22 Қаңтар, 2018

Экзотикалық жәндіктер әлемі

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экзотикалық жәндіктер мен жануарларды көргіңіз келсе, Глубокое ауданының орталы­ғын­дағы Балалар шығар­машылық үйіндегі «Биоорталыққа» қарай тартыңыз. 38 түрлі жән­дік пен жануар мекен ететін орта­лықтың ашылуына Өске­мен­дегі С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекет­тік университеті биология факуль­тетінің түлегі Тілек Дәлетбеков түрткі болыпты. «Өзім Марқакөл өңірінің тумасы болғандықтан табиғатты ерекше жақсы көремін.

Экзотикалық жәндіктер әлемі

Кішкентайымнан жан-жануарлардың тіршілігі, сан алуан өсімдіктердің әдемілігі қызық­тыратын. Олармен адамша сөй­лесіп, тілдесетін едім. Бүгін­де бұл іс менің кәсібіме айналды. XХІ ғасыр – техниканың, компью­тердің ғасыры ғой. Жас­тар­дың дені бос уақыты бола қал­са ғалам­тордан көз алмайды. Бұл орталықты ашудағы негізгі мақсатым да балалардың ойын басқа жаққа бұру, табиғатпен етене жақын болып өсуіне жағдай жасау еді», дейді жас биолог.

Тілектің айтуынша, 2013 жылы жұмысын бастаған орталықтағы жануарлар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бүгінде мұндағы құстардың саны 13-ке, бауырымен жорғалаушылар мен кемір­гіштердің саны онға жетіп жығы­лыпты. Экзотикалық өрмекшінің саны – 35. Тілек мұндағы әрбір тіршілік иесінің мінезін, көңіл күйін өте жақсы біледі. Осындағы жәндіктер мен жануарлардың әрқайсысы туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Мәселен, мына бір игуана дейтін кесіртке негізінде Оңтүстік Америкада тіршілік етеді екен. Қазір шамамен екі жас­та. Бұл тіршілік иесі үш метрге дейін өсетін көрінеді. «Оларды отанында динозаврдың ұрпақ­тары деп айтады», дейді Тілек. Ал аустралиялық «сақалды агама» деп аталатын кесірткенің тұрқы әзірге кішілеу болғанымен, оның да ұзындығы өсе келе 60 сантиметрге дейін жетеді.

Орталық жетекшісі 2016 жылға дейін Белоусовка кентіндегі №1 мектепте оқушыларға биология пәнінен сабақ беріпті. Бірақ кейін бүкіл уақытын тек осы үйір­меге ғана арнауды жөн деп ұй­ғарыпты. Өйткені «Биоор­талық­тағы» жәндіктер мен жан­уар­­лардың қатары көбейген са­йын оларға қарайтын уақыт керек. «Мұндағы тіршілік иелерінің барлығы бала секілді. Ерекше күтімге, жылулыққа мұқтаж. Өз жұмысымды жақсы көргендіктен, орталыққа сенбі, жексенбі күндері де келемін. Оқушыларым да демалыс күндері келеді. Оларға күнде бір қызықты мәлімет айтып, пайдалы ақпарат беруге тырысамын. Балалар өрмекшілерді, хамелеондарды көріп, ұстағысы келеді. Менімен бірге тамақ беріп, олардың әрекетін қызыға бақы­лайды. Сондай сәттерде мен өзім­нің ұстаздық арманыма қол жеткіз­гендей сезімде боламын. Бала­лар­дың қызығушылығы бар, демек ең­бегімнің зая кетпегені», дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан
»

Шығыс Қазақстан облысы, 
Глубокое ауданы

Суреттерді түсірген
Тілеубек ШАЯХМЕТ