Білім • 22 Қаңтар, 2018

Географияны құртқысы келгендер геосаясаттан жұрдай сияқты

702 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда ғана «Егеменде» педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарованың 8-сыныпта оқытылып келген «Қазақстанның физикалық географиясы» мен 9-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндері жаңартылған мазмұндағы бағдарлама бойынша 2018-2019 оқу жылынан бас­тап алынып қалғанына өкініш білдірген мақаласы жарияланған еді («Қазақстан географиясы» пәні оқытылмай ма?», «ЕҚ», 17.01.2018 ж). Бұл қалай деп Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке хат жазса, 8 және 9-сыныптарда оқытылып келе жатқан осы пәндерді «ешуақытта жеке пән ретінде оқытылмаған» деген жауап алып, автор тіпті айран-асыр болғанын айтады. «Яғни министрлік қызметкерлері жалпы орта білім беретін мектептерде қандай пәндер оқытылып жатқанынан бейхабар болып шықты» деп ой түйген еді ол.

Географияны құртқысы келгендер геосаясаттан жұрдай сияқты

Нақ осы мәселені Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда депутат былай дейді: «Қазақстан Республикасы Үкіметі оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу жө­нінде № 1080 қаулысын шығарды. Алайда БҒМ тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты бұрма­лаушылықтардың кейде көрініс таба­тыны жасырын емес. Мәжіліс депутаттары өңірлерге іссапармен барғанда ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайттық. Олар кезең-кезеңмен енгізілетін өзгерістер қата­рында елі­міздің елін, жерін, суларын танытатын «Қазақстан географиясының» жеке пән ретінде алынып қалатынына наразылық білдіруде. 

Дүние жүзіндегі барлық ел өзде­рінің тәуелсіз­дігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқы­тады. Жер беде­рі бойынша ең кіш­кентай мемлекет­тердің өзі бұл тізім­нің алдында. Айталық Израиль мем­лекеті төл гео­графиясын екі жыл оқыт­са, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері үш жылға жоспарлайды екен. 

Бізде Қазақстан географиясы 1993 жылдан бас­тап мектеп қабырғасында оқытылып келді. Енді аптасына әу­пірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әр­бір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қа­зақстанның киелі жер­лері­нің географиясы» жобасы керек» деген еді. Сол талапты министрліктің тәрк етіп отырғаны емес пе бұл? 

«Білім саласында алдымен стандарт бекітіледі, сосын бағдарлама жасалады, кейін барып оқулық даярланады. Ал қазіргі жағдай қан­дай?

Стандартты аттап өтіп, тіпті бағдарламаға дес бермей, алдымен оқулық даярлауға нұсқау беріледі. Сөзімізге дәлел, биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атау­мен жаңа оқулық енгізілген. Ал «Қазақстан географиясы» жоқ. Бұл оқу­лық­тың еліміздің төл географиясын на­сихаттауға қаншалықты қыз­мет ете­­тіні күмән тудырады» дей келіп, де­­­­путат министр Е.Сағадиевтің өзі «бұ­­қа­ралық ақпарат құралдары бет­те­ріне берген мәлімдемесінде атал­мыш мә­­се­леден бейхабарлығын танытқан» дейді.

Сөзінің қорытындысында Б.Ха­менова Премьер-­Министр­дің орынбасарына: «Біздің бас­ты­ мақсатымыз – болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтай­дың, Алатау мен Көкшетаудың арасын жалғап жатқан кең-байтақ даланың қасиетін ұлттық мұратта түсіндіру. Қазақ елінің аумағы мен шекарасын «Қазақстан географиясында» оқыту маңызды. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі шығарған оқу бағ­дарламаларын қайта қарауды ұсы­намыз. «Қазақстан география­сы» пәні оқу бағдарламасында сақ­талуы тиіс. Бүгінге дейін осы салада ізденіп, айтарлықтай зерттеу жұмыс­тарын жүргізген, қажетті оқу­­­лықтар шығарған ғалымдардың жұмысы да ескерілуі қажет. Және жаңа оқу бағдарламасы бо­йынша жаңа оқулықтар шығару қажет дегенді желеу етіп, бюджет қаражатын таласқа түсірмей, бар әдебиеттерді пайдалануымыз керек. Өз тарихы мен өз жерінің қасиетін ұрпаққа ұғындыру – біздің парызымыз» деген.

Әрине туған елінің географиясын білмеген ұрпақ геосаясаттан да хабарсыз болары хақ. Кей-кейде кездесіп қалатын Қазақстанның 14 облысының атауын да айта алмайтындар географиядан ұшқары білім алғандар. Ондайлар қазақстандық жер-суларды да айыра алмай, саяси картада да бағдар таба алмай жатады. Ал білімді ұрпақ өз елінің картасын, жер бедерін, атауларын көзін жұмып айта білуі керек. Мұны оқытатын, әрине, жалпы география емес, Қазақстанның физикалық, экономикалық география­сы екені даусыз. Сондай пәндерді жоққа шығаруға тырысушылардың не ойлайтыны түсініксіз. 

Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар