сапалы білім мен денсаулық сақтау ғана емес, мәдениет және идеология саласын одан әрі дамыту шаралары да бірге жүруі тиіс. Осыған байланысты мемлекет пен конфессиялар арасындағы қатынастарды жетілдіруге назар аударғым келеді. Мәдениетті дамыту, толеранттылық, бейбіт­шілік пен келісім идеологиясын бекемдеуде діндер мемлекет­ке кедергі келтірмей, көмектескені жөн. Сондықтан дін саласындағы кез келген бүлдіргіш әрекеттен қорғауды қамтамасыз ету үшін жыл басында Үкімет «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламентке жолдаған болатын. Заң жобасы мемлекет пен конфессияаралық қатынастар саласындағы заңнаманы жетіл­діруге кешенді жұмыстарды жүзе­ге асыруды көздейді. 

Қазіргі кезде дін халықтардың рухани құндылықтары мен мәдени кодын сақтауға жәрдемдесуде маңызды рөл атқарады. Сонымен бір уақытта адамның алдыңғы қатардағы білімді меңгеруге, өз халқының тарихын зерделеуге және мәдениетті дамытуға ұмтылысына қарсылық білдірмейді. Президент Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында «Өзінің тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, сондай-ақ зама­ны­на лайық, шет тілдерін мең­герген, озық әрі жаһандық көзқа­расы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген болатын. Сондықтан білімді және осы заманның кө­шіне ілескен әрбір қазақстандық белгіленген санатқа барынша жақындауға тиіс деп ойлаймын.

Сергей ЕРШОВ,
Парламент Сенатының депутаты