Қазақстан • 22 Қаңтар, 2018

Аяз ақырып тұр (фото)

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ай Үркерге қарсы қарағалы күн қабағы қатулы. Ақ жамылғыға оранған даланы кәріне мінген аяз қариды. Үркердің ең шырқаған кезі. Сырма боран кезген сар далада сары аяз сақылдап күлгендей... Жер-дүниені тоңға айналдырған алапатына сүйсінген сары аяз сақылдап күлмегенде кім күледі?! «Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны» деген осы болар, бәлкім.

Аяз ақырып тұр (фото)

Сібірден келді ме, тайгада туа сала аласұрып жетті ме, әйтеуір, Алтайдың қойны-қонышы да, Арқаның ашық-шашық қолаты да, солтүстіктегі қалың ну да бұл шіркінге айла-амалсыз, тіпті Жетісудың желкесінен де ызғар соғып, жарты Қазақстан қатты аязға қалшылдап-ақ тұр. Айтқандай, бұл Солтүстік мұзды мұхиттың жағасында дүниеге келген аяз екен. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, мұз құрсаулы мұхиттың шетіндегі Карск теңізінде пайда болған антициклон қанатын кеңге жайып, ауқымды әрі ашулы күйінде еліміздің оңтүстік-шығысын бетке алып, бетті қарып келеді. Арктикалық ағысты қазірдің өзінде солтүстік, күншығыс һәм орталық өңірлердің тұрғындары сезініп үлгерді. Алдағы үш тәулікте ақырын жылжып оңтүстіктегі жұртқа да жетпек. Атой сала келген аяз теріскейде түн баласында 40-45 градусқа дейін жетсе, оңтүстікте 28-33 градусқа дейін төмендемек. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында 26 қаңтарға дейін қатты аязға байланысты дауыл болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Алматы облысы да әдеттегіден 18 градусқа дейін төмен ауа райында абайлауды айтып жатыр. Бірқатар өңірдегі мектептерде сабақ тоқтатылды. «Астана LRT» ЖШС хабарлауынша, елорда маңайындағы ауылдарда қоғамдық көліктер де жүре алмай қалғанға ұқсайды. Тіпті Өскеменде дала тағылары қала көшелеріне кіріп кеткенін хабарлап жатыр.

Әрине, қыс қыстығын қылмаса, жаз жаздығын қылмайды. Әр құбылыстың қайыры бар. Тек «жілігін шақпай майын ішер» қырау қабақ қыста қырға қонған ағайынды да ойлайсыз. Әйтпесе, сақылдаған сары аязда сары қамысты қыстап отырғандай жылы жерде жан баққан қалалықтарға жеңіл ғой. Малы бағулы, оты жағулы. Тек коммуналдық қызметте мін болмауын тілеңіз. «Қызылды қыстың күні шұнақ қатқан, аязда түкірігің түспей қатқан, жабулап Самарқанның жібегімен, жабылы жануарды солай баққан», деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, жануар бағып отырған жұртқа Жаратқан жылу, шыдам, қуат берсін дейміз. Әйтпесе, қоғамдық көліктер мен сабақтың тоқтағаны не тәйірі!..

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»